"Жүрдің бе сен тамашалап, көшесінде Абайдың..."

ашық дереккөз
ашық дереккөз
Әртүрлі 31 мамыр, 2023

Көпке танымал әннің осы жолдары бұрынғы астанамыз - Алматының келбетін әлі күнге дейін көз алдыңызға әкеледі.
Санада жатталып қалған әуені көңілді көкке өрлетіп, Алатаудағы шаһардың саф ауасын, бал татыған алмасын, сұлу көшелерін еске салады. Сол шабытқа елітіп, еліміздің қазіргі астанасындағы көшелерді де әнге қосқың келеді. Өкінішке қарай, ән айту ұзаққа созыла қоймайды. Оның себебі - орталықтағы кең, көрікті, жарық даңғылдардан бөлек,  атауы дардай, белгілі тұлғалардың есімдерін иеленген көшелердің көзден тыс, көңілден жырақ қалуы. 

Әрине, ел қонған жаққа бақ та ауады, сондықтан Асан қайғы бабамыз Есіл мен Нұра өзендерін көргенде: «Жары менен сайы тең, жарлысы менен байы тең болатын жер екен», «Алты күнде ат семіртіп мінетін жер екен» деп баға берген құтты жерге елордамыз қанат жайған соң, етек-жеңімізді жинаған ел ретінде бұған ұсақ-түйек деп қарауға болмас. Еліміздің астанасын ардақтап аялауды, мұнтаз қаланы мақтаныш тұтуды - осындағы әрбір ғимараттың тасы мен кірпішіне дейін қолымен ұстаған Елбасының өзінен үйренгеніміз абзал.  Алайда сол іске тікелей жауапты, құзырлы мекемелердің қала келбетіне, яғни эклектикаға жол бермей, ғимараттарды бірыңғай үйлесімді мәнерде салудағы, санитарлық тазалық пен тәртіпті сақтаудағы салғырттығына мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев та көңіл бөліп, ескерту жасағанын білеміз. 

Сондықтан да болар, әнге қосудың орнына әзірге назарың қаланың ескерусіз қалған бөлігіне ауып, келеңсіз көріністер кес-кестеп,  көшелердің аты мен заты ойыңды бөле береді. Шынын айтқанда, Есілдің оң жағалауында оңынан басталған құрылыс жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.  Абаттандыру қарқыны да бәсеңдемеуге тиіс-тін,  алайда шаһар шаруашылығының шеті шашыраңқырап, орамдары мен көшелеріндегі тәртіп босаңқырап бара жатқандай көрінеді. Басы жақсы басталған көшелердің соңы, аудандардағы ішкі жолдардың жиегінде өз бетінше өскен ағаштар мен әсемдікке егілген бұталардың қараусыз қалуы, жекелеген фирмалар мен кәсіпорындардың, жеке үйлердің әр қилы қоршау-шарбақтары, аула қорғандарының қиқы-жиқылығы, бұрыштарда үйілген қоқыстар - бәрі де жауапсыздықтың, немқұрайлықтың, қырсыздықтың айғағы болса керек. Сөзіміз дәлелді болуы үшін ондай жерлердің фотосын қоса беруге тура келеді. Мұны кез келген қала тұрғыны да растай алады. Сондықтан қала басшылығы мұны сынау немесе аяқтан шалу деп емес, осыған дейін талай мәрте төгілген маңдай тер мен қыруар қаржыға, ұйымдастыру шараларына жергілікті тұрғындардың жанашырлығы, азаматтық көзқарасы, ақ-адал ниеті деп қабылдағанын қалар едік. 

Жалпы тәртіп, тазалық, әсемдік, қаланың тек орталық көшелерінің көркімен, үлкен даңғылдарының бойымен өлшенбесе керек. Оның үстіне дәл қазіргі кезде оң жағалаудың жай-күйі жыл мезгілін күтсе, еріп кететін қалың қар да емес. 
Елордадағы тиісті аудандардың әкімдері арнайы кесте жасап, қала күні қарсаңында ғана емес, ауық-ауық өз аумағындағы көшелерді жаяу аралап тұрса, оның пайдасын өздері де, тұрғындар да көрер еді. Меншік түріне қарамастан, қожайындарына заңға сәйкес ескерту жасалса, санитарлық талаптан өзге қаланың архитектуралық келісім-келбетін сақтау талаптарын күшейту арқылы қадағалауды қолға алса, айыппұлсыз-ақ көп мәселелер өз шешімін табатыны сөзсіз. Ең бастысы, оларға ықпал етудің механизмі іске қосылғаны абзал.

Бүгінде бүкіл елімізде көкейкесті мәселе болып тұрған санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды жақсарту үшін табиғатты қорғау полициясын, басқа да тиісті мекемелерді жұмылдырып, ортақ істі атқаруға волонтерлерді тартып, тазалықты ретке келтіруге толық мүмкіндік бар деп ойлаймыз. Сонымен бірге қала тіршілігіне байланысты қоғамдық пікір тудырып келе жатқан, елдің санасына әсер ететін бірқатар маңызды мәселені ортаға салсақ дейміз. Бізде бұрыннан келе жатқан жақсы дәстүр бар, ол - ұлттың әрдайым жадында тұратын, елге, қоғамға еңбек сіңірген тарихи тұлғаларды ұлықтап, оладың есімдерін көшелерге, даңғылдарға, мекемелерге беру ісі. Елорда ономастикасындағы ерекше позитивті үрдісті айта кеткен жөн. Ол - көше атауларына Қазақ елінің тұтастығын танытатын төрт тараптың да топонимикасын (тау-тас, өзен-су, жайлау-қыстау, қала-кент, ауыл-аймақ т.б. атаулары) жаңғыртып қайта атау. Бұл көптің көңілінен шықты деп ойлаймыз. Сондай-ақ,  тарихымызда даналығымен, мейірімділігімен, сұлулығымен әйгілі ардақты аналарымыздың, еліміздің мақтанышына айналған ару қыздарының есімдері де тұңғыш рет астана көшелеріне берілгені халық құптаған өнегелі қадам болды. Жалпы, басқа салалардағыдай ономастика мәселесінде де Нұр-Сұлтан қаласын еліміздің облыстары, ал облыстарды аудандар, аудандарды ауылдар үлгі тұтуы заңдылық болуға тиіс.
Бұл бағытта көптеген тағылымды шаралар атқарылып та келеді. Бірақ сынға ұшырап жататын тұстары да баршылық. Ашығын айтсақ, еліміздің астанасындағы көшелерге атау беруде жіберілген қателіктер: 
1) Елорда ономастикасының 30-50 жылға арналған тұжырымдамасы жасалмады. 
2) Қаланың бас жоспары мен кеңестік-большевиктік атаулардан құтылудың синхронизациясы қатар жүрмеді. 3) Өкінішке қарай,  субъективті жағдай, яки "таныстары мен танитындарын тықпалау" көрініс берді. 


Осының салдарынан жекелеген ірі тарихи тұлғалардың атындағы көшелер шолақ, келте болып шықты. Немесе бір көше атауын бірнеше рет ауыстыру орын алды (Тәуелсіздік, А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейхан, Р.Қошқарбаев т.б.). Ұлттың Тәуелсіздігі үшін аянбай күресіп, сол жолда құрбан болған ХХ ғасыр басындағы қайраткерлердің атындағы көшелер Сарыарқа, Байқоңыр, Алматы аудандарының шетінде қалып қойғанын, батпаққа батып тұрғанын айтудың өзі ұят. Ура-урамен есімдері берілді, ура-урамен ұмытылды да қалды. Әйтеуір бір топ зиялы А.Байтұрсынұлының атын сол батпақтан бері қарай алып шықты. Бірақ мына өркениетті заманда осындай шалалыққа өзге жұрт күлмей ме?
Ал мұндай кемшілікті болдырмаудың жолы жоқ емес, бар. Ол үшін әкімдіктегі арнаулы комиссиясының талқысының алдында  ғалымдардың, беделді де білікті тұлғалардың пікірін тыңдау, содан дұрыс қорытынды шығару, тараптардың уәжіне құлақ асу яғни байыпты шешімді негіздеп алу. Ол үшін жоғарыда айтқан қателікті де күн тәртібіне шығарып, талқылау - елдіктің жөні. Әйтпесе, белгілі бір кісінің атын  бергенде, қаланың Бас жоспарының жапсарын ескермей, әйтеуір бір көшеге таңа салу немесе басқа да қисынсыз жағдайлар қайталана бермек.


Мысалы, ұлттық би өнерінің негізін салушылардың бірі, осы саланың қайталанбас үлгілерін тауып зерттеген, сондай-ақ, 
Г. Талпақова, Қ.Қарабалина, Б.Байжұманова сынды талантты бишілерді тәрбиелеген Қазақстанның халық әртісі Шара Жиенқұлованың есімін қаланың өндірістік кәсіпорындары мен техникалық қоймалары орналасқан аймақтағы көшеге беру қаншалықты маңызды? Немесе бұрынғы базар маңындағы Қазақ көшесіне ұлт кино өнерінің негізін салушы, халық әртісі, актер, режиссер Шәкен Аймановтың атын бергеннен не ұттық? Сөз орайы келгенде айтарымыз: Абай мен Жамбылдың бейнесін сомдаған, алғаш рет Қазақ кинематографистер одағын ұйымдастырған тұлғаға елордада ескерткіш орнатылса, артық болмас еді. Ал “Артем” базарының артында қазақ әдебиетінің классигі, М.Әуезовпен бірге “Абай” журналын шығарысқан тұлға, драматург Жүсіпбек Аймауытұлы көшесінің жағдайын көрсеңіз, көңіліңіз құлазиды. Мемлекеттік тілде тұңғыш психология оқулығын жазған, У. Шекспир, А. Пушкин, Г. Мопассан,  А.Дюма, А.Чехов сынды әлем классиктерін қазақша сөйлеткен, "Ақбілектей" ақ айдын романды дүниеге әкелген қаламгерге бүгінгі ұрпағының “құрметі” осы болса, жетіскен екенбіз.


Сондай-ақ, тарихымызда бірінші рет Қазақ ұлттық халық оркестрін құрған, “Музыка әліппесін” жазған композиторымыз Ахмет Жұбановтың көшесінің де жадаулығы жаныңызды жабырқатады.  Сенбесеңіз көше бойын аралап көріңіз. Біз фотосын салып отырмыз. Әрине, елордада әр кезеңде елге қасиет-мінезімен қызмет қылған, қандай жүйеде де туған халқына адалдығын танытқан азаматтардың есіміндегі көшелер аз емес.  Мысалы,  қаланың “Шұбар” атты шағын ауданында ұзындығы 500 метрден аспайтын көшеге мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың аты беріліпті. Сонда қалай, екінші дүние жүзілік соғыс жылдары Абайдың 95 және 100 жылдығын ұйымдастырған, тіпті Алматыдағы ақын ескерткішін тұңғыш қазақ мүсіншісі Х.Наурызбаевқа жасатқан, Опера және балет театры мен Ғылым академиясын ашуға белсене атсалысқан, “Арабша- қазақша”, “Парсыша-қазақша” сөздіктер даярлаған тұлғаға бұдан лайықты көше табылмағаны ма? Ұлт мәдениетін, салт-дәстүрін, ана тілін өркендету жолында ерен үлгі көрсеткен, отандық музей ісінің негізін қалаушылардың бірі, Алаш арыстарын ақтауда нақты ісімен есте қалған Өзбекәлі Жәнібеков сынды мемлекет және қоғам қайраткеріне берілген көшенің басы мен аяғы басқаша аталатыны енді ешбір қалыпқа сыймайды.


Кезінде елордамыздың  қазығын қағып, Есілдің жағалауы мен жазығына ел қондырған, астанамызды абаттандырып, әлемге танытқан Елбасы ономастика мен топонимика мәселесін бір емес, бірнеше мәрте сөз етіп ескертті. Дәл осы істе астана тәжірибесі бүкіл елге үлгі болсын деген ниетін де жеткізді. Ономастика саласында мемлекеттік идеологияның орнығуы үшін әрбір қадамымыз мемлекетшілдік талабына жауап беріп, елдік мүддемізге сәйкес болуға тиіс. Сонымен бірге “Мәңгілік ел” мұратын салаландырған Елбасының “Рухани жаңғыру”, “ Ұлы даланың жеті қыры” сынды бағдарламалық мақалалары зиялы, ғылыми ортаға, әсіресе заңгерлерге елеулі міндет жүктеп отыр. Соның ішінде жалпыхалықтық дәрежедегі, адамзаттық, қоғамдық маңызы бар тарихи оқиғалардың, ірі қайраткерлердің, ғылым, мәдениет, өнер тұлғаларының атын ұрпақ есінде қалдыру шараларының ғылыми негізделген,  өлшем-шарты (критерий) толық айқындалған заңдық жүйесі жасалмайынша, аталған салада бұрынғы қателіктер қайталана беретіні анық. Ал мұндай істе көне сүрлеумен, ескі жолмен жүруге болмайтынын өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Бұл,  әрине, оңай әрі тез жүзеге асатын шаруа емес. Тәуелсіз ел құндылықтарын қадір тұту мәдениетін қалыптастыру үшін азаматтық сананың өсіп-жетілуі шарт. Бұл - әр отбасыдан, әр ауылдан, әр мекемеден, әр қаладан бастау алатын қарапайым тәрбие, отаншылдық сезім.  Сондықтан тұрған үйіңнің, көшеңнің, туып-өскен ауылыңның, қалаңның, өңіріңнің проблемаларын айқындауға белсене атсалысу - халық үніне құлақ асатын мемлекет құруға үлес қосу деген сөз. Біздіңше, халықтың үні - жалаң талап ету немесе құр айғай емес, керегі - тығырықтан шығатын жол іздеу, ұсыныс енгізу, бойкүйездік атаулымен күресу, көптің көкейіне қонатын мемлекеттік көзқарасты білдіру, елге керекті дүниені екшеп айту, електен өткізіп жазу.  “Уәжге түйе де шөгеді” дейді халық даналығы.


Ал халықтың мұңын анық айтып, нақты жаза білген қаламгерлердің, зиялы қауым өкілдерінің әлі күнге халық аузында жүруі тегін емес. Көрнекті жазушы Ғабит Мүсіреповтің: “Ең ауыр майдан - надандықпен күресу майданы, əрі ұзақ, əрі ызасы көп” деген сөзінде терең мағына жатыр. Қай кезде де пендешіліктен алыс болған ғылым, мәдениет, өнер, жалпы шығармашыл қауым өкілдеріне үлкен сенім болған, қазір де сондай. Өйткені олар халықтың сөзін орнымен, дер кезінде айта білді, бұқараға да сыйлы болды, билікке де сөзі жететін. Зиялы қауым елдің телісі мен тентегін тыя алды, көпті ортақ іске жұмылдыра білді, елдік өзекті  - салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты қызғыштай қорыды. Сондықтан еліміздің қалалары мен аудандарында, кенттері мен ауылдарында олардың атын иемденген көшелер мен даңғылдар, мекемелер мен орындар бүгінгі және келер ұрпаққа әрқашан ой салып тұрары сөзсіз.

Дархан МЫҢБАЙ

1.1k

Ұқсас жаңалық

Редакциямен байланыс

Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе

info@turkistan.today

Әлеуметтік желілер
Біз туралы

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024

Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.

Яндекс.Метрика newsroom.kz

© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.