Бүгінгі таңдағы өзекті мәселенің біріне айналған, ол Кореяға барып, батпан құйрыққа бату. Кімді кезіктірсең де, күнкөріс қамымен Кореяға кетіпті-мыс. Осының анық-қанығына жету үшін Кореяға табыс табуға кеткен Мұратпен сұхбаттасуды жөн көрдік
-Сіздің Кореяға кетудегі мақсатыңыз қандай?
-Негізі мақсатым, отбасымды асырап, несиелерімді жабу. Өзім өмірімде шетелге шығып көрмеген жанмын. Өзге тілді білмеймін. Досымның ағасының шақыртуымен келген жайым бар. Екі жұмыс істеп, айлығым шайлыққа жетпей қиналған соң, осында келіп жұмыс жасауға бел будым.
-Жасырын болмаса айлығыңыз қанша? Қандай жұмыс істейсіз?
-Айлығым 700 мың теңге. Зауытта істеймін. Негізгі жұмысым күнмен жылытатын құрылғыларды өңдеп шығару. Әр істің қиыншылығы бар. Бірақ жұмыс істеуге келген соң, түк те қиын емес. Сегіз сағаттық жұмыс. Кешкі уақытқа қалып істесең, бағасы да қымбат болады. Бірақ олай шаршайсың. Ертең де күн бар.
-Кореяда қазақтарға деген көзқарас қандай?
-"Ұлттың жаманы болмайды, адамның жаманы болады", демекші әзірге пәлендей жаманшылығын көрген жоқпын. Оның үстіне біз жұмыс істейтін зауытта қазақтар өте көп. Өзге елде жүрген соң, әдептілік танытқан дұрыс. Біздің кәріс халқынан үйренеріміз өте көп, соны ұқтым. Жұмыс десе жанын беруге дайын. Өте еңбекқор халық. Өте салмақты, әрі биязы.
-Жалпы ол жақта кездесетін қиыншылықтар туралы айта кетсеңіз?
-Жұмыс жасап жатқаныма бір жыл болады. Өз басымнан анау айтқан қиындық өткен жоқ. Себебі мен осында бұрыннан істеп келе жатқан жақсы таныс арқылы келдім. Ол әрі кәріс тілін біледі, құжаттарды дерлік сол істейді. Банк шоттарынан бастап, анда-санда бас ауырған кездегі қай дәріні қолдануға дейін сол кісінің нұсқауымен жүреміз. Келерден алдын ағылшынша үш-төрт сұраққа жауапты жаттап алуға тура келді. Өйткені кеденнен өту тәртібі солай. Турист болып келгеніңді дәлелдеу. Сол кеденнен өтсең, Кореядасың. Ал егер кеден қызметкерлері сөзіңізге сенбей немесе күдік туғызатын болса, подвалда жатып, өз еліңе қайтасың. Тәртіп сондай.
Корея мен Қазақстан арасында 2014 жылдан бастап визасыз режим енгізілген. 30 күн ішінде екі ел азаматы бір-біріне виза жасатпай қыдырып қайтуына болады. Сондықтан Кореядағы ең қиыны ақша табу немесе жұмыс табу емес, осы елдің кеденінен өту ең басты проблема. Ал былайғы кезде полиция қызметкерлері рейдтік шаралар жүргізіп отырады. Сол кездерде көзге түспей, үйімізден шықпай жатуға тура келеді. Өйткені ол кезде ұсталатын болсаң, жағдай жаман болады.
-Кореяға көшу ойыңызда бар ма? Немесе қанша уақыт болуды жоспарлап отырсыз?
-Бұнда көшіп мүлде ойымда жоқ. Отбасым, ағайын-туыс барлығымен бірге болғанға не жетсін. Бұл уақыттың еншісінде. Балаларымды аяққа тұрғызғанша, үйлі-жайлы болып, несиелерімнен құтылу мақсатым. Байып кету емес. Өз елің, туған жерің әрқашан қымбат. Ауасын кеңінен жұтып рахаттанып жүресің. Корея 50 жылға алға дамып кеткен ел. Біздің елмен салыстырғанда әлдеқайда алда. Бұл жақта жұмыс істеуге жақсы, ал өмір сүруге Қазақстаныма жетпейді. Бір-екі жыл жұмыс істеуім керек.
-Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан тілші Дана Ботбай
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.