Тарихшы З.Қабылдинов басқаратын институт қырғыз елімен байланыс орнатты

ашық дереккөз
ашық дереккөз
Жаңалықтар 13 шілде, 2023


Қазақ пен қырғыз елі тек көршілес мемлекеттер емес, тарихы мен мәдениеті тағдырлас елдер. Кезінде «Алаш» зиялылары салып кеткен екі ел арасындағы алтын көпірдің ізін жалғастыру, жандандыру мақсатында бауырлас елдердің зиялы қауым өкілдері мен ғалымдары алқалы жиында бас қосты.
2023 жылдың 27-ші маусымында Қырғызстанның Бішкек қаласындағы Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз Ұлттық Университеті мен Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ұйымдастыруымен «Қырғыз және қазақ халықтарының өткен тарихы және ортақ болашағы» атты тарихшылардың халықаралық ғылыми конгресі өтті, деп хабарлайды Turkistan Today.


Кең ауқымды шараның өтуіне Ш.Ш. Уәлиханов атындағы ТжЭИ мен Ж. Баласағұн атындағы ҚҰУ басшыларының ықпалдасуы қос елдің рухани қарым-қатынасы мен ынтымақ-бірлігін нығайта түспек.
Бұл тарихи маңызы зор құрылтайды Қырғыз Республикасының Жоғарғы Кеңесінің депутаты Жанарбек Кубанычұлы Ақаев екі ел арасындағы ортақ тарихи мәселелерге тоқталып, конгрестің ашылуында құттықтау сөз сөйлеп, іс-шараның бастамасын ашып берді.


Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, т.ғ.д., профессор, Зиябек Ермұқанұлы Қабылдинов аталған игі іс-шараны – бауырмашылдықтың бекем болуының айқын көрінісі екеніне айрықша атап өтті. Жиында институт директоры Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» (5 – қаңтар, 2021) атты мақаласы негізінде даярланып жатқан академиялық 7 томдық басылымның дайындалу барысында көтерілген тың мәселелерге де тоқталып өтті.


Ынтымағы жарасқан екі елдің болашағы Жастар екенін ескере отырып, Ж. Баласағұн атындағы ҚҰУ-дің 3-ші курс студенті Марсабекова Айдай Марсабековнаға Ш.Ш. Уәлиханов атындағы ТжЭИ- дің бір реттік стипендиясы табыс етілді. Сонымен қатар, институт басшылығынан «Қырғыз және қазақ халықтарының өткен тарихы және ортақ болашағы» атты халықаралық ғылыми конгресті ұйымдастыруға белсенді атсалысып, туысқан екі халықтың тарихы мен мәдениетінің жан-жақты терең зерттелуіне және болашақта ынтымағымыз бен бірлігіміздің артуына зор ықпал еткені үшін, Т.А. Абдырахмановқа, Б.Ж. Абдрахмановқа, А.Э. Кубатоваға, С.У. Асековаға, Т.Т. Сырдыбаевқа, З.К. Курмановқа алғыс хаттар берілді.


Конгресте Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, т.ғ.д., профессор, Зиябек Ермұқанұлы Қабылдиновқа «Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз Ұлттық Университетінің Құрметті профессоры» атағы беріліп ресми түрде табысталды.
Екі елдің тарихын ұйыстырған маңызды шараға Қырғыз Республикасының Президентіне қарасты «Мурас» қорының төрағасы Қыяс Саттарұлы Молдакасымов, Францияның Орталық Азияны зерттеу институтының директоры Андриен Фов т.б. қатысып бұл конгресті тарихы тереңде жатқан қазақ-қырғыз ынтымақтастығының артуына үлкен үлес қосатынын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, пленарлық отырыста К. Дикамбаева атындағы Дипломатиялық академияның проректоры, т.ғ.д., профессор З.К. Курманов, Мемлекеттік тарихы институтының директорының орынбасары А.Г. Бүркітбай, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директорының ғылым жөніндегі орынбасары т.ғ.к., Ш.Б. Тлеубаев, институттың аға сарапшысы т.ғ.к., Ә.Қ. Шашаев т.б. ғалымдар қазақ-қырғыз тарихына қатысты тарихи маңызы зор мағыналы әрі мазмұнды тақырыптарда баяндамалар оқыды.


Қазақ-қырғыз тарихшыларының бірлескен жұмыстарының көрінісі ретінде «Қазақ-қырғыз тарихының жылнамасы, 2023» (Казахско-кыргызский исторический ежегодник, Алматы: ИИЭ им. Ч.Ч. Валиханова, 2023. – 317 с.) тұсаукесері өтті. Бұл үрдіс өзіндік жалғасын тауып, әр жыл сайын атқарылған жұмыстардың нәтижелі жұмысын айшықтай түседі деген үміттеміз.


Конгрестің қорытынды шешімдерінің бірі ретінде Ж. Баласағұн атындағы ҚҰУ-де қазақтың ұлы ғалымы, кезінде қырғыздардың да тарихы мен мәдениетін зерттеген Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың есімі беріліп, аудиторияның арнайы салтанатты ашылу рәсімі өтті. Танымал тарихи тұлғаларды жас ұрпаққа үлгі етіп, олардың өнегелі істері мен артына қалдырған мол мұраларын насихаттау мақсатында осындай аудиториялардың ашылуы тарихымызға тағзым ретіндегі игі бастама.
Екі жақты тарихшылардың қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтерін тағы да бір жақсы жаңалықтың бірі - Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының негізінде Ж. Баласағұн атындағы ҚҰУ-нің Өкілеттілігінің ашылатындығы. Бұл ғылыми зерттеу институттардың сыртқы байланысын күшейтіп, жас ғалымдардың бакалавриат, магистратура, докторантура бағытында білім алуына жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деген сеніміміз мол.


Қазақ-қырғыз тарихшыларының халықаралық деңгейдегі ғылыми конгресі Ыстық көлдің маңайында орналасқан Ж. Баласағұн атындағы ҚҰУ-нің табиғаты тамаша “Университет” пансионатында (28.06.-30.06.2023) уақыт аралығында екі елдің жас ғалымдарынан құралған құраммен өзіндік жалғасын тапты. Аталған жазғы мектептің мақсаты – екі елдің жас зерттеуші мамандарын бір-бірімен жақын байланыс орнатуына мүмкіндік туғызып, өзара ашық пікір алмасу, болашақта тығыз ғылыми байланыс орнату.
Жазғы мектептегі ғылыми бағыттағы дөңгелек үстелдің модераторы жоғарыда аталған тарих институтының директоры т.ғ.д., профессор З.Е. Қабылдинов болса, ал Қырғызстан тарапынан Ж. Баласағұн атындағы ҚҰУ-нің тарих және өлкетану институтының директоры т.ғ.д., профессор Т.Т. Сырдыбаев болды. Жас ғалымдардың басын қосқан жазғы мектепте екі жақтың жас ғалымдары таныстырылып, екі жақты пікір алмасу бағытында жастар күнделікті өзіндік тұжырымды ойларымен бөлісіп отырды.


Жазғы мектептің секциялық отырысында модератор ретінде «Жаңа дәуірдегі Қазақстан тарихы» бөлімінің меңгерушісі, жетекші ғылыми қызметкер, т.ғ.к., Ғ.А. Шотанова бекітіліп, «Бөкей ордасындағы қазақтар: дәстүрлі қоғамның модернизациясы» атты қызықты тақырыпта баяндама жасады. Ал аталған бөлімнің аға ғылыми қызметкері Р.Е. Оразов: «XX ғасыр басындағы Жетісулық Алаш зиялыларының саяси қызметі» тақырыбы бойынша архив деректері негізінде өзінің мазмұнды баяндамасын оқыды.


Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жас ғалымдары атынан: Институт директорының кеңесшісі PhD О.Б. Қуанбай, Институттың ғалым хатшысы Н.Н. Құрманалина, Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы А.Д. Күнекеев, «Этнология және антропология» бөлімінің кіші ғылыми қызметкері Н.А. Досымбетов, «Дүниежүзілік тарих және сыртқы байланыстар» бөлімінің кіші ғылыми қызметкері А.С. Тылахметова, «Этнология және антропология» бөлімінің кіші ғылыми қызметкері В.С. Зикирбаева т.б. жас ғалымдар «Жазғы мектептің» секциялық жиындарында тарихи зерттеу кезеңдері мен тақырыптары аясында қысқаша баяндама жасап, келесі жылғы болатын «Жазғы мектептің» ұйымдастыру жұмыстарына қатысты өздерінің ұсыныстарымен бөлісті.


«Жазғы мектепте» тек ғылыми бағыттағы мазмұнды баяндамалар оқылып, салмақты ойлар сарапқа салынып қана қойған жоқ. Сонымен қатар, екі елдің дарынды жастары жанды дауыста ән шырқап, домбыра тартып, ұлттық өнердің биік белесінде де өрісіміздің ауқымы кеңдігін, ажырамас бірлестігін танытып, көптеген жастардың қызығушылығын арттыра түскені анық.


Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жас ғалымы Олжас Бекенұлы Қуанбай халық ішінде кеңінен айтылатын халық әндері – «Ақбақай», «Гауһартас» Нұрлан Өнербаевтің орындауындағы «Қайран көктем», К.Ахметованың сөзіне жазылған «Көк көйлекті қыз», сөзі: Н. Айтұлы, әні: Т.Шапай жазған «Дариға дәурен», әні мен сөзі Б. Есебаевтің «Дариға жүрек» секілді т.б. тебіреніске толы әуезді әндерді жанды дауыста нақышына келтіріп орындауымен, ұлтымыздың тың туындылары сарқылмас қазына екендігіне көз жеткізді.


Ал институтымыздың тағы бір өнерпаз жас тарихшы ғалымы Аман Дәулетұлы Күнікеев танымал күйші Қожеке Назарұлының «Бес жорға», Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса», Құрманғазы Сағырбайұлының «Адай», Найман Кетбұғаның күйі «Ақсақ құлан» т.б. күйлерді бар толғанысымен жеткізе алуымен ерекшеленіп қана қоймай, жиналған көпшілікті бір терең ойға бөлеп, жастардың рухани дүниесіне жаңа серпіліс берді. Қырғыздар тарапынан да жас ғалым, Ж. Баласағұн атындағы ҚҰУ-дің тәрбие істері бойынша директорының орынбасары К.Қ. Қасымқұлов та қырғыз тілінде жанды дауыста әндерді ажарына келтіріп айтуымен қатар қарымды қабілетімен, танымды талабымен көріне білді.


«Жазғы мектепте» музыкалық шығармаларды домбырада ойнап, күмбірлі күй қазақ халқының асыл мұрасы, қымбат қазынасы екендігін барынша көрсете білген Аман Дәулетұлына, халық әндерін ажарына келтіріп орындаған талантты да дарынды жастарымыз Олжас Бекенұлына, Келдібек Намазбекұлына «Жас ғалымдар кеңесі» атынан алғыс білдіреміз.


Жалпы, тарихшылар конгресі мен жас ғалымдарды бірлестіретін «Жазғы мектеп» қазақ-қырғыз ынтымақтастығын арттырып қана қоймай, екі елдің мәдени-рухани байланыстарын нығайтатыны айдан анық. Тарихи маңызы зор іс-шаралар қазақ және қырғыз халықтарының өткен тарихына қатысты дүниелермен шектелмей, кемел келешекке жетер қадамдарда да ажырамас бірлестіктерде бірге болады деген үмітіміз зор.


«Қырғыз және қазақ халықтарының өткен тарихы және ортақ болашағы» атты тарихшылардың халықаралық ғылыми конгресте екі елге ортақ тарихи мәселелердің қатпарлы қырлары талқыланып, өткенімізді өнеге тұту, жарқын болашағымызға бағдар жасау жағы пысықталып, жан-жақты сараланды. Осындай дәстүрлі мәдени, тарихи, рухани тұрғыснан жасалған байланыстың қатары үзілмей, іргелі ғылыми бағыттағы жұмыстар жандана берсе нұр үстіне нұр болары сөзсіз.
«Қазақ-қырғыз бір туған», «Төскейде малы, төсекте басы қосылған» деген секілді екі ел арасында мағынасы терең нақыл сөз бекер айтылмаса керек. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген мақсатта екі бауырлас елдің ынтымағы артып, ғылыми бағыттағы кеңістіктері кеңейе берсін!


Екі елдің рухани байланысын биік тұғырына көтеріп, игі бастаманың басы-қасында жүрген Қырғыз Республикасының Жоғарғы Кеңесінің депутаты Жанарбек Кубанычұлы Ақаевқа, Білім және ғылым министрі Қаныбек Қапашұлы Иманалиевке, Жүсіп Баласағұн атындағы ҚҰУ-нің ректоры, ҚҰ ҒА-ның корреспондент-мүшесі, т.ғ.д., профессор Төлөбек Абылұлы Абдрахмановқа, Ж. Баласағұн атындағы ҚҰУ-нің тарих және өлкетану институтының директоры т.ғ.д., профессор Тұратбек Токтобекович Сырдыбаевқа, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Қырғызстандағы филиалының директоры т.ғ.к., доцент Жұмағұл Рыскулбекович Байдилдеевке үлкен ризашылығымызды білдіреміз.

А.С. Тылахметова
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы
Тарих және этнология институты,
Дүниежүзілік тарих және
сыртқы байланыстар бөлімінің
кіші ғылыми қызметкері

990

Ұқсас жаңалық

Редакциямен байланыс

Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе

info@turkistan.today

Әлеуметтік желілер
Біз туралы

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024

Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.

Яндекс.Метрика newsroom.kz

© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.