Шымкенттік ақын, жазушы әрі аудармашы Сүндет Сейітовтің ағылшын тіліндегі кітаптары АҚШ пен Австралияның академиялық және қоғамдық кітапханаларының қорына қосылды. Автордың туындылары шетелдік кітап дүкендерінің халықаралық желілерінде де сатылымға шығарылған.
Халықаралық кітапхана қорларында
Сүндет Сейітовтің айтуынша, бұл нәтижеге ол бірнеше жыл бойы халықаралық баспа саласы мен кітап тарату жүйелерін өз бетінше зерттеу арқылы қол жеткізген. Жазушының сөзінше, жоба мемлекеттік және жеке қаржыландырусыз жүзеге асқан. Осы жолда ол жүздеген хат жолдап, көптеген бас тартуға қарамастан, еңбектерін шетелдік оқырманға таныстыруды жалғастырған.
Нәтижесінде автордың үш кітабы, соның ішінде «Unforgotten» («Ұмытпас») өлеңдер жинағы мен «Drone Show» («Дрон шоу») романы АҚШ-тың 31 штаты мен Вашингтон федералдық округіндегі 198 кітапхана жүйесінің каталогына енгізілген. Бұл жүйелердің жиынтық желісі екі мыңнан астам кітапхана филиалын қамтиды.
Жазушы шығармашылығының тағы бір маңызды жетістігі — «Unforgotten» жинағының Калифорния университеті мен Австралия ұлттық университетінің кітапхана қорларына қабылдануы. Жинақта естелік, Отан, махаббат, сенім және қиындықтарға төтеп беру тақырыптарын қамтитын философиялық өлеңдер топтастырылған.
Сондай-ақ Сейітовтің шығармалары Австралиядағы City of Belmont – Ruth Faulkner Public Library кітапханасының қорына қосылып, оқырмандарға үйге алып оқуға қолжетімді болған.
Кітаптары әлемдік нарыққа шықты
Сүндет Сейітовтің кітаптары АҚШ пен Австралиядағы кітапханалармен шектелмей, Еуропа, Азия, Африка және Латын Америкасындағы кітап дүкендері мен онлайн-платформалардың каталогтарына да енген. Олардың қатарында Ұлыбританияның Hatchards, Waterstones және Foyles желілері, Германияның Thalia дүкендері, Францияның Librairie Galignani, Жапонияның Kinokuniya және Оңтүстік Кореяның Kyobo Book Centre желілері бар.
Автор бұл жетістікті жеке шығармашылығының ғана емес, қазіргі қазақ әдебиетінің де халықаралық кеңістікке шығуындағы маңызды қадам деп бағалайды. Оның айтуынша, алдағы уақытта кітаптарын Еуропаның өзге де елдерінде кеңінен таныту жоспарда бар.
Анықтама
Сүндет Сейітов — 1998 жылы туған қазақстандық ақын, жазушы және аудармашы. Қазақстан Жазушылар одағының және АҚШ-тағы The Authors Guild ұйымының мүшесі. Автор республикалық және халықаралық әдеби байқаулардың лауреаты, сондай-ақ ортағасырлық шағатай тіліндегі мұраларды қазақ тіліне аударумен айналысады. Қазіргі уақытта отбасымен бірге Шымкент қаласында тұрады.
The Authors Guild — 1912 жылы құрылған, штаб-пәтері Нью-Йоркте орналасқан жазушылар ұйымы. Оның қатарына түрлі кезеңдерде Нобель және өзге де беделді әдеби сыйлықтардың лауреаттары мен танымал қаламгерлер кірген.
+ 7 775 186 2113
Астана қаласы, Мәңгілік Ел көшесі, 8, 17В блок, 204-кабинет (Журналистер үйі)
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.