Дархан Мыңбай намыс туралы не жазды?

Дархан Мыңбай намыс туралы не жазды?
Осы ұғым дәйім ой-санада тұрғаны абзал. Сезімнен де тыс қалмауға тиіс. Олай болмаған жағдайда, оның мағынасы сұйылып, жұтаң тартады. Ал намысы жоқтық - аусар мінездің қалыптасуына, оспадар құлықтың тамыр жаюына себепші. Хәкім Абайдың ғақлиясынан “Ардан кеткен соң, тірі болып жүрген құрысын” дегенді оқимыз. Иә, арсыздық, намыссыздық жайлаған жерде өмір сүру қауіпті. Азғын адам ешкімнен ұялмайды, хайуан кейпіне енеді. Санасы құлдырап, көзі бұлдырап, бойкүйездікке, елеусіздікке ұшырауы мүмкін.
XIX ғасырда ғұмыр кешкен Құлтума ақынның сөзімен айтсақ, “сусыз жерде қамыс жоқ, азған елде намыс жоқтың” кері болады.
“Отыз жылда бәрі құрыды, қурап қалды, ештеңе істелмеді” дегеннен аулақпыз. Қол жеткізген жетістіктеріміз жоқ емес, бар. Бірақ ата-бабадан сақталып келе жатқан дәстүр, ар-намыс, имандылық, адамгершілік сияқты құндылықтар көмескіленіп барады. Оған көптеп мысал келтіруге болады. Бүкіл елімізді дүр сілкіндірген өрт оқиғасы бірқатар жәйттің бетін ашып берді. Оның ішінде кадр саясатындағы түрлі мәселе, жауапсыздық, біліксіздік, ұрлық-қарлық, жемқорлық, құлқынның құлына айналған тоғышарлық, опасыздық, өшпенділік, көзбояушылық, дарақылық - бәрі-бәрі бар. Байырғы құндылықтар кеміп, жанашырлықтан жұрдай болған кезде еліміз бен жеріміздің байлығы - орман-тоғайдың, өзен-көлдің, өзге ресурстың ахуалы, болашақ жағдайы әрбір саналы азаматты ойландыруға тиіс. Адамгершіліктің құрдымға кеткені соншалық, жұрт тілсіз жаудан зардап шегіп жатқан күндері ел іші мен сыртынан табалаушылар да табылды.
Ғалымдардың пайымдауынша, өзен суы табанында жиналған ұйық отыз пайыздан асқан тұста өзін өзі тазалау қабілетінен айырылады екен. Қоршаған ортада да солай болса керек. Оның алдын алу үшін, қоғамды қилы құйтырқыдан арашалау үшін үлкен өзгеріс қажет.
Жалпы, өзгеріс атаулы ойдан басталатыны белгілі.
Ал халқымыз өз ойын Ата Заңды қабылдаған кезде, мемлекет басшысын сайлаған тұста жаһанға жария етті. Енді сол ой сөз жүзінде, қағазда қалып қоймасын десек, нәсіліне, жынысына, қоғамдағы мәртебесіне қарамастан әрбір азамат мойнына алатын міндетіне, жауапкершілігіне мән беруге тиіс. Елімізде оның құқықтық, нарықтық және әлеуметтік негізі айқындалған. Алайда, орындалуына келгенде қадағалаушы органдар кібіртіктеп қалады. Шындығын айтсақ, халықтың үні билікке жетпей жатқан жоқ, іске өтпей жатыр. Жаңа кезеңнің жаңа қағидатын - әділеттілікті ұстануға, заң үстемдігін орнатуға билік орындары мен қалың көпшіліктің құлықсыздығы, табансыздығы кедергі келтіріп тұр. Әрине, қоғамдағы бар кемшілікті тізбелеп, атын атап, түсін түстеу міндетімізге кірмейді.
Сондықтан, есті қауымға ұлтымыздың ар-намысына қатысты бірді-екілі пікірімізді жеткізуді жөн санадық.
Елдің ең қымбат қазынасы - адам, оның өмірі, құқығы мен бостандығы екені белгілі. Осыған қол жеткізу жолында биліктің үш тармағының белгіленген мерзімде не орындағаны, қандай іс атқарғаны халық алдындағы есебімен анықталады. Бұл - осы күннің өткір талабы. Сайып келгенде, соның өзі халық үніне тиянақты жауап болмақ. Үндесу, құлақ асу, жұмылу нақ осы жерде қажет десе болады.
Отан отбасыдан басталады. Сондықтан ұрпақты көбейтуге, оны тәрбиелеуге мемлекет қашанда мүдделі. Дүниеге келген әрбір перзентті Алланың адамға берген аманаты, елдің болашағы, тірегі деп қабылдауға тиіспіз. Ал келешекте қоғамға пайда әкелетін сол ұрпақты көшеге, қоқысқа тастап кету, өзгеге сату - барып тұрған сорақылық, адамзат алдындағы қылмыс. Кейбір қалаларда, жер-жерде ұшырасқан тастанды нәресте оқиғасына бейжай қарау - ұлтқа да, елге де намыс. Жылдан жылға жиі қайталанып келе жатқан осындай деректің себеп-салдары қоғамда неге талқыланбайды, зерттелмейді? Сонда мемлекеттің халық санын көбейтуге жасап жатқан қамқорлығы, адам капиталының сапасын арттырудағы жұмысы, жастарға арналған түрлі бағдарламалары мен үздіксіз жүргізілетін оқу-тәрбие ісі қайда қалды?
Иә, өзге себептері анықталса, оны болдырмаудың жолдары неге қолға алынбайды? Бәлкім, жұмысты мүлдем басқаша ұйымдастыру қажет шығар. Шақалақ-сәбиді қоқысқа тастағанға қалың жұрт міз бақпайтын болып барады. Құлағы мен көзі үйреніп кеткендей. Әдетте, мұндай оқыс оқиға бүкіл әлемді, өркениетті шошындырады. Елімізде саны көп, қаптаған қоғамдық кеңестер, саяси ұйымдар мен бірлестіктер осы үрдісті тоқтатуға неге самарқау? Әлде адам ресурсын қадірлемейтін хәлдеміз бе? Бұрын-соңды ойға кіріп шықпаған, тіпті естіп-білмеген жағдай ешкімді алаңдатпайтын, түршіктірмейтін болғаны ма? Қоғам әуелгі кездегідей дүр ете түспейді, селқос, енжар күй кешіп жатыр. Бір сөзбен айтқанда, жамандық (негатив) қалыпты нәрсеге айналып барады.
Жаңылу, жаза басу - бір күнә болса, адамшылық жолдан адасу - мың күнә. Оның жүгі зіл батпан ауыр екені белгілі.
Біздіңше, бөріктілер мен көріктілердің, сонымен бірге еріктілердің намысы бір болғанда ғана қоғам қалғып-мүлгімейді, сергектік танытады.
“Ұл намысты болса, әкенің маңдайы терлемейді.
Қыз намысты болса, ананың орамалы кірлемейді” дейді ұлт даналығы.
Базбіреулер мұндай қасиеттің кемдігін кедейшілікке, жоқшылыққа әкеліп тіреп қояды. Алайда, ғұлама ақын Дулат Бабатайұлы бір ауыз сөзбен “Жігітке кедейшілік намыс емес” деп ескертіп кетті емес пе? Жалқаулығы, немкеттілігі мен немқұрайдылығы үшін ұяттан өртеніп, тентіреп, түңіліп кеткендер туралы сіз бен біз әзірге естімедік.
Одан беріде Шәкәрім қажының:
“Ар - адамшылық, намыс. Намыс - күншілдік, алысу емес, намыс - адамның өз мініне, кемдігіне қорлану, өзін басқалармен салыстырып, құрбымен теңдікке ұмтылу. Ынсап, рахым, ар, ұят болмаса өлгені артық. Өйткені, мұндай құндылықсыз, қылықсыз жан - қоғамды, елді бұзады” дегенін түрлі сала басшылары ойға алса, кәне? Қоғамда адамгершілік өлшемдерінің құнсыздауына мысал көп. Арсыздықпен бет жыртысуға дейін баратындардың себебі де - намыстың жоқтығы. Өкінішке қарай, өз мінін көрмейтіндер қатарында халық арасынан шығып, әділдік іздейтіндер де, құзырлы мекеме басшылары да, өкілетті мемлекеттік қызметкерлер де кездеседі. Замандастар, соның жуан ортасында бәріміз жүрміз. Әрине, жөнге ілеспейтін, сөзге тоқтамайтын, “ақылы асып-тасығандар” мен “айтаққа еретіндердің” жөні бір басқа. Кейде жарға жығатын жалған намысқа заң ғана таразы. Баяғыдай би алдына, қазы алдына барып шешетін заман қайда, қазір "әділ" дегеннің өзі кейде тонын теріс айналдырады. Бүгін әділет ұғымының өзектілігі осында. Оны түсінетін уақыт келді.
Көпке мәлім “Қабуснамада” ел билеушісі перзентіне: “Мал, дүние үшін басыңды тікпе!” деп өсиет айтуы тегін емес.
Сондай-ақ Б.Момышұлының: “Намысыңды нанға сатпа!” деген даналығы жемқорлықтың тамырына балта шабудың нұсқауы ретінде жазылғандай көрінеді.
Мына заманда елімізде адам саудасы, оны құлдықта ұстау оқиғалары да қылаң беріп қалады. Қанша әшкереленіп жатса да қайтадан әр кезде жер-жерде бой көрсетуін қалай түсінеміз? Адам баласына қиянат жасамауды, оның ақысын жемеуді құлағына құйып өскендердің мұндай қылмысқа баруы мүмкін бе? Өзінің ар-ұятын ойламаған адам ұлт намысын ешқашан қорғамайды. Олар бірін-бірі өтірік мақтағанды намыс көрмейді, қайта оған мәз болады. Ал даттағанда - ит терісін басына қаптап, жерден алып, жерге салуға әзір. Намысты жерге таптаудың шегі көрінбей қалуы да мүмкін.
Тағдыр тауқыметіне тап болған бүлдіршіндерді панажай мен балалар үйіне, қартайған ата-анасын қарттар үйіне өткізіп жатқанда қазақтың намысы неге оянбай қалады? Әйгілі Әйтеке би “Үйде атаңның, түзде Отанның намысын қорға” деп бекер айтпаған.
Ал дініміз балаға мейірім-шапағатын төгуді, ізгілікті, білім мен әдеп үйретуді ата-ана мойнындағы үлкен жауапкершілік деп ұқтырса, ата-анаға жақсы қарауды, құрмет көрсетуді, жақсылық жасауды перзентінің өмірлік парызы санайды.
Осындай өсиетті, яғни жетім мен жесірдің ақысын жемеу, бала, ата-ана, ерлі-зайыпты, туған-туыс, бауыр, көрші борышын орындау жеке азаматтардың ғана емес, тұтас еліміздің намысына байлаулы іс екенін қоғам сезінсе, жаңарып-жаңғырған надандықтың алдын алуға болар еді.
Салт-дәстүр, әдет-ғұрып сияқты құндылықтарымызды сақтауға септесіп келе жатқан өнер мен әдебиетіміздің, ұлттық баспасөздің өзі қолдауға зәру екені жасырын емес. Ел, ұлт намысын жанындай қорғайтын газет-журналға жаздыру ісін де мансұқтап, бетінен қағып тастадық. Сонда маңызды мәселені елдің есіне кім салады, қай жақтан қайыр күтеміз? Обалы не керек, әлеуметтік желіде әлі келгенше зарлайтын, жырлайтын жанашырлар бар, бірақ көп емес. Сонымен бірге өтірігі мен шынын араластыра сусылдайтын, тапсырыспен жазып жатқан зуылдақтар да жетерлік. Бірақ оның дұрысы мен бұрысын кім бағамдап жатыр, құмға сіңген су сияқты ізі де көрінбейді. Ізі көрінсе, іс те көріне бастаушы еді.
Қай кезде де ұлт намысын ойлап, руханиятын байытуға өз үлесін қосатын жазушы Төлен Әбдік:
“Шын мәнінде, намыс деген біреуге ә десе, мә деп, бет қаратпай жауап қайтару емес, намыс – қатардан қалмау, өзіңнің ешкімнен кем емес екеніңді ісіңмен мойындаттыру” деп, осы қасиетке заман талабына сай дәл анықтама беріпті.
Шынында, қазіргі ең баянды өлшем - өзге өркениетті елдерден қалмай, ісіңмен мойындаттыру. Барлық салада, кез келген кәсіпте, лауазымда солай болуға тиіс. Жөпелдемеде жаппай ақыл айтудың уақыты әлдеқашан өтіп кеткен. Бұл туралы кезінде әйгілі классик жазушы Ғабит Мүсірепов былай тұжырымдапты: “Қазақтың білетіні аз емес, істей білетіні аз, білу мен істей білу - екі мәселе”.
Қорыта айтқанда, қазір елдің намысы да, ердің намысы да сынға түсіп тұр. Әділетті мемлекет құру жолындағы қоғамның үні, талабы күшейді. Одан сескенетін дәнеңе жоқ, керісінше оларды бір арнаға тоғыстырса, нәтижеге тезірек қол жеткіземіз. Қазір қолданыстағы және қабылданатын заңдарға жұртшылық тарапынан ерекше мән беріле бастады. Азаматтық қоғам құрудың басты шарты - адам құқығын қатаң сақтау, оның жан-жақты дамуына барынша қолайлы жағдай туғызу. Нақты іс-шаралар жүргізу арқылы ер де, әйел де өз намысын қорғауға қабілетті болса, еліміздің бет-бейнесі мен болмысы өзгеретіні сөзсіз. Сонда мемлекетіміздің әрбір қадамында адамгершілік пен жауапкершіліктің, намыс пен біліктіліктің байрағы биік тұрады. Осының өзі - ақылдың өлшемі, танымның таразысы.
Дархан МЫҢБАЙ

Сіздің реакцияңыз қандай?

like
2
dislike
0
love
0
funny
0
angry
0
sad
0
wow
0