Тәуелсіздік – хандық кезеңнен қалыптасқан қасиетті ұғым. Сол заманда халқымыздың рухани, мәдени, шаруашылық типінің іргесі қаланды. Бұл туралы әлеуметтік желідегі «Nur Otan» партиясы Түркістан қалалық филиалының ресми парақшасындағы тікелей эфирде тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Хазретәлі айтты, деп хабарлайды Turkistan Today.
Ол қазақ хандығынан кейін ұлтымыз отарлық, тоталитарлық кезеңдерді бастан өткергенін, сондай-ақ оның қазақ қоғамына тигізген әсеріне тоқталды.
«Қазақ хандығынан кейінгі кезеңдерде қазақ халқы саяси билігінен айрылып қалды. Салдарынан жерімізде түрлі модернизациялық процестер жүрді. Бұл өзгерістер тіліміздегі, дініміздегі, менталитетіміздегі даму жолын басқа бағытқа бұрып жіберген факторларға алып келді. Қазақ халқының дәстүрлі қоғамы ХХ ғасырдың 20-30 жылдары аяқталды деп айтамыз. Осы жылдары Қазақстанға индустрияландыру дәуірі келді. Екінші жағынан патшалық және кеңес одағы кезеңінде ұлтымыздың тарихи санасы деформацияға ұшырады. Яғни, қазақ құлдық психологияға тәрбиеленді», – деді Х.Тұрсын.
Тарих ғылымдарының докторы жоғарыда айтылған тарихи оқиғалардан кейін Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тарихшыларымызда кеңес одағына байланысты өткен тарихтың барлығын теріске шығару немесе қара күйе жағып жазу деген сияқты тенденция пайда болғанын айтты. Қаласақ та, қаламасақ та, біздің тарих әлемдік тарихтың құрамдас бөлігі екенін түсіндірді. Профессордың пікірінше, бұл мәселені шешудің жолы басқа еді және бұл жолды Елбасы Н.Ә.Назарбаев дөп тапты.
«Кеңес одағының ыдырауына ықпал еткен қайта құру кезеңі осы мәселелердің барлығын ой елегінен өткізуге, сараптауға мүмкіндік берді. Тәуелсіздік алғаннан кейін бізге жаңа заманға лайық көшбасшы керек болды. Сосын түрлі қызметтерде әбден шыңдалған Н.Ә.Назарбаев тарих сахнасына келіп, қазақ мемлекетінің тізгінін қолына алды. Еліміздің Тәуелсіздігін айтқанда оған Елбасының атын байланыстыратынымыз осыдан. Ол түрлі реформаларға бастамашыл болды. Ғалымдардың араласуымен бұрынғы КПСС, КСРО тарихының орнына «Қазақстан тарихы» деген пән келді. Сондай-ақ Ұлттық тарих, Саяси қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу жылдары өтті. Міне, осылардан кейін мәселе айқындала түсті», – Т.Хазретәлі.
Профессор сөзінің соңында 2000 жылы Түркістан қаласының 1500 жылдығы өткізілуі, ұлтымыздың біртуар тұлғаларын еске алу да тарихымызды түгендеу деп түйіндеді.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.