Юрий Пя жетекшілік ететін UMC Жүрек орталығының дәрігер-зерттеушілер тобы 13 сәуір мен 13 қазан аралығында Жапонияның Осака қаласындағы Дүниежүзілік Expo-2025 көрмесінде «ALEM» атты бірегей жүйені таныстырады. Донорлық жүректі сақтау және тасымалдауға арналған құрылғы «Heart Center Foundation» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асырылған,- деп хабарлайды turkistan.today
ALEM (Astana Life Ex-situ Machine) құрылғысы – донорлық органдардың өміршеңдігін 24 сағаттан астам уақыт бойы сақтауға мүмкіндік беретін инновациялық әзірлеме. Бұл Қазақстан сияқты аумағы үлкен елдер үшін аса маңызды дүние. Себебі трансплантология саласындағы басты мәселелердің бірі – ағзаларды дер кезінде жеткізу. Дәстүрлі әдіспен орган небәрі 4-6 сағат сақталса, ALEM технологиясы ағзадағы жағдайға барынша тиімді орта жасап, қажетті температураны сақтап, қанды оттегімен қанықтырып, өмірлік маңызды көрсеткіштерді нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.
«Біз ауа райының қолайсыздығына байланысты донорлық жүректі уақытында ала алмай, күрделі жағдайға тап болдық. Сол кезде Қазақстан үшін қолжетімді әрі тиімді болатын өз жүйемізді жасау идеясы туындады», – деп еске алады жоба жетекшісі әрі UMC Басқарма төрағасы Юрий Пя.
Қиын сәтте пайда болған тың идея қазір тиімділігі мен қауіпсіздігін жануарларға жасалған клиникаға дейінгі зерттеулер барысында дәлелдеген құрылғыға айналды. Танымал кардиохирургтің айтуынша, аталған құрылғыда донорлық ағзаны тек сақтап қана қоймай, қажет болған жағдайда емдеу мүмкіндігі бар. Бұл трансплантация нәтижесін жақсартып, көмекке мұқтаж адамдарға үміт сыйлары сөзсіз.
«Хирург ретінде айтарым – бір адам ештеңе тындыра алмайды. Мықты нәтиже командалық жұмысқа тікелей байланысты. Біздің ауқымды жобамыз үшін білікті мамандар физикалық, интеллектуалдық тұрғыда тынбай тер төкті. Осы ретте, «Heart Center Foundation» қоғамдық қоры материалдық қолдау білдірмегенде, бұл жоба әсте жүзеге аспайтын еді», – деп ағынан жарылды Юрий Пя.
Медициналық жүйені әзірлеуге инженерлермен қатар кардиохирургтер, перфузиологтар, анестезиолог-реаниматологтар, морфологтар, мейіргер ісі мамандары, зертханашылар және UMC Жүрек орталығының өзге де қызметкерлері атсалысты. Идеядан бастап құрылғыны құруға дейінгі жол бірнеше жылға созылды. Енді алда ALEM жүйесіне клиникалық зерттеулер жүргізу кезеңі тұр.
Мыңдаған адамның өмірін құтқаруға жол ашатын құрылғы Дүниежүзілік Expo-2025 көрмесінде халықаралық қауымдастыққа кеңінен таныстырылуда. Айта кетейік, биылғы көрменің басты тақырыбы – «Designing Future Society for Our Lives»(«Өміріміз үшін болашақ қоғамды қалыптастыру»). «QazExpoCongress» ұлттық компаниясымен безендірілген ALEM жобасы Қазақстан павильонындағы «Connecting Lives» («Өмірлерді біріктіру») аймағында ұсынылды. ALEM-нің 2025 жылғы Expo көрмесіне қатысуы серіктестердің қолдауының арқасында мүмкін болды.
«Бұл өнім нағыз серпіліс әкелді. Технология бұрыннан белгілі болғандықтан, оны жаңашылдық деп қабылдай алмайсың. Десе де, іс жүзінде клиникаға дейінгі бастапқы сынақ деңгейінде болса да оны жүзеге асырып, бір тәулікке дейін қолдану – медицина үшін үлкен жетістік дер едім. ALEM жүйесінде органды тек сақтамай, денеден тыс жерде емдеуге болатыны маңызды», – деп атап өтті жоба авторларының бірі, UMC Жүрек орталығының Клиникалық академиялық кардиохирургия департаментінің директоры Тимур Лесбеков.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.