"Сөз бен істің арасында саңылау қалмаса екен" Дархан Мыңбай су тасқыны мәселесінен сабақ алуға шақырды

 "Сөз бен істің арасында саңылау қалмаса екен" Дархан Мыңбай су тасқыны мәселесінен сабақ алуға шақырды
Мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай еліміздегі су тасқыны мәселесінен тиісті қорытынды шығаруға шақырды,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы.
Дархан Мыңбай қызыл су басқан өңірдегі халықтың мұң-мұқтажы ескерусіз қалмаса екен дейді.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар өңірлердегі су тасқыны жағдайына байланысты жариялаған Қазақстан халқына үндеуінде:
“Біз алапат су тасқынынан тиісті қорытынды шығаруымыз керек. Яғни, жіберілген олқылықтарды түзетіп, тиісті сабақ алуымыз қажет. Ал ондай сабақтар аз емес", - деді.
Осы сабақты нақтырақ зерделеу үшін қазіргі ахуалға күнделікті тиянақты талдау, салиқалы сараптама жасау, тіпті тергеу амалдарын жүргізу маңызды. Ескеретін, қаперге алатын жайттың көпшілігі арнайы құрылған республикалық штаб жиынында ғана емес, БАҚ-та, әлеуметтік желілерде, қызыл су басқан өңірлерде күндіз-түні бел көтермей жұмыс істеп жатқан жерлестерімізбен ұшырасу, сұхбаттасу барысында айтылып та, жазылып та жатыр.
Біздіңше, ең басты сабақ - орындаушылық тәртіпке қатысты",- деп жазды ол.
Сондай-ақ ол өз сөзінде БАҚ өкілдері де бұл мәселеде үлкен жауапкершілікті арқаласа деп жазды.
"Сонымен ең керегі - жауапкершілік, жауапкершілік және жауапкершілік. Бұқаралық ақпарат құралдарына, жоғары жаққа жалған ақпар беретіндерге қатаң жаза белгіленуі шарт. Бұл - қиын шаруа емес. "Сөз бен істің арасында саңылау қалмаса екен" деген халықтың тілегі бар. Қазіргі заманда әр деңгейде шұғыл шешім қабылдап, жауапкершілікті мойынға алатын тұлғалар қажет. Тиісті лауазымға тағайындау кезінде нақ осы қасиет талап етілетін өлшемдердің бірі болғаны жөн. Өйткені, төтенше жағдайға душар болған кезде еліміздегі ең жоғары лауазым иесінен өзгелері де халықтан кешірім сұрауға міндетті әрі болған іске жеке жауапкершілігін сезінгені дұрыс деп санаймыз.
Президент “Жағдай өте күрделі болса да, біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз, барлығын қалпына келтіреміз” деп сендірді. Шындығында, оған мемлекетіміздің күші, қаржылық, басқа да ресурстары жетеді. Елімізде жер, су жағдайын білетін көнекөз ақсақалдар мен тәжірибелі, білікті мамандар да жоқ емес. Ендігі кезекте атқарылар істе опық жеп қалмас үшін, шалағайлыққа жол бермес үшін оларды ақылмен пайдалану, орнымен тапсырма беру және тиімді басқару міндеті тұр.
Сондай-ақ, дәстүрлі, өзге де заманауи БАҚ-тар өзінің ресми, шынайы ақпарат айнасы екеніне елдің көзін жеткізу мүмкіндігі артты. Олар өркениетті елдердегідей мемлекет қабылдап жатқан барлық шаралар, соның ішінде зардап шеккендерге өтемақы беру тәртібі жөнінде қалың оқырманды тұрақты хабардар етіп, билік пен қалың оқырман арасындағы алтын көпірді жандандырса дейміз. Өңірлер маңызды салаға қолдау көрсету арқылы мемлекеттік саясаттың ықпалдылығын, ұлттық құндылықтарға басымдық берілетінін көрсете алады. Ал ресми, шынайы ақпарат күнделікті шұғыл тапсырмалардың ғана емес, еліміздің тұтастығы мен ауызбірлігін насихаттап, идеологиялық мақсаттардың жедел орындалуын қамтамасыз етуге жұмылдыруға тиіс",- деп жазды Дархан Мыңбай.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like
0
dislike
0
love
0
funny
0
angry
0
sad
0
wow
0