Шетелден келетін үш жаңа банк халыққа және экономикаға не береді

ашық дереккөз
ашық дереккөз
Жаңалықтар 3 қыркүйек, 2023

Қазақстанға шетелден үш банк кіреді. Әзірге қай мемлекеттерден қандай банктер енетіні жұмбақ, деп хабарлайды Turkistan Today.

Президентінің аузынан шыққан сөз бұлжымай орындалатын елде бұл жаңалыққа көпшілік елеңдеп, "демек, шетелдік банктер несиені арзан беретін болар" деген дәме көңіл пайда болды. "Біздің банктердің шаруасы бітеді онда" деген де тұспалдар айтылып жатыр. Бірақ шынында солай бола ма? Жалпы шетелден енетін банктердің жалпы экономикаға, қарапайым халыққа қандай пайдасы бар. Жауабын іздеп көрейік.

Шетел банктері кәсіпкерлерді жарылқай ма?

"Банк саласының тағы бір проблемасы – жоғары концентрация. Бүгін де елде 21 банк бар. Десе де корпоративті несиелендірумен, яғни экономика жобаларын қаржыландырумен тек бірнеше ірі банк айналысады. Сол себепті аталған салада бәсекелестікті арттыру үшін елге шетелден сенімді деген үш банкті тарту керек", - деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі жолдауында.

Мемлекет басшысы сынауын сынағандай Қазақстандағы екінші деңгейлі банктер кәсіпкерлердің жобаларын қаржыландыруда сараң. Жалпы бұл мәселе мемлекет пен жеке банктердің арасындағы бітпейтін дауға айналғалы қашан!? Қазақстандағы банктердің 2022 жылы таза түсімі 1,5 трлн теңгені құраса, да, олар өз ұстанымынан қайтуға асықпайды. Мемлекет банктерге "бизнеске несие беріңдер" деп қолқа салса, банктер "ақшаның бәрі салымшыларға тиесілі, оны біз қарапайым заттар экономикасына салуға қақымыз жоқ" деп тартынады.

Экономист Расул Рысмамбетовтың айтуынша, банктер мемлекет Бәйтерек холдингі немесе өңірлердегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы нарыққа несие беретінін біледі. Квазимемлекеттік институттарға ертеден-ақ банктердің көзімен қарағанда қаражат "тегін", яғни 2-3 пайызбен беріліп келеді. Жоғары пайызбен қарыз беріп үйреніп қалған банктер үшін бұл – "нарық ережелерінің бұзылуымен" тең. Ал мұндайда шетелден енетін банктер кәсіпкерлерге есігін айқара аша ма?

"Қатты қуанбаңдар"

Жолдауда үш банктің енетіні айтылған сәттен-ақ мәжіліс кулуарында журналистер Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованы "қоршап алды". Сұрақ-жауап барысында тілшілер агенттік басшысынан "шетелдің банктері кірсе, біздің банктердің тынысы тарылмай ма?" деп сұраған. Әйтсе де, Әбілқасымова "несие арзандайды" деп бөрікті аспанға атудың қажеті жоқтығын кесіп айтты.

"Бұл жерде ең алдымен базалық мөлшерлеме туралы сөз қозғау керек. Ол – ақша нарығындағы ақшаның қанша тұратынын білдіреді. Яғни, базалық мөлшерлемеге байланысты депозит пен несиенің қанша пайызда болатынын анық көрсетіледі. Қазір оның мөлшері 16,5 пайыз. Депозит бойынша кірістілікті арттыру үшін салған сомаңызға 16-17 пайыз қосқанымен, несие бойынша да пайызды банктер көтереді. Жеке және заңды тұлғаларға да қатысты. Жаңа банк келсе де базалық мөлшерлемеге қарайды. Егер шетелдік банк келсе, басқа мөлшерлеме бойынша ақша береді деп сенуге болмайды", - деді Әбілқасымова.

Сарапшылар не дейді?

Жалпы Қазақстанда қазіргі таңда екінші деңгейлі 21 банк жұмыс істейді. Оның 12-нің шетелдік үлесі бар. Үш банк шет елдерден келсе, тиісінше экономиканы қаржыландыру мөлшері артып, банктер арасындағы бәсеке арта түсетіні анық.

Қазақстанға басқа мемлекеттерден банктердің келетіні жайлы ақпаратты бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі таратып үлгерген. Ол үшін заңнамаға тиісті өзгерістерді енгізіп, депозиттерді тартуға қойылатын талаптарды жеңілдететіні жыл басында хабарланған. 2010 жылдан бері Қазақстанға шетелден бірде-бір банктің кірмей қалғанын билік тарапы ескерген болуы керек. Банк секторына дем берудің жолын осы амалдан көріп отыр.

Украинаға қарсы Ресей соғыс ашқан тұста ресейлік банктер көп компаниямен бірге санкцияға ілініп, Қазақстаннан кете барғанда экономист Расул Рысмамбетов елден банктердің келуінен бұрын кетуінің қандай салдары барын ашып жазған. Қаржыгер маман сол тұста ресейлік банктердің елден кетуі қазақстандық банктер үшін тың мүмкіндіктер ашқанымен (клиенттерін өзіне тартып), ірі ойыншылардың кетуі несиелендіру нарығында бәсекелестікті төмендететінін атап өткен. Расында да, ВТБ, Альфа банк пен Сбер банк Қазақстаннан кеткелі отандық банктер несие пайызын арттырмаса азайтқан емес. Әлбетте, бұған ең алдымен базалық мөлшерлеме себеп деген аргументті келтіруге болар. Десе де...

Қаржыгер маман Арман Байғановтың пайымдауынша, шетелдік банктер Қазақстанға келіп ақшасын оңды-солды шашумен айналыспайды. Олар алдымен нарық пен экономиканы зерттейді.

"Шетелдік банктердің есебінен халыққа да, бизнеске де көбірек мүмкіндік беріледі. Әлбетте, бұл "қалғып кеткен" отандық банктерді оятып, бәсекені дамытады. Десе де, сол банктер де айналып келгенде экономикадағы жалпы жағдайға баға бергеннен кейін ғана қаражатын шығарады. Егер бізде инфляция 20 пайыздан тағы асып кетсе, онда бұл тәуекелдерді ескеріп, пайыздық мөлшерлемесін 30 пайыздан арттыруы мүмкін", - дейді ол.

736

Ұқсас жаңалық

Редакциямен байланыс

Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе

info@turkistan.today

Әлеуметтік желілер
Біз туралы

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024

Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.

Яндекс.Метрика newsroom.kz

© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.