«Үстімде сұр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін.
Қанды кырғын, қызыл от,
Қаптап жүр ажал дегенің».
Бұл өзегінде өрттей қасірет тулаған Қасым Аманжоловтың өлеңі. Қанды қырғын мен қызыл оттың ортасында аласұрған ақынның өр дауысы. Екінші дүниежүзілік соғыстың алапат майданын басынан өткізіп, толарсақтан қан кешкен шайырдың мұңы адамзатқа ортақ шер еді.
Соғыс көз жас пен обалдан тұрады. Осы соғыста күллі қазақ даласы қаншама боздағын жоқтап күңіренді. Олардың рухын от орнында қалған біз ешқашан ұмытпаймыз. 9 мамыр келген сайын әр шаңырақ жеті шелпек пісіріп, аруақтарына дұға бағыштар! Ал өткен тарихтың ақтаңдағын толтырып, оларды жиі-жиі еске алып отыру біздің борышымыз. Екінші дүниежүзілік соғыста жоғалтқанымыз бен жоқтайтынымызды және бір ой сүзгіден өткізейік деп Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Ахмет Аққали Қабижанұлымен шағын әңгіме-дүкен құрған едік. Бұл туралы newsroom.kz хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.
– Құрметті, Аққали Қабижанұлы, қазақ тарихы соғыстан кенде емес. Соның бірі – екінші дүниежүзілік соғыс. Бірінші дүние соғысында әскер бергісі келмеген жұртымыздың қандай тағдырға ұрынғаны белгілі. Ал одан кейінгі алапат аштық, саяси қуғын-сүргін сияқты қаралы жылдар халқымыздың рухын сындырғандай. Қазақ баласы екінші дүниежүзілік соғысқа түп көтеріліп өз еркімен аттанды ма? Қанша қазақ жауынгері қатысқаны туралы нақты дерек бар ма?
– Иә, айтуың дұрыс. Бұл қазақ тарихындағы ең қайғылы соғыс болғаны белгілі. Және осы қазақ халқының XX ғасырдағы басына түскен зобалаңдарының бірі, патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы 1916 жылғы көтеріліс жылдарындағы қазақтың қынадай қырылғаны, Бірінші дүниежүзілік соғысқа қара жұмысқа алынуы, одан кейін елдегі кеңес өкіметінің орнауы, большевиктердің өкіметті басып алуы, елдегі азамат соғысына алып келуі, одан қала берді 1921 жылғы аштық, 1928 жылы елдегі байларды тәркілеу, 1931-1932 жылғы аштық, 1937-1938 жылғы қуған-сүргін, ату-асу заңсыздықтарын басынан өткеріп, енді ес жиямыз деп жатқан кезде 1941 жылдың 22 маусымында алапат соғыс басталды. Бұл соғыстан да қазақ ұлты тыс қала алмады. Себебі сол Кеңес Одағы құрамындағы республикалармен бірге қазақ ұлтының өкілдері сол кездегі өздерінің отаны деп есептеген Кеңестер Одағын қорғауға жан алысып, жан берісіп соғысқаны белгілі.
Бұл соғысты қазір тарихшылар, Ұлы Отан соғысы деп айдарлап жүрсе де, менің түсінігімде, бұл соғыс Ұлы Отан соғысы емес, Екінші дүниежүзілік соғыстың құрамдас бір бөлігі. Олай айтататын себебім – Екінші дүниежүзілік соғыс 1939 жылғы 1 қыркүйек күні басталғаны белгілі. Фашистік Германия Польшаға соғыс ашып, сөйтіп, дүниежүзін соғыс өрті шарпыды. Ал Кеңес Одағы 1940 жылғы қараша айында көрші жатқан Финляндияға қарсы соғыс ашты. Бұл соғыс жайлы көп айтылмайды да. Бұл қысқа соғыс болды. Дегенмен бұл соғыс Финляндия елінің рухын түсіре алмады. Себебі Кеңес Одағы бұл соғыста өзінің армиясы нашар қаруланғанын, соғысқа дайын емесін көрсетті. Оны айтып жатқан себебім – бұл соғысқа да қазақтар қатысты, қолға түсті.
Ал енді Екінші дүниежүзілік соғысқа қазақтардың өз еркімен баруы, бір-екі азаматтар енді соғысқа барамыз деп арыз жазуы мүмкін, ал тұтас жаппай халықтың ол соғысқа өз еркімен баруы мүмкін емес еді. Сол сияқты, қазақтар да соғысқа өз еркімен алынды деген ол Кеңес үкіметінің идеологиялық шеңберінде айтылған сөздер. Шындығында, Кеңес Одағы кезеңіндегі шекарада, кеңес армиясының құрамында қызмет етіп жатқан қазақтар сол соғысқа қатысты. Ал қанша қазақтың қатысқаны жөнінде әлі күнге дейін бір түйін жоқ. Ал, шынына келгенде, ресми деректерге келетін болсақ, 1941–1945 жылдар арасындағы алапат соғысқа қазақстандықтардың 1 млн 250 мыңнан астам адам соғысқа шақырылған. Ал, оған қоса, сол соғыс басталғанға дейін де қызыл әскер қатарында 178 мың азаматымыз қызмет етіп жатқан болатын. Сонда Қазақстан бойынша майданға барлығы, армияда қызмет етіп жатқан, армияға алынғандардың санын қосқанда, 1 млн 378 мыңнан астам жауынгер жұмылдырылған. Ал бұл мобилизация, жұмылдыру коэффициентіне тоқталатын болсақ, 22%-ды құрайды екен. Шындығына келгенде, бұл бұрынғы одақтас республикалардың арасындағы ең жоғарғы көрсеткіш екені айқын. Себебі Орта Азиядағы ұлттардың ішіндегі көпұлтты ел біздің қазақтар еді. Бұл соғыс қазақтар үшін өте ауыр болды, себебі қазақтардың өлімі өте көп болды.
– Майдан даласында алғашқы жылдары қару-жарақ жетпегені, екі-үш сарбаз бір қаруды ортақ пайдаланғаны туралы көп айтылады. Көп әскер оқтарға мылтық, атарға оқ таппай шейіт болып кеткен сияқты. Қазақ жауынгерлерінің майдан даласындағы жағдайы туралы айта кетсеңіз.
– Тарихи шындыққа тура қарайтын болсақ, сол кезеңнің өзінде Кеңес армиясының батыстағы шекарасының қорғанысының әлсіз болғаны белгілі. Және 1939 жылғы тамыз айында Молотов пен Риббентроптың келісімін басшылыққа алған Кеңес Одағының басшылары, Сталиннен бастап әскери басшылары, барлығы соғысты тоқтатуға тырысқаны белгілі. Тарихшылардың айтуы бойынша, соғыстың бәрібір болатынын олар білді. Ол туралы Бауыржан Момышұлы да кезінде Украинадағы өзінің майормен кездескен әңгімесінде айтады. Бүкіл әскерилер соғыстың жақындап келе жатқанын білді. Бірақ соғыстың қай уақытта, қай күні басталатынын білмеді дейді. Бұл – тарихи шындық. Ал 1941 жылы соғыс басталған күні бұйрықтың дұрыс жеткізілмегені де рас. Оған барлық кінәні Сталинге аударғаны да рас. Бірақ Сталинмен бірге әскери құрама да жауапты еді. Оның үстіне, Жуков та, Тимошенько сияқты әскери басшылар жауапты еді. Жуков өзінің кітабында біздің де, әскерилердің де кінәсі бар деп мойындайды.
Қару-жарақ жетіспеу – болған нәрсе. Қазақтардың көпшілігі ол кезде армияға бармаған, орысша білмеген, қару-жарақты ұстап көрмегендіктен, оларға қиын болғаны рас. Жалғыз қазақтар ғана емес, Орта Азиядан келген тәжік, қырғыз, өзбек, түркімен секілді ұлттардың қару-жарақты пайдаланбауы, орысша әскери бұйрықтарды түсінбеуі – осының барлығы әсер еткені рас. Қазақ айтады ғой «Қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді» деп, қазақ жауынгерлерінің шегінгені немесе қару-жарақтары бола тұра немістер жаққа өтіп кеткені сирек. Себебі тұтқынға түскендердің кінәсі жоқ еді. Ол сол кеңестік әскери басшының кінәсі еді. Олардың көпшілігі қолында қаруы жоқ майданға салынғанның өзінде де қару-жарақтың жетіспегені рас. Оны да жоққа шығаруға болмайды. Әсіресе соғыс аяқталғаннан кейін 1975 жылдары Әзілхан Нұршайықовтың өзі үйінде отырғанда айтқаны бар: қазақ жаралы жауынгерлерін лазеретке, далалық госпитальдарға әкеліп жатқан кезде, қазақтың жараланған жауынгерлерін екінші кезекте қабылданғаны туралы деректер айтылады. Сол кезде мединалық қызметтің лейтенанты қазақ болған. «Қазақ жауынгерлері бұрын келді ғой, неге жаралыларлы қарамайсыздар» деген кезде, лейтенант пистолетін алып, өз-өзін атып тастаған. Ал, шындығында, қазақ жауынгерлері басқа ұлт өкілдерімен терезесі тең соғысты. Тек қана қазақ емес, сол кездері Кеңестер Одағындағы барлық бауырлас халықтары, ұлттары сол кезде отандарын қорғауда жанкештілікпен соғысқан. Оны тарих мойындауы керек. Оны ешкім де жоққа шығара алмайды.
– Қара қағаз келген әулетке өлдіге санаған азаматы қайта оралған жағдайлар көп кездеседі. Фашисттердің тұтқынында болған қазақтар жайлы, олардың кейінгі тағдыры туралы таратып айтып берсеңіз.
– Соғыс болғаннан кейін өлім-жітім міндетті түрде болады. Ол кездегі соғыс қимылдарынан көптеген қазақ жауынгерлерінің үйіне қара қағаздар келді. Ол бір тілім қара қағазда «Сіздің ұлыңыз майдан даласында ерлікпен қаза тапты» деген бірауыз сөзбен хабарларын жеткізіп отырды. Ол кезде әрбір солдаттың өзіне берілген медальоны болды. Медальонда өзінің туған жері және ата-анасы немесе бауырының адресі жазылып, тігілді, сол медальон арқылы қаралы қағаздар жеткізіліп отырды.
Фашист тұтқындарына түскен қазақ жауынгерлерінің санына келетін болсақ, шамамен 47 мыңнан астамы тұтқынға түссе, соның 23 мыңы соғыс аяқталысымен Қазақстанға қайтарылды. Ал қалғандарының тағдыры белгісіз болды. Соғыстан кейін көбінен бауырларын, ата-аналарын іздеп жазған хаттар келіп жатты. Ол кездегі КСРО қорғаныс министрлігіне бір ғана жауап келіп жатты – хабарсыз кетті деген. Шындығына келгенде, бұл жауынгерлердің көпшілігі неміс фашистерінің тұтқынына түсіп, сол азап лагерлерінде аурудан, суықтан, аштан қырылды. Ол кейінгі кезде Ресей Федерациясының әскери сайттарында фашист тұтқындарына түскен қазақтардың жеке анкеталық істерінде көрініс береді. Немістер өзінің ұқыптылығына сай, әрбір тұтқынға түскен жауынгердің аты-тегін, үйінің адресін, туған жылын, қай армияда қандай бөлімде қызмет еткенін және көзінің, шашының, бойының өлшеміне дейін бәрін анкетаға жазған және сол анкетасының ішінде сол жауынгердің отбасының әр мүшесінің аты-жөні, адресі жазылған. Егер де ол сол лагерьде өлген болса, қай күні және қай жылы өлгенін анкетаға толтырып отырған. Және кейбір жауынгерлердің фотокарточкалары жабыстырған, ал суреті жоқтарға саусағының ізін бастырған және әрбір тұтқынның тұтқынға түскен кездегі және керек болса, қалтасынан не шықты: сағат па, хат па солардың бәрін сонда тіркеп қойған. Және сол түскен жауынгерлердің денсаулығына байланысты ауру ма, жаралы ма, қандай жұмысқа жарайды (ауыр жұмысқа ма, жеңіл жұмысқа ма) – осылардың бәрін анкетаға толтырып қойған. Бұл – немістердің толтырған анкеталары. Бірақ солардың бәрін толтыру мүмкін емес, ұқыпты неміс халқы ғана осындай анкеталарды толтырған.
Бес айдың ішінде неміс фашистерінің қолына 3 млн 900 мың жауынгер тұтқынға түскен. Бұның бәрі неге осындай болды? Шындығына келгенде, бұл, әрине, кеңес армиясының қолбасшылары жіберген өрескел қателігінен болған жағдайлар. Кейін тірі қалып, сол жылдары тұтқынға түскен қазақ жауынгерлері елге келетіндері қатаң тексерістен өткізіліп, елге келгеннен кейін Сталиндік жүйенің құрбанына қайта айналды. Олардың көпшілігі отанын сатқан есебінде он жылға сотталды, кейін олардың жазасын алты жылға түсірді де, «шестилетники» деді. Оларды Сібір, Калыма, Магадан, шахталарға, ең ауыр жұмыстарға, көмір қазуға, ағаш кесуге аттандырды. Былайша айтқанда, сол соғыстың тұтқындары бір емес, екі отқа күйді. Отанын қорғаймын деп барып фашистердің қорлығын көрді, қайтып келіп кеңестік жүйенің лагерьлерінде осындай тозақ отын көрді. Көпшілігі сол жіберілген жақтарында аштан, суықтан қырылды. Міне, кеңестік жүйедегі әскери тұтқындарға көзқарас күні бүгінге дейін сол салқын көзқараспен тұр. Ал Ресейде әскери тұтқындарды 1995 жылдың 24 қаңтардағы фашистік лагерьлерде тұтқында болған әскери тұтқындар мен жер аударылған азаматтар туралы жарлық шығып, оларды ақтаған еді. Ал күні бүгінге дейін әскери тұтқындар мен Түркістан легионында болғандардың тағдыры біздерде, қоғамда көзқарас салқын деп айтса, артық болмас. Себебі олар әлі толық ақталмағандар.
– Сіз Қазақстандағы мұрағат ісінің тарихын көп зерттеген ғалымсыз. Осы еңбек жолыңызда екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты жасырын ұстап келген, жұрт білмейтін қандай тың ақпараттарға кездестіңіз?
– Архив қорларында жұмыс істегенім рас, енбі бұл жердегі ең үлкен мәселе – архив саласындағы құпия мәліметтер халықаралық заңдар бойынша 40 жылдан кейін ашылуға тиісті. Өкінішке қарай, Қазақстанда, бұрынғы Кеңес Одағынан шыққан республикаларда болсын, бұл заңды орындау өте баяу жүріп жатыр. Әсіресе соғыс тұтқындары туралы Түркістан легионында болған азаматтар туралы құжаттардың барлығы ұзақ жылдар бойы өте құпия болып, қалың көпшіліктен жасырылғаны белгілі. Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі осындай іс тек 2014 жылы ғана ҚР Ішкі істер министрлігіне берілді. Өкінішке қарай, онда барған архивтер де таз кепештің күйін кешті.
Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы қараша айындағы жарлығына сәйкес, қуғын-сүргін құрбандарын фашистік Германияда, Финляндияда, Еуропаның басқа елдерінде болған және Түркістан легионында уақытша болған азаматтарды ақтау жөніндегі жарлығына байланысты сең қозғалғаны рас. Осы жарлықтан кейін біз аталған архивтерде жұмыс істеген кезімізде, әсіресе соғыс тұтқындары болсын, Түркістан легионында болған азаматтарды тергеп-тексеру қаттамаларын оқығанда, оның ішінде көптеген деректерге қанық болуға болады. Соның біреуін ғана айтайын, олардың көпшілігі фашистер жағына өз еркімен түспегеніне көзім анық жетеді. Иә, соғыс болғаннан кейін сатқындар болады, бірақ тұтас ұлт еш уақытта опасыз болмайды. Ал отанын сатқандар ол енді тарихта сатқын болып қалатыны белгілі. Ал 18-19-дағы жап-жас жігіттер аштан, суықтан, аурудан қынадай қырылып жатқан кезде олар да өмір сүргісі келді. «Мен жаспын, өмірді енді ғана көрдім, туған жеріме қайтқым келеді, ата-анамды көргім келеді, аштан өлгім келмейді. Амал жоқ, мен Түркістан легионының құрамына өтуге мәжбүр болдым» деген сөздерді оқи отырып, шындығында, ол тұтқындарға еш кінәсі жоқ мынау әсери басшылықтың кесірінен қолға түскен, қоршауға түскен жауынгерлердің жан күйін түсінуге тура келеді. Ал кеңестік кезеңде тұтқынға түскендердің барлығы опасыз, сатқын деген түсінік әлі күнге дейін біздің миымызға, санамызға сіңіп қалғаны соншалық – тұтқынға түсті деген адамдарды көрсек, суық қабылдаймыз. Былайша айтқанда, теріс қабақ танытамыз. Міне, менің өзім жеке басым сол архивтегі әрбір істі қарап отырып осыларды оқыған кезде, көзіңе еріксіз жас келеді. Ал олардың көрген қорлықтары кеңестік тергеу амалдарында қалай жүргізілгені белгілі ғой. Олар өзінің қылмысты екенін, сол кездегі сатқын деген бап 58-дің бірінші пункті А тармағы бойынша сотталады. Былайша айтқанда, олар өз қылмыстарын өздері мойындайды. Шындығына келгенде, оларға бұл қылмысты мойындатты. Міне, осындай құпияларды айтуға болады.
Және көпшілігі «Біз қару жағынан да, күш жағынан да аз болдық, қоршауға түстік. Соңғы оғымыз қалғанша атысып, соғыстық. Оқ-дәріміз біткеннен кейін, амал жоқ, берілуге тура келді» дейді. Бұның өзі, шындығына келгенде, жауынгерлердің соңғы оғы қалғанша жауға беріспей соғысқанының куәсі. Ал қолында оқ-дәрісі біткен жауынгер тұтқынға түспегенде не істейді? Тұтқынға түсті. Ең өкініштісі, сол кездегі тұтқындардың, қазақтардың көпшілігі Түркістан легионының құрамына кіргені рас. Оны жоққа шығаруға болмайды.
– Осы соғыстағы қазақтардың көзсіз ерлігі, қаһармандығы туралы аңызға бергісіз әңгімелерді біз әртүрлі зерттеулерден, естеліктерден оқып жүрміз. Соғыс нағыз ерлерді, ержүрек батырларды алдымен жалмайтыны анық. Екінші дүниежүзілік соғыста халқымыздың құрамы мен қабілет-қасиеттеріне қандай әсер етті?
– Иә, соғыс болғаннан кейін өлім-жітім міндетті түрде болады. Ең өкініштісі, бұл соғыста ұлттың сүттің бетіне шыққан қаймақтарының майдан даласынан оралмай қалғаны. Бұл – үлкен қасірет. Мысалы, көрші жатқан Өзбекстан Республикасы талантты ұлдарын соғысқа жібермеуге тырысты. Ал бізде майдан даласында талантты ақындар, жазушылар, әртүрлі мамандық иелері соғыста қаза тапты. Мысалы, Баубек Бұлқышовтан қандай публицист, қандай жазушы шығатын еді. Оларды айта берсе, өте көп. Өкініштісі осындай азаматтарды сақтап қала алмай қалдық. Бауыржан Момышұлының айтатыны бар ғой: «Менен де батыр, менен де күшті, менен де ақылды азаматтар осы сұрапыл соғыста қазақ тапты», – деп. Ол шындығында да солай болғаны рас. Ұлттың генофонына ерекше әсер еткені рас. Соғыстан кейін қанша ана, қанша келіншектер жесір қалды, қанша бала жетім қалды. Бұл қасірет енді қайталанбасын. Біз соғысты көрген ұрпақ емеспіз. Ал соғысты көрген ұрпақтарға, олардың әңгімесін тыңдасаңыз, олардың елдегі көрген азаптары бір атанға жүк болардай. Майдандағы оралмай қалған әкелер мен ағалардың орнын кім толтырды?! Сол буыны қатпаған балалар ауыр да азапты еңбек еткен. Олар да өсіп-жетілді, бірақ олардың жүрегінде мәңгілікке қалып қойды. Себебі олар жетімдікті, соғысты көріп өскен ұрпақ болатын.
– Осы соғыста жесір қалған аналар мен жетім қалған балалардың көз жасы, тартқан тауқыметі қаншалықты зерттелді? Тарихи бағасын бере алдық па? Осы соғыста ерлік көрсеткен қазақ батырлары лайықты бағасын дер шағында ала алды ма?
– Шындығына келгенде, майдан даласындағы ерліктерді бар мүмкіндігінше зерттеп, том-том қылып шығарып, өлеңге қосып жырладық, кинотуындылар жасалды. Ал соғыс кезіндегі халықтың әлеуметтік мәселелері реттелді деп айтсақ, қате айтамыз. Осыны бір тың тақырып деп есептеймін. Себебі архив деректерінде соғысқа әкелері кеткен жетім балалардың немесе жесір қалған аналардың сол кездегі жазған хаттарын оқысаңыз, төбе шашыңыз тік тұрады. Олар айтады: «Біз қызыл әскер семьясымыз, екі-үш ай болды, бізге берілетін дорбалар берілмей жатыр, балаларымыз аштан өлгелі жатыр, мектепке баратын киім жоқ, сыртта сақылдаған аяз, аяқкиіміміз жоқ, біз қайда барып күн көреміз?» Шындығында да кеңестік кезеңде де кеңседе отырған бюрократтардың жасаған қылмыстары шаш етектен. Оны еш уақытта жоққа шығаруға болмайды, ол айтылмай келеді және ол айтылуға тиіс. Мысалы, мен бір архив деректерін кездестіргенде, Ленинградтан, Москвадан келген балалардың интернатқа орналасқандағы ешқандай тамақтың жоқтығы, ондағы тамақтарды тәрбиешілердің бөліп алатыны, балаларды дұрыс тамақтандырмайтыны, аш жататыны – барлығы айтылған. Міне, бұл мәселе де өте орынды көтерілген тақырып. Бұл да тарихшылар тарапынан зерттелуі керек. Бұл соғыс кезіндегі ең күрделі зерттелуі керек тақырыптардың бірі деп есептеймін. Шындығында, тылдағы әлеуметтік жағдай өте қиын жағдайда болғаны белгілі. Кеңестік кезеңдегі идеология «Барлығы жеңіс үшін» деген ұран көтеріп, елдегі барлық азық-түлігін, киім-кешегін майданға жібергендері рас қой. Ал өздерінде РАЙКОМ-ға, АПКОМ-ға, облыстық, аудандық комитетке жазған хаттарын оқысаңыз, елдің жағдайы қандай болғанын түсінесіз. Кішкентай балалардың жазған хаттары да сақтаулы тұр. Ал ол мәліметтер жоғарыға жетіп отырды. Осындай өрескел қылмысқа жол бергендері үшін кейбіреуі қатаң жазаланған. Бірақ бәрін бақылау мүмкін емес қой, осы әлеуметтік мәселені зерттеу күн тәртібіндегі мәселелердің бірі деп ойлаймын.
Енді соғыстағы қазақ батырлары лайықты бағаларын алды ма дейтін болсақ, шындығында, лайықты бағаларын ала алмаған қазақтар өте көп. Бүкіл қазақ қауымына белгілі Бауыржан Момышұлы, Рахымжан Қошқарбаев, Қасым Қайсенов сияқты тұлғаларымыз тәуелсіздік алғаннан кейін өзіміздің еліміздің Халық Қаһарманы атағын алды. Ал өзінің лайықты бағаларын ала алмаған, Кеңес Одағының батырына ұсынылып тұрып берілмей қалған фактілер өте көп, оның бәрін зерттеу керек. Мысалы, бір ғана Ыбырай Сүлейменов – атақты мерген. Кеңес Одағының батырына ұсынылды, бірақ ала алмады. Себебі оның әкесі бай болған. Ондай мысалдарды көп келтіруге болады. Ал кезінде лайықты бағаларын ала алмағандардың ішінде атыраулық журналист әрі тарихшы Жұмабай Доспанов деген ағамыз бар. Сол кісі осы мәселені көп зерттеді. Ол екі мәрте Кеңес Одағы батырына ұсынылған қазақ батырлары туралы да жиырма томдық кітаптарын шығарды. Біз кезінде майданда 500 ғана қазақ официері болды деген деректерді оқып жүрдік, ал зерттей келгенде, Ж. Доспанов ағамыздың айтуынша, 5 000-ға жуық қазақ офицері майдан даласында соғысқа қатысқан. Әлі де айтылмай қалған ақтаңдақтарымыз шаш етектен деп айтуға болады. Бізде бәрі зерттеліп болған сияқты көрінгенімен, соғыс кезінде көрген зардаптар, әлеуметтік мәселелер әлі де зерттеле түседі.
– Қазір әлем аумалы-төкпелі заманда тұр. Қазақ тарихын, оның ішіндегі соғыстың ауыр тақсыретін зерттеп жүрген ғалым ретінде айтыңызшы, қазақтың болашағы нұрлы болмақ үшін әуелі не істемек лазым?
– Біздің халықтың көріп келе жатқаны, жасыратыны жоқ, қайғы мен қасірет. Ж. Молдағалиев ақын жырлағандай, мың өліп, мың тірілген қазақ екенімізді, біздің өткен тарихымызды шолып қарасақ, қазақтың бір кең заманда өмір сүргенін кездестіре алмаймын. Қазақ өмірмен қатыгез заманмен алысып-жұлысып, содан тірі шығып келе жатқан, Алланың берген несібесін жеп, ұрпақ өрбітіп, қазақ деген ұлттың діңін сақтап келе жатқан ұлт па деп ойлаймын. Тәуелсіздік алғаннан кейін барша қазақ қуанды, енді біз жақсы ғұмыр кешеміз, алдымызда жақсылықтар күтіп тұр, отанымыз дамиды деген үмітпен, қуанышпен қарсы алдық. Отыз жылда не көрдік? Біз отыз жылда сол коммунистік жүйеде болғандардың жүйесінде қалып қойдық. Иә, бізді дүниежүзі таныған болар, иә, шекарамызды бекіткен болармыз, туымызды, гимнімізді, астанамызды, заңымызы бекіткен болдық. Билігіміз қолымызға тигенде не болды, елімізді жемқорлық жайлады. Ал ол жемқорлықты жою үшін қатаң күрес керек.
Біздің халық жақсы өмір сүруі үшін сол жемқорлықты жою керек және келетін ұрпаққа барлық жақсылықтарды жасауымыз керек. . Халқымыз әлі де қиыншылықты көреді. Біз XXI-ғасырға аяқ бастық, оның 23 жылын бастан өткізіп жатырмыз. Қазақ жақсы өмір сүруі үшін елдегі жүйені қалпына келтіріп, азаматтық қоғам құруымыз керек. Соған да жетерміз! Бірақ елдің экономикасының, елдегі саяси жүйенің орнықты түрде дамуы – осының бәрі халықтың тұрмысына елеулі әсер ететіні белгілі.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.