Серіктестер

Депутат инклюзияны нығайту үшін Үкіметтен ұлттық коммуникациялық саясат әзірлеуді сұрады

Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз
Қоғам Бүгін, 15:33

Мәжіліс депутаты мүгедектігі бар азаматтарға қатысты өшпенділік тілі күшейіп кеткенін айтып, инклюзия тақырыбын ақпараттық қолдауға бөлінетін қаржыны арттыруды және ұлттық деңгейде жаңа коммуникациялық саясат әзірлеуді ұсынды.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атына жолданған депутаттық сауалда елде инклюзивті қоғам қалыптастыру бағытындағы ақпараттық жұмыстың жеткіліксіздігі мен мүгедектігі бар азаматтарға қатысты өшпенділік тілінің артып бара жатқанына назар аударылды.

Депутаттың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында «ешкімді артта қалдырмау» қағидатын басымдық ретінде атап көрсетіп, мүгедектігі бар адамдардың құқығын қорғау мен олардың әлеуетіне басымдық беруді тапсырған. Алайда соңғы айларда әлеуметтік желілерде мүгедектігі бар балалар мен ересектерді қорлау, мазақ ету және кемсіту фактілері жиілеген.

Сауалда бірнеше резонанстық жағдай келтірілген:

— бір блогердің аутизмі бар балаларға қатысты зорлыққа шақырған мәлімдемесі;

— екінші блогердің аутизммен ауыратын балалар мен олардың ата-аналарын қорлаған сөздері.

Депутаттың пікірінше, мұндай әрекеттер қоғамда жасырын кемсіту ашық формаға ауысқанын көрсетеді. «Хайп қуып, көпшіліктің ар-намысына тиетін мұндай әрекеттерге әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілік қарастырылуы тиіс», — делінген сауалда.

Оның айтуынша, инклюзия жайлы дұрыс түсінік қалыптастыру мемлекет деңгейінде жүйелі ақпараттық саясатты талап етеді. Алайда соңғы екі жылда Мәдениет және ақпарат министрлігі инклюзия тақырыбын ілгерілетуге бөлген 66 млн теңге республикалық деңгейде айтарлықтай нәтиже бере алмаған. Қаражат шағын жобаларға бөлініп, тұтас коммуникациялық платформа қалыптаспады.

Депутат бұған дейін республикалық бюджетті талқылау кезінде үш жылға 600 млн теңге (жыл сайын 200 млн теңге) қосымша қаржы бөлуді ұсынғанымен, ұсыныс қолдау таппағанын айтты. Қазіргі жағдай, оның пікірінше, бұл шешімнің стратегиялық қателік болғанын көрсетіп отыр.

Осыған байланысты депутат Үкіметке үш бағыт бойынша ұсыныстар енгізді:

  • Инклюзивті қоғамды қалыптастыруға арналған ұлттық коммуникациялық саясат әзірлеу.

Мүгедектігі бар адамдар туралы ғылыми негізделген ақпарат беретін, өшпенділік тілінің алдын алатын бірыңғай коммуникациялық саясат қажет. Бұл ретте 2026 жылға арналған инклюзивті қоғамды қолдау жөніндегі ұлттық іс-шаралар жоспарын қабылдау ұсынылды.

  • Ақпараттық жұмыстарды күшейту.

Инклюзия тақырыбына бағытталған республикалық жобаларды тұрақты және ұзақ мерзімді мемлекеттік бағдарламалар деңгейіне шығару үшін қаржыландыруды қайта қарау қажет.

  • Кемсітушілік пен өшпенділікке қарсы құқықтық саясатты күшейту.

Мүгедектігі бар азаматтарға қатысты кемсіту, қорлау, өшпенділік тілін болдырмау үшін мемлекеттік деңгейде тиімді тетіктерді іске қосу ұсынылды.

Сауал соңында депутат қоғамның адамгершілік деңгейі ең әлсіз азаматтарға деген қарым-қатынаспен өлшенетінін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі жағдай — бір реттік оқиға емес, Үкіметтен жүйелі шешім талап ететін дағдарыстық белгі.

Ұқсас жаңалық

Редакциямен байланыс

Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе

info@turkistan.today

Әлеуметтік желілер
Біз туралы

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024

Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.

Яндекс.Метрика newsroom.kz

© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.