Келген 2024 жылды қазақты түсінікпен ұлу жылы деп қарсы алдық. Алайда қоғамда «айдаһар» жылы деп жүргендер де аз емес. Тіпті сауда нүктелерінде жаңа жыл нышаны ретінде ұлуға қарағанда айдаһар бейнеленген тауарларды жиі екенін көзіміз шалды. Сонда биылғы жыл ұлу жылы ма, әлде, айдаһар жылы ма? Осы сұрақтың бір жауабын білу үшін El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі этнограф пен тарихшылардың пікірін тыңдап көрген еді, деп хабарлайды Turkistan Today.
Айдаһар – батыс және Қытай дүниетанымындағы символ. Сол себепті, көпшілік ата-бабадан келе жатқан наным-сенім жолымен шығыс күнтізбесіндегі ұлуды қаңтардағы және наурыздағы жыл басында босағадан аттатуымыз керек деген пікірде.
Этнограф, мәденеттанушы – этностың психологы, дәрігері, мұғалімі. Бізде кәсіби этнографтар аз, мәдениеттанушылар да сондай. Бар болғанның өзінде қазақ тілін білмейді. Сол себепті қазақы дәстүр мен салтқа, оның тарихы мен бүгінгі жағдайына қатысты ұғымдарға келгенде үнемі дау болып жатады. Сіз қойып отырған сұрақ та дәл сол секілді. Бүгінгі күнге дейін ұлуды «улитка-snail» мағынасында қабылдап келдік. Ұлу жануарға кірмейді, ол ұсақ жәндік (моллюска) қатарында. Сыртының қабыршағы бар, өзі бармақ басындай ғана тіршілік иесі. Жаздың күні табиғатта отырсаңыз жапыраққа жабысып тұрғанын көресіз, теңіз жағалап жүрсеңіз сыртқы қабыршағын кездестіруіңізге болады. Осы тұрғыдан ұлудың Орталық Азия халықтарының 12 жылдық жан-жануарларға негізделген күнтізбесіне кіру мүмкіндігі жоқ екенін біле беріңіз, – дейді белгілі тарихшы Жамбыл Артықбаев.
Оның айтуынша, біз бүгін ұлу деп "улитканы" (snail) айтып жүрміз. Ал шын мәнінде ұлу деген – айдаһар.
Неге дейсіз ғой? Себебі біреу ұлы далада ертелі-кеш өмір сүрген халықтардың тілдерінің бәрі мыңдаған жылдар бойы қазіргі қазақ тілін құрап шығарған. Мәселен, қазақ тілі түркі тілдеріне жатады. Бірақ қазақ тілінің көне қабаттарын қарасаңыз ежелгі үнді еуропалықтарды, ариандарды (арий), ғұндарды, моңғолдарды, қалмақты тағы басқаны көруге болады. Айдаһар сөзі біздің тілімізде ариандық кезеңнен бар, сол себепті біздің кейбір білгіштер оны «парсылық-ирандық» дегісі келеді. «Наурыз» ұғымын да осылай «парсы-иранға» теліп, сырттан келді деп жүрміз. Бұл – қате пікір. Тарихшылар мен этнографтардың нашарлығы, – деді тарихшы.
Мәселен, қазақтың біразы ұлуды балық, ұлу жылын балық жылы дейтін. Бұл сонау сақ-скиф (ішғұз, ишкуз, ішкі оғыз) заманынан, яғни біздің жыл санауымызға дейінгі І мыңжылдықтан бері айтылады. Оның нақты дәлелі саха-якут халқы айдаһарды «балық» деп атайды. Балықтың өзін «шыр» (чир, чыыр) дейді. Десе де, балықтың түріне қатысты үрүк балық, кызыл (қысгыл) балык ұғымдары қолданылады. Айдаһардың сақ-ішғұз ортасында әуелгі атауы «Ұлы Балық» болуы да мүмкін немесе айдаһар тотемдік сипат алып, оның атын атауға тыйым салынып, оған қатысты балық, ұлу тағы басқа сөздер қолданыла бастады. Айдаһар бейнесі дәл осы уақытта ерте көшпелілердің аң стиліндегі өнеріне енді. Яғни, сак-скиф (ішкі оғыз) дәуірінде оның тотемдік қасиеті өнер арқылы заңдастырылды. Оның толып жатқан мысалдарын тарихшы Қырым, қазақ даласы, Алтай сақ қорғандарынан табылған артефактілерден кездестіреміз деп отыр.
Сондай-ақ, ғұн дәуірінде айдаһардың аты ұлу тұрғысынан Орталық Азияның шығыс аймақтарына, Қытайға тараған. Ғұндардың көсемдері Бай Лун аталады, яғни (бәй, bəy – қасиетті деген, ал лун (ұлу) айдаһар мағынасында. Сонда Бай Лун аудармасы «Қасиетті айдаһар» болып шығады. Сарыарқада Теңіз көліне жақын орналасқан «Айдаһарлы» аталатын қасиетті үңгір де сол Ғұн дәуірінің ескерткіші. Жалпы, ғұндар туралы айтқанда олардың ата-бабаларының б.э.б. ІІ жылдықтарда Шығыс Түркістанның Хотон (Қотан) аймағына қазақ даласына көші-қон барысында орныққанын естен шығармағанымыз дұрыс. Тарихшы осы ұлы көші-қондар кезінде айдаһар да Қытай дүниетанымына, өнеріне енгенін жоққа шығармады.
Әфсаналық кезең суреті (Баянаул), Айдаһарлы үңгірі (Теңіз-Қорғалжын)
Айдаһардың ғұн дәуірінде ұлу түрінде қолданылғанын дәлелдейтін деректердің бірі – моңғол тіліндегі мағыналары. Моңғол тілінде «луу» екі мағынада бірі айдаһар, бірі кәдімгі ұлу мағынасында қолданылады. «Ұлу жылы» атауы моңғол тілінде бізге ұқсас - Луу жил (Моңгол-казах толь, 292). Сонымен бірге моңғол тілінде осыған ұқсас «лооеэ» деген сөз бар, мағынасы – ұлы ата, немесе төре. Мысалы ван лооеэ дегені – уаң төре. Соңғы мысал қазақ тіліндегі ұлы, ұлық деген ұғымдарды еске түсіреді. Біздің зерттеушілер түркі халықтарының «Ұлу» сөзі қытайдың Лу, яғни айдаһар сөзінен алынды деуі қатты қателеседі. Қытай тілінде «лу» сөзі еш мағына бермейді, оларда айдаһар лоң (long) дыбыстарымен беріледі. Түрік тілдерінде ұлу (ulu) және ұлық –(uluğ) қытай тіліндегі лоң (long), немесе моңғолдың луу (luw), қалмақтың лун (lun) сөздерімен фонетикалық жағынан да, семнтика тұрғысынан да үндес және ұқсас. Біз бұл ұқсастықты ғұн кезеңінің Шығыс мәдениетіне ықпалынан, әсерінен іздеу керек деген пікірдеміз, – деді.
Зерттеушілердің ішінде ұлу-айдаһар бірлігі туралы алғашқы пікір білдірген – В.В.Радлов. Зерттеуші «Лу, ул, ла, лю, л – змея, дракон в древнетюркском. lū, lű, lu, luŋ - на древнетюркском – «дракон» или «змей». Lyi - луi - «дракон» (Радлов В.В.. Опыт Словаря Тюрк. нареч, вып. 15). Көне түрік жазбаларында, әсіресе үшінші қағанат (Ұйғыр қағанаты) дәуірінде жазылған еңбектерде «Lű jïl» «айдаһар жылы» аталатыны туралы дерек келтірген.
Тарихшы Жамбыл Артықбаев ұлу айдаһардың ежелгі атауларының бірі және бұл атаудың кіруі біздің ата-бабаларымыздың тотемдік түсініктеріне байланысты болуы мүмкін екенін атап өтті.
Қазақ ауыз әдебиеті қорындағы айдаһарлар туралы ертегілер циклы оның тым ерте заманда тотемдік қасиетке ие болғанын тікелей нұсқайды. Ал ежелгі дәстүр бойынша тотемдік қасиеттің атын атауға болмайды. Сақ скиф (ішғұз, ишгуз, ішкі оғыз) заманында айдаһарға қатысты балық атауы қолданылған және ол дәстүр де қазақ жерінде өмір сүріп келеді. Ғұн дәуірінде айдаһар атауы «ұлу» форматында Орталық Азияның шығыс аймақтарына тараған және олар әлі күнге айдаһарға қатысты оны қолданып келеді. «Ұлу» сөзі түркі және моңғол халықтарының тарихының негізгі сатыларын анықтауға мүмкіндік береді, – деді тарихшы.
Ал тарихшы және өлкетанушы Өмір Шыныбекұлы «Орталық Азия елдерін біраз аралап, этнографиясын зерттеген археолог, этнограф, Грузин Ғылым Академиясының академигі Куфтин Борис Алексевич (1892-1953) «Календарь и первобытная астрономия киргиз-казацкого народа // (Этнографическое обозрение. 1916, N:3-4) қазақтың жыл санауындағы «ұлу» дегеніміз «айдаһар» деп» дерек келтіргенін тілге тиек етті.
Қазақ аңыздарында «Бойына сенді» (Түйе бойына сеніп жылдан құр қалыпты) деп түйеге қимаған жыл атауын аталарымыз құртақандай сүйкімсіздеу жәндікке қия салды дегенге илану қиын. Сондықтан мен академик Б.Куфтиннің пікіріне қосыламын, – дейді өлкетанушы Өмір Шыныбекұлы.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.