Пантеонда музей мен алып "Естелік қабырғасын" салудан бас тартылды, деп Turkistan Today хабарлайды inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Себебі Қазақстан Үкіметінің 2020 жылғы 15 сәуірдегі "Ұлттық пантеон туралы ережені бекіту туралы" №208 қаулысында: "Қайтыс болған (қаза тапқан) мынадай адамдар Пантеон аумағында жерленеді: "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев" орденімен марапатталған азаматтар", – деп жазылған.
Енді осы қаулыны өзгертетін Үкіметтің жаңа қаулысының жобасында бұл орден алып тасталмақ. Жалпы қазіргі кезде Елбасы атындағы орденді беру тоқтатылды. Сондықтан таза алтыннан жасалған және сегіз ұзын сәулелерінде бриллиант-гауһарлар инкрустацияланған бұл орден енді шығарылмайды.
Бірақ 2001 жылғы заңмен тағайындалғалы бергі жиырма жылдан астам уақытта бұл орден біраз адамға үлестірілді. Онымен марапатталғандар туралы жазба Қазақстан Республикасының Даңқ Кітабына түсірілген.
Оған сәйкес, "ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев" орденімен Орыс православ шіркеуінің Астана және Қазақстан митрополиті Александр (Могилёв) (2021 жылы), мемлекеттік және саяси қайраткерлер Нұртай Әбіқаев, Иманғали Тасмағамбетов, Әділбек Жақсыбеков, Ақмоланың бұрынғы әкімі Мәжит Есенбаев, ШҚО бұрынғы әкімі Виктор Храпунов (2005), Владимир Школьник, Тайыр Мансұров, Ұлттық банктің бұрынғы төрағалары Әнуар Сәйденов пен Григорий Марченко, миллиардер Болат Өтемұратов, Махмұд Қасымбеков, Кәрім Мәсімов, Қанат Саудабаев, Даниял Ахметов, Ахметжан Есімов, Бактықожа Ізмұхамбетов, Қырымбек Көшербаев, Нұрлан Нығматулин, Асқар Мамин, Амандық Баталов, Қайрат Мәми және басқа да ығай мен сығай марапатталды.
Өзгерістерді әзірлеген Мәдениет және спорт министрлігінің түсіндіруінше, 2023 жылғы 13 ақпанда "ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы" конституциялық заңының күшi жойылды. Тиісінше, осы аттас орденмен наградталу пантеонда жерлеуге негіз болып табылмайды.
Жаңа үкіметтік қаулы жобасының тағы бір елеулі жаңалығы өмірге жолдама алса, онда пантеон бұрынғы пафосынан, сән, салтанатынан айрылғалы тұр.
Себебі, Асқар Мамин қабылдаған қолданыстағы Үкімет қаулысына сәйкес, пантеон аумағында біріншіден, зәулім мемориалдық ғимарат салу жоспарланған. Екіншіден, онда "Естелік қабырғасы" аталған алып монументі бар естелік музей ашып, онда сол жерде жерленген, XХ-XXІ ғасырларда еңбек еткен тұлғалар туралы экспонаттар қою қарастырылыпты.
Енді Үкімет оның бәріне қаржы шығындаудан бас тартты.
"Пантеон аумағына: 1) әкімшілік, шаруашылық және қосалқы ғимараттар; 2) құлпытастар; 3) саябақ және іргелес аймақтар кіреді", – деп қысқаша жазылған жаңа қаулы жобасында. Яғни, біршама қарапайымданды.
"Пантеонның қолданыстағы аумағында мемориалдық ғимарат және музей ғимараты жоқ. Сонымен қатар аталған ғимараттарды салу әзірге көзделмеген. Себебі олар бойынша мемлекеттік инвестициялық жоба, жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу және құрылыстың өзін жүргізу қажет, ол қолға алынбады. Оның үстіне таяу жылдарға арналған жергілікті және республикалық бюджеттерде және одан арғы жоспарларда бұл жобаларды қаржыландыру қарастырылмаған", – деді мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов.
Сондықтан музей мен еңселі мемориал салудан бас тартуға шешім қабылданған.
Бұдан бөлек, қаймана қазақтан, бұқара жұрттан бөлек, пантеон аумағында жерленетін тұлғалардың туысқандарына қатысты бірнеше өзгеріс енгізілгелі тұр.
Атап айтқанда, қолданыстағы құжаттағы "Қазақстан Республикасының президенттері және олардың отбасы мүшелері" деген сөйлемнен отбасы мүшелері деген сөз алып тасталмақ. Бірақ министрлік басшылығының түсіндіруінше, бұл Президенттің қасына жан жары қойыла алмайды дегенді білдірмейді: ережеде оның жұбайы немесе зайыбын жанына жерлеу мүмкіндігі қарастырылған.
Ал президенттердің өзге отбасы мүшелерін, мысалы, балаларын, немерелерін, шөбере, шөпшек, неменелерін және басқаларын пантеонға жерлеуге шектеу қойылады деп күтіліп отыр.
Сонымен қатар, "Пантеонда жерлеуге жататын адамдармен бірге олардың кейінірек қайтыс болған (қаза тапқан) жұбайларын жерлеуге болады" деген ереже "Пантеонда жерлеуге жататын адамдармен олардың қайтыс болған (қаза тапқан) жұбайларын жерлеуге болады" деп өзгертілмек. Вице-министр пантеонда жерлеуге жататын лауазымды тұлғаның жұбайы немесе зайыбы одан бұрын, ерте қайтыс болуы мүмкін екеніне назар аудартты. Сонда оның жанынан әлгі тұлғаның өзіне орын сайланбақ.
Қолданыстағы тәжірибе бойынша Пантеонда жерлеуді тіркеу кітабы жүргізіледі. Оған қайтыс болған не қаза тапқан адам туралы мынадай мәліметтер түсіріледі:
Министр Асхат Ораловтың командасы осыдан алғашқы екі пунктті ғана қалдыруды ұсынып отыр. Өйткені егер ол шынымен көрнекті тұлға болса, оны ел онсыз да біледі.
"Лауазымды тұлғаның өмірбаяны барлық ресми көздерде, ақпарат құралдарында жарияланады, бұл онсыз да жұртқа белгілі ақпарат. Оның бәрін Тіркеу кітабына көшіріп жазудың қажеті жоқ. Лауазымды тұлғаның еңбегі оның осы пантеонға жерленуімен расталады. Қайтыс болған тұлға туралы жерлеу кезінде көрсетілген екі дерек те жеткілікті. Өзге деректер, мәселен, тұлғаның қайтыс болу себебі және сол сияқты деректер өзге мемлекеттік мекемелерде, солардың базасында тіркеледі. Қажет болған жағдайда содан алғызуға болады", – деген ұстанымда мәдениет министрлігі.
Жалпы, сарапшылар басқа бір мәселені көтеріп жүр. Егер Астана қарқынды өсіп, өркен жайса, пантеон қала ішіне еніп кетуі мүмкін. Себебі, ол елордадан 17 шақырым жерде ғана орналасқан.
Халық "элиталы зират" атап кеткен Ұлттық пантеон жобасы 2013 жылы бастау алды: сонда астаналық әкімдік ең үздік эскизге байқау жариялады. Қабанбай батыр ауылы аумағынан ауқымды жер телімі бөлінді. Жоба қағаз жүзінде ғана болғанына қарамастан, болашақ бейіт территориясында белгілі адамдарды жерлей бастады.
Әкімдіктің дерегінше, онда жиырма шақты адам жерленген. Бірақ қала әкімдігі журналистердің пантеонда нақты кімдер жерленгені туралы сұрағына жауап бермеген.
Бір белгілісі, нысан 2020 жылғы маусымда ғана толыққанды іске қосылыпты.
Ашық дереккөздерге жүгінсек, онда көрнекті мемлекеттік және саяси қайраткер, III және IV шақырылымдағы Мәжіліс төрағасы Орал Мұхамеджанов, абыз жазушы Әбіш Кекілбай, ақын Фариза Оңғарсынова, Сара Назарбаеваның ағасы Саяхат Қонақай, Бас прокурор Мақсұт Нәрікбаев, Ақмола облысының әкімі Сергей Дъяченко, Есеп комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Жаңбыршин, бұрынғы қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаевтың әйелі Гүлбану Алтынбаева және басқалар жер қойнына тапсырылды.
Ресми мәлімет бойынша молаға арналған жер тегін беріледі.
Пантеонды жасап, жабдықтауға жалпы сомасы қанша ел қаржысы жұмсалғаны белгісіз, жарияланбады. Ашық ақпарат көздерінде айтылғандай, кем дегенде миллиард теңгеге жуық қаражат бағытталған.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.