Қорғаныс министрлігі отандық "Арлан", "Барыс" әскери техникасын өндіруші компанияны тағы айыптап отыр, деп хабарлайды Turkistan Today.
Ресей тарапы "арнайы әскери операциядағы жеңіске үлес қосқаны үшін" қазақстандық кәсіпкерге алғыс білдірді.
Ресейлік әлеуметтік желіде Қазақстан бизнесмені Айбек Барысовтың шешендік "Ахмат" арнайы мақсаттағы жасағының жауынгерлеріне "Арлан" бронетранспортерларын жеткізу арқылы "СВО-дағы жеңіске сүбелі үлес" қосқаны туралы ақпарат тарап жатыр. Бизнесменнің өзі мұны жоққа шығарды.
Алғыс айтушылар қатарында соғыстың идеологтарының, пропагандисінің бірі, "Армагедоныч" лақап атымен белгілі ресейлік шығыстанушы ғалым Евгений Сатановский бар.
"Айбек Барысов мырзаға "арнайы әскери операциядағы" жеңіске орасан зор үлес қосқаны үшін орасан зор алғыс айтқымыз келеді. Бүгінде барлық бизнесмендер мен әлемдік лидерлер бізден теріс айналды. Бірақ есімдерін үлкен әріппен жазуға лайықты адамдар ғана осындай мезетте дұрыс істі қолдауға қабілетті. "Ахмат" жауынгерлері бронетранспортерларыңызды алды және шын жүректен сізге риза", – деп жазды ол өз телеграм-арнасында.
Алайда бизнесменнің өзі бұл сүбелі үлесін мойындамай отыр. А.Барысовтың сендіруінше, "Казахстан Парамаунт Инжиниринг" (КПИ) компаниясының Ресей–Украина қарулы қақтығысына еш қатысы жоқ.
Отандық қорғаныс техникасын өндірушінің мәлімдеуінше, компания брондалған көлігін Ресейдің ішкі әскері саналатын "Росгвардияға" 2019 жылы сынақ жүргізу үшін жалғыз рет жеткізіпті. Оның өзінде оған қару-жарақ орнатылмаған көрінеді. Яғни базалық комплектацияда берілген.
"Ресми мәлімдеймін: “Казахстан Парамаунт Инжиниринг” (КПИ) ЖШС “Арлан” бронетранспонтерларын және басқа да әскери техниканы СВО басталған соң Ресейге жеткізген емес. Ол ол ма, СВО басталған соң, немесе "таяуда" КПИ басшылығымен де, тікелей менімен де қандай да бір келіссөздер жүргізілген емес", – деді Айбек Барысов.
Айтпақшы, бұл ретте ресейлік ақпарат құралдары тағы да майдан даласында тұрған қазақстандық бронетранспортердың суретін жариялады. Сонда "Арлан" қалай ол жақтан бір-ақ шыққан?
Бизнесменнің жорамалдауынша, әскери іс-қимылдар аймағынан түсірілген фотодағы "Арлан" БТР-ы соғыс басталғанға дейін үш жыл бұрын, 2019 жылы "Росгвардияға" жеткізілген техника болса керек.
"Базалық комплектациядағы, яғни қару-жарағынсыз "Арланның" бір данасы сынақтан өтуі үшін Ресейге апарылды. Содан бері "Росгвардиямен" ешқандай контрактілік ынтымақтастығымыз жоқ. Оның үстіне қазіргі кезде Қазақстаннан қару мен әскери техниканы экспорттауға мемлекеттік тыйым күшінде тұр. Осыған байланысты "Казахстан Парамаунт Инжиниринг" зауыты қандай да бір қолданыстағы экспорттық контрактілерге ие емес", – деді Айбек Барысов.
Бұл тыйымның мерзімі таяуда аяқталды. Оны ары қарай ұзарту туралы Үкімет пен комиссияның шешім қабылдағаны жайында еш хабар жарияланбады. Бірақ білуімізше, отандық өндірушілерге қару мен әскери техниканы экспорттауға әзірге рұқсат беріліп отырған жоқ.
2022 жылғы 27 тамызда Қазақстанның әскери өнім экспортын бір жылға тоқтата тұруға шешім қабылдағаны мәлім болды. Премьер Әлихан Смайылов өткізген Қорғаныс өнеркәсібі мәселелері жөніндегі комиссия отырысында қатысушылар "Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қару-жарақ, әскери техника және әскери мақсаттағы өнім экспортын 2023 жылдың тамызының соңына дейін тоқтата тұру туралы ұсынысын" қарады. Комиссия мүшелері бұл ұсынысты қолдады.
Комиссияның былтырғы жиында қазақстандық қаруды шетелге сатуға лицензиялары бар компанияларға тексеру жүргізу тапсырылған. Бірақ оның нәтижесі не болғанын Үкімет журналистерге хабарламады.
Сонымен бірге бірқатар сарапшы Астананың бұл тосын шешіміне, яғни жаһандық қару саудасы нарығынан бір жылға өз еркімен шеттеп қалуына Ресейден тараған ақпарат ықпал етті деген пікір білдірді. Себебі, 2022 жылдың 17 наурызында, яғни РФ әскері Киев облысында, Бучада, Ирпенде және басқасында қырғын жасап жатқанда, Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров Мариуполь қаласын шабуылдаған оккупанттарға қызмет еткен "Арлан" бронды техникасы түсірілген видеороликті жариялады. Бұдан бұрын қазақстандық БТР шешенстандық арнайы мақсаттағы жасағының 2021 жылғы 13 қазанда түсірілген ресми проморолигінде бой көрсетті. Содан кейін 2022 жылғы сәуірде қанға бөккен, қираған Мариуполдің көшесінде түсірілді делінген "Арлан" көлігінің фотосы да тарады.
Айбек Барысов – "Казахстан Парамаунт Инжиниринг" компаниясының негізін қалаушы. Қорғаныс өнеркәсібі кешенінің кәсіпорындары қауымдастығының басқарма төрағасы. Өзінің айтуынша, КПИ "әлемдегі кез келген мемлекеттің сұранысын өтеп бере алады". Өйткені "жеңіл құраcтырылған жауынгерлік көліктен доңғалақты танкке дейін шығарады". Кәсіпорын өз өнімі арасында "Алан-1", "Алан-2", "Номад", "Арлан", "Барыс 6х6", "Барыс 8х8" әскери техникасын атады.
А.Барысов биылғы 2023 жылы Парламент Мәжілісінің сайлауында кандидат болып, Алматыдағы №5 бір мандатты округі бойынша додаға түсті. Бірақ өзін-өзі ұсынушы Бақытжан Базарбекке ұтылып қалды.
Негізі, Украинадағы соғыс және Киевтің батыстық серіктестеріне қатты тәуелділігі жергілікті қару мен техника өндірісін қолдаудың маңыздылығын паш етті. Осы орайда бір апта бұрын өткен "Батыл тойтарыс-2023" стратегиялық командалық-штабтық әскери оқу-жаттығу жиынында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық армияны жоғары технологиялық қару-жарақпен және сапалы әскери техникамен жарақтандыру, оқ-дәрілермен толықтай қамтамасыз ету міндетін қойды. Бұдан бұрын, биылғы жолдауында Мемлекет басшысы "жергілікті өнімнің үлесі жоғары өндіріс циклін құруды" тапсырды.
Тоқаевтың байламынша, бронды техника, дрондар, заманауи атыс қарулары – бәрін өзімізде шығара аламыз. Алайда Қорғаныс министрлігі мен отандық өндіруші арасындағы тайталас жалғасуда. Бұл дауға блогерлер белсенді араласып жүр.
"Президент "Батыл тойтарыс-2023" стратегиялық командалық-штабтық әскери оқу-жаттығу жиынында жергілікті өнімнің үлесі жоғары өндіріс циклін құруды жүктеді. Шенеуніктер осы міндетті түсінуі үшін Президент тағы қалай айтуы, не деуі керек? Ең бастысы, заманауи бронды техника өндірісін жаңадан ойлап табудың қажеті жоқ. Айбек Барысовтың ультразаманауи өндірісі бар! Барлығы осында, үйде. Ал да, қарулан! Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, назар аударуларыңызды сұраймын", – деп қыр көрсете жазды блогер Ғалым Байтоқ Фейсбук парақшасында.
Бұған Қорғаныс министрлігі ресми жауап қайырды. Ол КПИ компаниясының өнімі тіпті де "ультразаманауи" еместігін айтып, кемшіліктерін бетіне басты. Сондай-ақ КПИ-ді мемлекеттік қорғаныс тапсырысын бұзып отырғанына айыптады.
"Әлеуметтік желілер мен БАҚ-та отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің айналасындағы жағдай туралы түрлі арандатушылық сөздер мен алыпсатарлықтар жиілеп кетті. Жоғарғы бас қолбасшының тапсырмаларына сәйкес, қазіргі заманғы жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізу талаптарына сәйкес келетін қару-жарақ пен әскери техниканың жоғары технологиялық үлгілерін жоспарлы сатып алу жүзеге асырылуда. Қорғаныс министрлігі берілген тактикалық-техникалық талаптарға сай болған жағдайда армияны отандық қару-жарақ және әскери техникамен жабдықтауға мүдделі. Қорғаныс ведомствосы қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарымен белсенді өзара іс-қимыл жасайды және оларға қолдау көрсетіп келеді", – деп мәлім етті қорғаныс ведомствосы.
Меморган 2017 жылы "КПИ" ЖШС-мен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғанын еске салды. КПИ зауыты 2015 жылы салынған, "Арландарды" алғашқы жеткізу 2016 жылы жүзеге асырылған. Меморандум 2030 жылға дейін 274 бірлік "Арлан" және 106 бірлік "Барыс" беренді дөңгелекті машиналарын сатып алуды көздейді.
Алайда министрліктің түсіндіруінше, сатып алу "жауынгерлік техника әскери сынақтардан өткеннен кейін ғана" іске асырылады. Ал "Барыс" беренді машинасы қазіргі уақытқа дейін тәжірибелі әскери сынақтан өтпепті: "зауыт кемшіліктерді жоюмен айналысып жатыр".
Бүгінде Қарулы күштерде 138 "Арлан" көп мақсатты беренді машинасы бар: 110 бірлігі – жауынгерлік модульмен және 28-і – жауынгерлік модульсіз. 2022–2023 жылдары тағы да 20 "Арлан" машинасын сатып алу жоспарланды: жауынгерлік модульмен 18 бірлік және жауынгерлік модульсіз 2 бірлік. 2023 жылдың соңына дейін Қарулы күштерде жалпы саны 158 бірлік "Арлан" болады: 128 бірлігі жауынгерлік модульмен және 30-ы – жауынгерлік модульсіз.
"Бірақ 2022 жылы қорғаныс тапсырысын орындау кезінде "КПИ" 10 дана "Арлан" КБМ-ға бекітілген рәсімге сәйкес қызметке қабылданбаған "WSE" жаңа үлгісіндегі жауынгерлік модулін орнатты. Осылайша, "КПИ" мемлекеттік қорғаныс тапсырысының орындалуын бұзып отыр. Өйткені Қарулы күштер аталған 10 КБМ-ді қабылдау актісіне қол қоймаған. Демонстрациялық сынақтар жүргізілді. 11 қыркүйектен бастап аталған жауынгерлік модульді әртүрлі климаттық жағдайларда 2023 жылдың соңына дейін тәжірибелік әскери пайдалану жоспарланған. Сол себепті 2023 жылы "WSE" жауынгерлік модульдерін орнату көзделген 18 "Арлан" КБМ-ын жеткізу шартының да бұзылу қаупі туындады", – деп түсініктеме берді Қорғаныс министрлігі.
Былтырғы және биылғы тапсырыстар орындалмаған, соған қарамастан отандық өндірушімен алдағы жылдарға ынтымақтастық бекітіліпті.
"2024–2025 жылдарға "Арлан" КБМ-нің 15 бірлігін (жауынгерлік модульсіз) сатып алу жоспарланған. КПИ барлық талаптарды орындаған жағдайда, 2025 жылдың соңына дейін Қарулы күштерде "Арлан" КБМ-ның 173 бірлігі болмақ. Меморандумның заңды күші болмағанына қарамастан, Қорғаныс министрлігі 8 жыл ішінде келісілген саннан 60%-дан артық "Арлан" сатып алғанын айта кету керек. Бірде-бір отандық, немесе шетелдік кәсіпорыннан сонша техника сатып алынған жоқ", – деп назар аудартты министрлік мамандары.
Яғни, ведомство ұстанымынша, КПИ-дің және оның шашбауын көтерген блогерлер мен қоғамдық пікір көшбасшыларының шағымы негізсіз.
Мысалы, компанияның қолдаушылары Қорғаныс министрлігін түріктің "Otokar" компаниясы шығарған техниканы сатып алуға ниет білдіргені үшін сынауда. Олардың пікірінше, "КПИ" ЖШС шығаратын "Барыс" БТР 8х8 түріктің ARMA 8х8 бронды көлігінен еш кем түспейді, әрі құны да 40%-ға арзан. Министрлік болса, "тең емес" деп табандап отыр.
"Біріншіден, "Барыс" БКМ "Арма" сияқты суда жүзе алмайды. Екіншіден, "Барыстың" жауынгерлік модулі 30 миллиметрлік зеңбірекпен ғана жабдықталған. Ал "Армада" 100 және 30 миллиметрлік зеңбіректер орнатылған және танкке қарсы қолданатын зымыран кешенінде 5 шақырымға дейінгі қашықтыққа ату мүмкіндігі бар. Оның ату мүмкіндігін едәуір жоғары. Үшіншіден, "Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныс тапсырысы туралы" заңына сәйкес Қорғаныс министрлігі тек тапсырысты алушы болып табылады. Ал қорғаныс-өнеркәсіп кешені және мемлекеттік қорғаныс тапсырысы, соның ішінде баға белгілеу саласындағы уәкілетті орган ретінде жаңа Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Мемлекеттік қорғаныс тапсырысы комитеті айқындалған", – деп түсіндірді қорғаныс ведомствосы.
Оның дерегінше, "КПИ" ЖШС өндіретін машиналардың ешқайсысы су кедергілерін жүзіп өтуге, жаудың брондалған нысандарымен ұзақ қашықтықта ұрысуға және таулы жерлерде әрекет етуге қабілетті емес.
Бронды машиналардың жүрісін және атыс мүмкіндіктерін сынау, өзара жарыстыру мақсатында Қорғаныс министрлігі биылғы 21–25 тамызда әскери оқу-жаттығу полигондарында отандық және шетелдік өндірістегі брондалған дөңгелекті техниканың демонстрациялық көрсетілімін, яғни тест-драйвын ұйымдастырыпты. Оған "Отокар" түрік компаниясы "Арма" 8х8 БКМ-ын жолдаған. Ал отандық "ҚПИ" компаниясы қатысудан бас тартыпты. Ондағы себебі: ЖШС бұған дейін "Барыс" БКМ-нің жауынгерлік мүмкіндіктерін бірнеше рет көрсетті, әрі "орнатылған қару-жарақ тозды, салдарынан бұл оның жауынгерлік мүмкіндіктерін толық ауқымды көрсетуге мүмкіндік бермейді".
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.