Ата-текке шеше атын жазу ұлт болмысына қауіп төндіре ме?

ашық дереккөз
ашық дереккөз
Қоғам 2 тамыз, 2023

Тегін анасының атымен атаудың мысалы Қазақстанда да бар. 

Қырғыз республикасының Конституциялық сотының биылғы шешімі осы елдегі тарихи бетбұрыс және гендерлік теңдіктің жетістігі ретінде дәріптелуде, деп хабарлайды Turkistan Today.

Ол шешім "А.А.Капалованын кайрылуусу боюнча "атасынын ысымы атасынын аты болот", "Атасынын атын өзгөртүү атасынын, асыроочунун, өгөй атасынын же чоң атасынын жана таятасынын аттары боюнча жүзөгө ашырылат" деген сөздөр менен баяндалган ченемдик жоболордун Конституциялуулугун текшерүү жөнүндө иш боюнча" деп аталады.

Осылайша, Алатаудың ар жағындағы айыр қалпақты ағайындар терең тарихынан тамыр тартып жатқан "әкенің аты – баланың мұрасы", "ата-тек әкеден таралады" сияқты қағидаттардан ішінара бас тартып отыр. Конституциялық сотқа жыл басында жергілікті суретші, феминист, қоғам белсендісі Алтын Қапалова шағымданған болатын. Оның өтінішін КС судьялары 2023 жылғы 30 маусымдағы отырысында қарап, қорытынды үкімін шығарды.

Қапалова Отбасылық кодекстің 63-бабының 2-бөлімінің және "Азаматтық хал актілері туралы" заңының 30-бабының бөлімдерінің Конституцияға сәйкестігін тексеруді сұрады.

Фото: constsot.kg

"Арыз иесі аналарға өз баласының ата-тегінде әкесінің атының орнына өз атын беруді, басқаша айтқанда шешесінің атын әкесінің атының орнына қолдану мүмкіндігін ұсынуды сұрады. Конституциялық сот істі отырыста қарай келе, төмендегі қорытындыға келді. Жалпы алғанда, біздің заңнамамызда қырғыздың ұлттық дәстүрі, салттары бойынша, сондай-ақ өз атынан, әкесінің атынан және фамилиясынан құралған кеңестік қалыптасқан жүйе бойынша да ат қою мүмкіншілігі қарастырылған. Бұл жерде қырғыздың ұлттық әдеті, салты бойынша ат қою тәртібі (ұлы, қызы, тегі деп жазу) ары қарай өзгеріссіз қалатынын атап өткен жөн", – деп бекітті Конституциялық сот өз шешімінде.

Сонымен бірге Қырғызстанда енді өз баласының тегінде аналарға да өз атын әкелермен тең дәрежеде көрсетуіне рұқсат етіледі. Мысалы, Азамат Фатимаұлы Азаматов деген сияқты.

Қырғыз Конституциялық сотының дәйектеуінше, әкемен қатар, шеше де балаға қатысты тең құқыққа ие. Тек әке ғана емес, ана да баланың мүдделерін барынша жақсы қамтамасыз етуге, оның тұлға болып қалыптасуы мен дамуына барынша үздік жағдайлар жасауға күш салады.

Осы орайда КС судьялары алдымен тыйым енгізді: Қырғызстанда туылған барлық балалар дүние есігін аша сала, бірден әкесінің тегін алады. Анасы бірден өз атын тықпалай алмайды.  Әйтпесе, анасының атын алуы – дәстүрлі қоғамда жас баланың буллингке, стигматизацияға ұшырауына соқтыруы мүмкін.

"Баланың құқықтары ата-ананың құқықтарына қарағанда артықшылық, басымдықты мәнге ие және мемлекеттің ерекше қорғауында болады. Ал салт, дәстүрді ұстанатын қоғамда баланың анасының атында болуы оған қарсы кемсіту, буллинг, стигмалардың колданылуына әкеліп соқтыруы мүмкін болғандықтан, арыз иесінің өтінішін қанағаттандырудан бас тартылды", – деп мәлімдеді Конституциялық сот.

Алайда КС осы шешіміне сәйкес, "ер жеткенде (Қырғыз Республикасының Азаматтық кодексінің 56-бабы бойынша 18 жасқа толғанда), яғни өмір шынайылығына объективті баға беріп, оған лайықты үн қатуға, өз іс-әрекеттері үшін толық жауапкершілік алуға қабілетті болғанда, азамат қандай да бір себептерге, соның ішінде басынан өткерген өмірлік трагедияларға бола, өзінің толық атының бір элементі ретінде еркектің атын қабыл алмаса, онда оның анасының атын таңдау құқығы болады".

Конституциялық кеңес қырғыз билігіне осындай жағдайларға душар болған жандарға аталған мүмкіндікті ұсынатын, теңдік және жыныстық белгісі бойынша кемсітушілікке тыйым салу қағидаттарының бұзылуына жол бермейтін заң қабылдауды жүктеді.

КС судьялары бұл шешімнің дәстүр мен ұлттық тарихи негіздерді еш бұзбайтынына екпін түсірді.

Дегенмен, қырғыз қоғамының бір бөлігі матронимнің заңдастырылуын ұлттық ұстындар мен ұлттық болмыстың деградациясы ретінде ауыр қабылдады. АКИpress жүргізген сауалнама көрсеткендей, оған қатысқан қырғызстандықтардың 81,7% балалардың тегіне анасының атын тіркеуге қарсы шыққан.

Үкімет басшысының орынбасары-Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті басшысының орынбасары Камчыбек Ташиев бұған наразығын ашық білдірді.

Фото: twitter.com

"Қырғыз қоғамында ешқандай матронимге жол жоқ. Кім қабылдаса, сол оның күшін жойсын! Бұл менің азаматтық ұстанымым!", – деді ол таяуда.

Бұдан бөлек, Мемлекеттік хатшы Суйунбек Касмамбетов, Қырғызстанның мүфтиі Замир Ракиев те "аналық текке" қарсылықтарын жариялады.

Бірақ Конституциялық соттың шешімі қайта қарауға жатпайды. Күшіне енді.

Сот инстанцияларында 2,5 жыл бойы күрес жүргізген Алтын Қапалова сөйтіп, ақыры матронимдердің легализациялануына қол жеткізді. Ол 2021 жылы өз балаларының аты-жөнін Аймона Алтыновна, Даанышман Алтынович, Данияр Алтынович деп өзгертіп алыпты. Бірақ Халықты тіркеу департаменті оны сотқа берді. Ал оның балаларына ұсынылған, өзгертілген құжаттарды қателік деп таныды.

Енді КС шешімі өзге феминистерге де кәмелет жасқа толған балаларының тегінен оның әкесінің атын жойғызуына құқық берді.

"Балаларымның тегінде әкесінің орнында анасының аты тұрсын деп шештім. Өйткені олардың әкесі жоқ. Менің елімдегі мыңдаған әйел ұқсас жағдайға тап болды: құжат бойынша әкесі бар, ал іс жүзінде баланың өмірінде ол жоқ. Мемлекет бізден осы рәсімді сақтауды талап етеді. Онда бұл құқық әйелдерге де бірдей қолжетімді болуға тиіс", — деп түсіндірді Алтын Қапалова.

Ол Конституциялық соттың шешімін патриархалды қоғамдағы өте үлкен бетбұрыс деп бағалады.

"Мен дәстүрлі отбасыда өмірге келдім. Менің жолым болды, әкем мен шешем тамаша адамдар: бар жылы-жұмсағын аузыма тосып, мәпелеп өсірді. Өкінішке қарай, жасөспірім шағымда әкем қайтыс болды. Әкем мені еркіндікті сүюге үйретті: адам құқықтары туралы алғаш содан білдім. Анам жабайы 90-шы жылдары балаларымен жалғыз қалды. Оның бізді қаншама қиындық пен азаптан аман алып өткенін көрдік. Бізді лайықты тәрбиеледі, білім берді. Сондықтан анамның атын алғым келеді. Әкесінің тегіне үйренгендер болса, сонысынан танбасын. Маған оның қатысы қанша? Дегенмен, анасының атына көшкісі келетін адамдар бар, олардың да таңдауы болғаны жөн", – деді Алтын Қапалова.

Демограф Билал Ерназарұлы егер бұл құбылыс кең таралса, онда оның дәстүр мен ғұрыпқа сына қағатынын, отбасы институтын күйрететінін алға тартады. Себебі, ол қазақ пен қырғызда ғана бар "Жеті атаны" бұзуы мүмкін. Бұл ұлтты тексіз етеді, туыстардың арасында неке қиылуына, ұрпағының кемтар болып туылуына соқтыруы ықтимал. Әзірге Қырғызстанда матронимге көшуге сұраныс жоғары емес, оны тек қоғамның шағын бөлігі ғана қалап отыр.

Негізі, сирек болса да, матроним қазақ елінде де кездеседі екен. Оның бір мысалы – "Әлемдегі ең беделді ғалымдардың 2 пайыздық рейтингісіне" енген ҰҒА академигі, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, ЕҰУ жанындағы "Еуразиялық халықаралық Теориялық физика орталығы" ҒЗИ директоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Рәтбай Мырзақұлов.

Оған "Айқын" журналисі "Құжатыңызда әкеңіздің атының орнына шешеңіздің атын неге жаздырып алдыңыз?" деп сұрақ қойған болатын.

"Атамның аты – Қаражан. Сонда дұрысы аты-жөнім: "Қаражанов Рәтбай Мырзақұлұлы" деп жазылуы керек еді. Туғанда құжатымда "Рәтбай Мырзақұлов" деп жазылған. Тегімде көрсетілген Мырзақұл – атамның емес, әкемнің аты. Әкемнің аты тұратын орын бос тұрды. Маған сельсовет "метірке" бергенде осылай толтырып жіберген. Әке-шешем шаруаның адамы, оны түзетіп жіберетін сауаты жоқ еді. Кішкене кезімде ауылдағылар: "Қағазды көргің келсе Рәтбайды көр" деп айтатын. Түрім анам Қағазға тартқан еді. Содан кішкентай кезімде "Қағазович" деп әзілдейтін. Есейгенде құжатымды ауыстырғанда әкемнің аты деген жерге анамның атын жаздырттым. Әкемнің аты фамилиям деген жерде онсызда тұр ғой. Осыны естіп Мұратбай деген ағам ұрысты: "Мынадай қазақта жоқ" деп. Былай анамды да, әкемді де тең жақсы көремін. Бала кезімізде "әке-шешемізді өскен кезімізде үлде мен бүлдеге орап қоямыз" деп армандайтынбыз. Әкем 3-курс бітіргенде, шешем – кандидаттық қорғап келген тұста дүниеден өтті", – деді Рәтбай Қағазұлы Мырзақұлов.

Яғни, академик әке мен шешені қатар ұлықтаудың бір үлгісін көрсетті. Бірақ мұнда ата-бабаның аты елеусіз қалатын көрінеді.

912

Ұқсас жаңалық

Редакциямен байланыс

Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе

info@turkistan.today

Әлеуметтік желілер
Біз туралы

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024

Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.

Яндекс.Метрика newsroom.kz

© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.