Түркістанда салынып жатқан «Ана мен бала» орталығы өңірдің денсаулық сақтау саласында жаңа дәуірдің бастамасы болмақ. Бұл – жай ғана құрылыс емес, аналар мен балалардың өмірін жақсартуға бағытталған стратегиялық жоба,- деп хабарлайды turkistan.today
Қазіргі таңда Түркістан облысында ана мен бала денсаулығын қорғау ерекше назарда. Өңірдің демографиялық өсімі жоғары, ал медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыру уақыт талабына айналған. Осы қажеттіліктерді ескере отырып, Түркістанда халықаралық стандарттарға сай жаңа орталық салынуда.
Перзентхана Біріккен Араб Әмірліктерінің «Абу-Даби» қорының демеушілігімен бой көтеруде. Жобаның тапсырыс берушісі – «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қоры, ал құрылыс жұмыстарын «Эристайл-Казахстан» ЖШС жүргізуде. 80 төсек-орындық медициналық кешен 3,3 гектар аумақта орналасып, жалпы ауданы 17 288 шаршы метрді құрайды. Қазірдің өзінде іргетас құю мен топырақпен көму жұмыстары аяқталған.
Аймақ басшысы Нұралхан Көшеров нысанның құрылыс барысын тексеріп, мердігерлерге жұмысты сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар, орталық ашылғаннан кейін оны білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселесі ерекше назарда болатынын атап өтті.
Жаңа орталықтың салынуы – тек медициналық инфрақұрылымды дамыту ғана емес, қоғамдағы ана мен балаға деген қамқорлықтың айқын көрінісі. Қазақ мәдениетінде ананың орны – ерекше. Ол – өмірдің бастауы, отбасының тірегі. Ал бала – болашақтың иесі. Осы құндылықтарды ұлықтай отырып, мемлекет олардың денсаулығын қорғауды басты міндеттердің бірі ретінде қарастырады.
2026 жылы пайдалануға берілетін орталық заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіліп, өңір тұрғындарына жоғары деңгейде медициналық көмек көрсетеді деп күтілуде. Бұл нысан Түркістандағы ана мен бала денсаулығын қорғауда жаңа мүмкіндіктер ашып, медициналық қызмет сапасын айтарлықтай арттырады.
«Ана мен бала» орталығы – тек ғимарат емес, болашақ ұрпақтың денсаулығы мен өмір сапасын жақсартатын маңызды қадам.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.