Ұлттық экономика министрлігі оған салынатын акциз салығын күрт арттыру бастамасын көтерді, деп хабарлайды Turkistan Today.
Қазақстанда темекі лоббиі аса қуатты, тегеурінді екені белгілі. Темекі мен вейптерге қарсы біраз жылдан бері күресіп келе жатқан қоғам белсендісі, "Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін" (Smokefree Kazakstan Coalition) көшбасшысы Жәмила Садықованың дерегінше, Қазақстанда темекі өнімдерін шығаратын белгілі компания "кем дегенде 6 қазақстандық үкіметтік емес ұйымдарды асырап отыр". Былтыр темекі алпауытының "олардың бірнешеуіне 13,5 миллион теңгеден төлегені" туралы ақпарат сарапшының қолына түсіпті.
Ж.Садықова осының алдындағы Салық кодексін әзірлеген жұмыс тобының мүшесі болды. Алайда оның айтуынша, Ұлттық экономика министрлігі жұмыс тобы мүшелеріне білдірмей, темекі алпауытына салықтық жеңілдіктер ұсынатын нормаларды енгізіп, 2022 жылғы сәуірде жаңа заң жобасын Мәжіліске енгізе қойған екен.
Содан шикі, асығыс-үсігіс жамап-жасқала салынған жобада халықтың денсаулығына анық нұқсан келтіретін баптың кетіп бара жатқанын байқап, Денсаулық сақтау министрлігі дереу үзілді-кесілді қарсылығын білдірді.
"Мұны депутаттар да аңғарып, темекі бұйымдарын өндіретін жалғыз компанияға "ерекше махаббат" танытуға наразы болды. Өзіне шектен тыс қамқор болып, айрықша жылы-жұмсақ мемлекеттік преференцияларды ұсынған шенділерге өндіруші де шапағатын аямай төксе керек. Дегенмен, Премьер-министр Әлихан Смайылов Денсаулық сақтау министрлігі мен депутаттарды қолдады. Ұлттық экономика министрі мен Филип Моррис бір жақ болды. Содан Үкімет пен Мәжілістің табанды ұстанымымен келіспеген темекі өндіруші Президент Әкімшілігін шабуылдай бастады, басқа тетіктерін қосты", – деп еске алады қоғам белсендісі, сарапшы Жәмила Садықова.
2022 жылғы маусымда қазақстандық белгілі тұтынушылар ұйымы қыздырылатын темекіге салықты күрт көтеруге қарсы петиция жариялады. Петицияда ол Президенттен "жарты миллион тұтынушыны тең емес жағдайға түсіретін заң шығарушылық процеске араласуын" сұрады.
Содан бері бұдан басқа да петициялар болды. Мысалы, таяуда вейптерге тыйым салуға қарсы петицияны ұйымдастырушылар 100 мыңнан астам дауыс жинағандарын жариялады.
Қоғам белсенділері әшкерелегендей, онда бір адамның 15–17 реттен пікір білдіріп, дауыс беруі тіркелген.
Ұлттық экономика министрлігі бүгінде Салық кодексіне түзетулер енгізетін жаңа заң жобасын әзірлеп жатыр. Бұл жолы министрлік халық денсаулығы үшін шырылдап жүргендер жағына шығыпты.
Министрлік темекі өнімдеріне акциз салықтарын күрт көтеріп, оны Еуразиялық одақ елдеріндегі ставкамен теңестіруді ұсынды.
Ведомствоның түсіндіруінше, заң жобасы одақ аясында темекі өнімдеріне акциз ставкаларын үйлестіруді қарастыратын болады.
"Себебі, ЕАЭО туралы шарт неғұрлым сезімтал акцизделетін тауарлар бойынша акциз ставкаларын өзара үйлестіруге, жақындастыруға міндеттейді. Осы қағиданы сақтау үшін қолданыстағы заңнамада Қазақстанда алдағы 2024 жылы салықты 28 еуро деңгейіне жеткізу үшін темекіге акциздің мөлшерлемесін кезең-кезеңімен ұлғайту көзделген болатын, бірақ бұл индикативтік мөлшерлемеден 20%-ға төмен. Осыған байланысты, жаңа индикативтік ставкаларды белгілеу кезінде темекіге акциздер ставкаларын қайта қарау шаралары қабылданатын болады", – деп түсіндірді экономика ведомствосының сарапшылары.
Лоббидің екпіні мен тепкіні кесірінен Қазақстан 28 еуро межесіне жете алмай жатыр.
Ал "ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің темекі өнімдеріне акциздер саласында салық саясатын жүргізу қағидаттары туралы келісімде" 2024 жылы темекіге акциз салығының көлемі әрбір 1000 тал темекіге 35 еуроны құрауға тиістігі бекітілген. Алда одақ осы ставкаларын да кезең-кезеңімен ұлғайту ұсынылады. Яғни, Қазақстан көп артта қалды.
Дамыған елдерде сигара, темекі, электронды сигарет, стиктердің және басқасының салығының көптігі сонша, ол кең қолжетімді тауарға жатпайды.
Алысқа бармай-ақ, кішкентай Арменияда 2019–2023 жылдар аралығында сүзгі-фильтрі бар темекіге акциздер 1000 темекі үшін 15 еуродан 34 еуроға дейін ұлғайтылды. Жыл сайын кем дегенде 15% артып отырады. Одан ел мол салық жинауда.
Беларусь республикасында сүзгісі бар темекіге акциздің мөлшерлемесі 1000 дана үшін 7-ден 33 еуроға дейін өсті: 26 еуроға қымбаттатылды. 5 жылдағы өсу қарқынының орташа жылдық мәні 67,3%-ды құрайды. Дені сау ұлт құру жолында одақтас мұнымен тыйылмақ емес. 2024 жылы темекіге акциздің мөлшері 1000 дана үшін 55 еуроға көтеріледі.
Қырғыздарда қазірдің өзінде ставка 28 еуроға жетті. Алатаудың арғы баурайындағы ағайындарда шылым салығы жыл сайын орта есеппен 10,9% жоғарылап отырады.
Ресейде соңғы төрт жылда сүзгісі бар темекіге акциздің мөлшерлемесі 1000 талы үшін 35-тен 45 еуроға дейін өсті. 5 жылдағы өсу қарқынының орташа жылдық мәні 8%. Көрші 2024 жылы акцизді 46 еуроға жеткізбек.
"2019–2023 жылдар кезеңінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердегі темекіге акциздер мөлшерлемелерінің жақындасу динамикасына талдау жасалды. Тараптардың аталған акциздердің мөлшерлемелерін жүйелі түрде арттырып жатқаны анықталды. Одаққа мүше мемлекеттерде сүзгісі бар темекіге акциздер ставкаларының өсу қарқыны 8%-дан 67%-ға дейін жетті. Ал Еуразиялық одақ бойынша осы акциздер ставкаларының өсуінің орташа шамасы 25%-ды құрады", - деп отыр Ұлттық экономика министрлігі.
Яғни, одақтағы ең қоры, лоббистердің шырмауынан шыға алмағаны Қазақстан болып тұр. "Әділетті Қазақстан" бұл әділетсіздік пен олқылықты жояды деген үміт бар.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.