Түркістан: Жетісайлық әжелер ұлттық қолөнерді дәріптеп жатыр

Түркістан: Жетісайлық әжелер ұлттық қолөнерді дәріптеп жатыр
Қазақ ұлттық мәдениетінің ең байырғы, аса құнды саласының бірі – қолөнер. Өресі биік, өрісі кең өнерді өнерді жетісайлық әжелер бүгінде өскелең ұрпаққа дәріптеп, ауыл келіндеріне үйретіп отыр.
Руханият пен азаматтықты өркендету жолында бүкіл күш-жігерін жұмсап, ұлттық дәстүр мен мәдениетті, тіл мен қолөнерді дәріптеп жүрген Жетісай ауданы, Атамекен ауылдық округінің әжелері көпке үлгі. Бүгінде жастары 70-ке жақындаған әжелер қолданыстан шығып қалған ұлттық ою-өрнектерді ойып, оларды бастырмалау, тоқыма мен кесте тоқу, киіз басу, ши және кілем тоқу, құрақ құрау мен тері илеу арқылы 20-дан аса бұйымды жасайды, деп хабарлайды Turkistan Today.
– Ата-баба мұрасын бала бойына ұлттық өнер үлгілері арқылы сіңіріп, қолмен істеп, көзбен көрсетіп, тәжірибе арқылы орындап келеміз. Егеменді ел болғалы өз мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрып, тұрмыс-тіршілік болмысымызды қайта жаңғыртып жатыр. Әр ұлттың өзіне тән қолөнері бары анық. Біздің халықымыздың қолөнерінің түп-тамыры – халықтың өмір сүру салтымен, шаруашылық дәстүрімен тығыз байланысты, – дейді қолөнерші әжей Ұлбосын Кенжебаева.
1980 жылдардан бастап қолөнерді кәсіп етіп келе жатқан әжелердің ізін басып, ұлттық қолөнерді игеру арқылы өз халқының тарихи құндылықтарын біліп, мәдени мұрасын қадірлеуге, салт-дәстүрлерін бойларына сақтап, кәсіби ісіне қажетті эстетикалық, этникалық, ұлттық қасиеттерін қалыптастыруға қызығушылық танытып жүрген ауыл жастары да аз емес.
– Апаларымыз әрбір жұмыс барысында біздің бойымыздан шыдамдылық пен ұқыптылықты, саусақтардың икемділігі мен шапшаң бітіруге деген құлшыныстар сияқты әрекеттердің үнемі болуын ескертіп отырады. Сондықтан болар өз ісімізге деген сүйіспеншілігіміз оянып, өз ісімізге мақтанышпен қараймыз. Сенімділік пайда болады. Осындай сеніміділіктің арқасында қолөнерге деген қызығушылығымызды арттырып, халық өнерін насихаттап, оны түрлі қиялмен жаңартып, қолөнер бұйымдарының сапасын арттыра беру аса игілікті іс, – дейді көпбалалы ана Меруерт Ізімханова.
Саналы ғұмырын ел дамуына арнап, зейнеткерлік жасында да ұрпақ тәрбиесінен қол үзбей өскелең ұрпақтың ойын тереңдетуде, шығармашылық қабілеттерін дамытуда, еңбекке қызығушылықтары мен ой-өрістерін кеңейтуде, сонымен қатар, эстетикалық талғам деңгейлерін жоғарылату мақсатында жетісайлық әжелердің атқарып отырған жұмыстары жастардың жаңа өмірге бейімделіп, мамандықты меңгерудің алғы бастамасы болары анық.
Айта кетейік, ауыл әжелерінің қолынан шыққан бұйымдарға Жетісай, Мақтаарал аудандарымен қатар облыс орталығынан да тапсырыс түсіп тұрады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Сіздің реакцияңыз қандай?

like
0
dislike
0
love
0
funny
0
angry
0
sad
0
wow
0