Түркістан: не өзгерді, қалай өркендейді?

Түркістан: не өзгерді, қалай өркендейді?

"Ежелден жер емес ол қарапайым,
Білесің тарихты ашсаң Тұран жайын.
Тұранға қасиетті құмар болған,
Ертеде Кей-Құсырау мен Зұлқарнайын”.
                                             Мағжан

Өткен жылғы 15 желтоқсанда ФБ желісінде “Сіз Түркістанда болдыңыз ба?” атты мақала жазып, пікір-пайымымызды, ұсынысымызды жария еткенбіз. Негізі бұл тақырыпты сабақтауға себеп - Әзірет Сұлтанға сапарлап қайтқан досымыздың жанашыр сөзі-тін, деп хабарлайды Turkistan Today.

Ол орналасқан қонақ үйдің бос тұрғанын, меймандардың аздығын қынжыла хабарлады. Салынған ғимараттарды толық, яғни тиімді пайдалану үшін облыс, қала әкімшілігі ғана емес, барлық орталық мемлекеттік құрылымдар, барша отандастарымыз мүдделі болуға тиіс деп ойлаймыз. Жалпыұлттық және халықаралық іс-шаралар, фестивальдар өткізу кестесінде Түркістанның берік орын алатын хақы бар. Өйткені, қала орналасқан өңір, қолайлы көлік, әуе қатынасы, жайлы ауа-райы осылай деуге мол мүмкіндік береді. Оның үстіне Түркістанның дамуына және  инфрақұрылым нысандарые салуға еліміз бір кісідей атсалысты. Мемлекет, бизнес өкілдері тарапынан аз қаржы жұмсалмады.


Бизнес адамдары мен туристер үшін заманауи қонақ үйлер мен мейрамханалар, басқа да тарихи-мәдени нысандар жыл он екі ай үзіліссіз жұмыс істейді.
Тарихи сайлау алдында өңірге арнайы барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: "Біз киелі шаһарды рухани және тарихи елордамыз десек, дұрыс пайым болатынына күмәнім жоқ. Сондықтан Үкімет таяу арада Түркістан қаласына осындай мәртебе беру мәселесіне қатысты лайықты шешім қабылдайды деп ойлаймын” деген ұсынысы іс-шара жоспарына еніп, орындалады деп сенеміз. Алайда жауапты билік орындары құлағына - алтын сырға, көпшілік көңілінде жүрген бірқатар ой-пікірді ортаға салуды жөн санадық. 


Біздіңше, қазіргі ең басты проблема - халықаралық деңгейдегі заманауи жарнама, жаңа қала жетістіктерін насихаттау жұмыстарының дәйексіздігі, аздығы. Бұдан кейін тарихи-рухани мекенге барып-қайту жол ақысының, жамбаспұлдың, өзге де қызмет түрлерінің қымбаттығы. Халықтың қалың бөлігі үшін олардың құнын қолжетімді ету - ықпалды шешімнің бірі ретінде қабылданар еді. Тіпті жыл маусымына, науқанға сай имантаразы ақы белгілеп, түрлі арзандату акцияларын ұйымдастыру да орайлы.
Мысалы, Сочиде қысқы олимпиада ойындары өткеннен кейін көп нысан бос тұрмауын діттеп, сол бағыттағы әуе, теміржол билеттері арзандатылды. Көрші елдің кез келген қаласынан, тіпті жақын шетелдерден арнайы рейстер ұйымдастырылды. Басқасын айтпағанда, студенттер қауымы да саяхаттап-демалып барып қайтатындай жағдай жасалды. 


Дәл осындай тәсілдер арқылы Түркістанда  жұмыссыздық пайызын кемітуге мүмкіндік туар еді. Өйткені, қалаға келім-кетім көбейген сайын туристік бизнес, денсаулық сақтау, сауда, қоғамдық тамақтандыру саласы жанданады. Даяшы, жүргізуші, фотограф, аудармашы, гид сияқты аса қажетті науқандық кәсіп иелерімен тиімді де жаңа еңбек шарттарын жасауға тура келетін шығар.


Сонымен бірге қалада құрылысшы, архитектор, су жүйесі мен канализация, энергетик, желдеткіш, тоңазытқыш техниктері және цифрландыру мамандарына деген сұраныс та өсетіні айқын. Осындай үдерісті жан-жақты ескермесе болмайды.
ЮНЕСКО мәдени мұралары тізіміндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі - Түркістанның әлемдік мақтанышы, бренді екенін өз азаматтарымыз түгел білгенде ғана рухани астана мәртебесі артары сөзсіз. 
Әрбір істе жоғары мәдениет, жан тазалығы, терең гуманизм "мен мұндалап" тұруға тиіс. 


Ең әуелі ішкі туризмді дамытуға басымдық берудің маңызды екенін айтудайын айтып келеміз.  Сондай-ақ жүзеге асырылар амалдың бірі -  барлық мекеме мен ұйым қызметкерлерінің 10 пайызына марапат ретінде Түркістанға саяхаттауды (кәсіподақ ұйымдары да қарап қалмас) ұсынса, облыстардағы білім саласы үздік студенттері мен оқушыларына арнайы үш-төрт күндік тұрақты жолдама берсе, рухани-тарихи астананың келбеті мен мәні күрт өзгере бастайды. Әрине,  жаңа бастама тиісті министрліктер тарапынан нақты іс-шара ретінде қолға алынып, бақылау,  есеп беру арқылы жүргізілсе ғана іске асады. Халық көреді, қала әрі қарай бойын көтереді.
Жалпы, Түркістанды дамыту жөнінде халықаралық экономикалық форумдар өткізудің де жөні бар. Сол арқылы рухани астана мақсатты мемлекеттік бағдарламарға қатысуға, инвестициялық жобаларды тартуға жол ашады.


Ғұламалардан қалған сөз бар: «Өз заманымен ғана өмір сүретіндер заманы өткенде жетім болып қалады». 
Осы тұрғыдан келгенде, Түркістан - жасампаздық пен үміттің де рәмізі.
Ежелгі тұран-түркі өркениеттері тоғысындағы тарихи, рухани орда бүгіні мен болашағын тең бағамдап, әлем талғамы мен әділетті Қазақстан сұранымына сай өркендеуге мүдделі деп санаймыз.

Дархан МЫҢБАЙ,
Түркістан облысының құрметті азаматы

“СІЗ ТҮРКІСТАНДА БОЛДЫҢЫЗ БА?”https://www.facebook.com/100040484655794/posts/895696268456520/?d=w&mibextid=qC1gEa

Сіздің реакцияңыз қандай?

like
1
dislike
0
love
1
funny
0
angry
0
sad
0
wow
0