Бағдат Мусин жаһандық "үлкен той" жасағалы жатыр

Бағдат Мусин жаһандық "үлкен той" жасағалы жатыр

Сол жиынға келетін тек шетелдік қонақтарды күтіп алудың шығыны ел қазынасына 107 миллион теңгеге түскелі тұр, деп хабарлайды Turkistan Today.

Елу елден қонақ келеді

Үкімет 2020 жылы сол кездегі Астанаға жаһандық ұлы жиын – Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) министрлік конференциясын өткізіп, оған шетелдік 5 мың мейманды шақыруды жоспарлады.

Оның бәрін құрмет-қошеметпен күтіп алуға, The St. Regis, Marriott, Rixos President Astana сияқты сән-салтанатты қонақүйлерге орналастыруға, қымбат көліктер кортежін сайлауға, оққағарлар арқылы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, үш мезгіл мейрамханаларда тойып тамақтандыруға, көңілдерін көтеріп, ел ішін аралатып, саяхаттатуға және басқасына шамамен 3 миллиард теңге жұмсау қарастырылды.

Бұл ақпаратты растаған сол кездегі Интеграция және сауда министрі Бақыт Сұлтанов ДСҰ-ға мүше 160-тан аса елден биік лауазымдылардың делегациялары күтіліп отырғанын хабарлады. Оның айтуынша, 3 миллиард теңге конференциялар үшін елордадағы түрлі сарай-залдарды жалға алу, баспасөз орталықтарын ашу, аудармашылар топтарының қызметін қамтамасыз ету, техникалық жарақтандыру, концерттік және түрлі мәдени бағдарламалар өткізу үшін қажет.

Ол кезде елде коронавирус індеті өршіп, халық шенділердің бұл "жаһандық тойына" үдере қарсы шықты.

Қоғамдық пікірдің қысымымен Үкіметке ДСҰ дүниежүзілік министрлік конференциясын Қазақстанда өткізуден бас тартуына тура келді. Бұл жөнінде жұртшылықты сол кездегі Вице-премьер – Қаржы министрі Әлихан Смайылов хабардар етті. Ол бұған "коронавирусқа қатысты күрделі ахуал" ықпал еткенін алға тартты. Сондықтан ДСҰ штаб-пәтеріне тиісті құлақтандыру жіберілді. Ұйым "мемлекетіміздің бұл шешімін толық түсіністікпен қабылдады".

Тарих қайталанатынға ұқсайды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бұл жолы Біріккен ұлттар ұйымының "Цифрлық қосу және трансформациялау жөніндегі Азия-Тынық мұхиты цифрлық министрлік конференциясы" (ресми аудармадағы шалағай атауы солай!) Қазақстанда ұйымдастырылатынын хабарлады.

Ағылшын және орыс тілдерінде өтетін жаһандық құрылтайдың түпнұсқалық атауы – "Азиатско-Тихоокеанская Цифровая министерская конференция по цифровому включению и трансформации" және "Asia-Pacific Digital ministerial conference on digital inclusion and transformation".

Күні кеше Цифрлық даму министрлігінің креслосына қайта қонжиған Бағдат Мусин Үкіметке жолдаған түсіндірме жазбасында "Қазақстан Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы Цифрлық қосу және трансформациялау жөніндегі Азия-Тынық мұхиты цифрлық министрлік конференциясын ұйымдастыруға қатысты келісімнің жобасын" әзір еткендерін мәлім етті.

Оның айтуынша, жобаны іске асыру республикалық бюджеттен қомақты қаржылық шығындарды талап етеді. Себебі, төрткүл дүниенің әр түкпіріндегі елуден астам елден мәртебелі қонақтардан тұратын делегациялар жиналмақ.

"Жобаны қабылдау БҰҰ-ның Азия мен Тынық мұхитқа арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясына мүше 50-ден астам мемлекеттің қатысуымен Министрлік конференцияны өткізуге ықпал етеді. Бұл елдің инвестициялық тартымдылығын арттыра отырып, өңірдегі қазақстандық ІТ-шешімдерді ілгерілетуге мүмкіндік береді", – деді Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин.

Оның мәліметінше, аталған конференция нәтижесінде жаңа ұйым – Тұрақты даму үшін цифрлық шешімдер орталығы құрылатын болады. Бұл орталық тиімді өңірлік цифрлық ынтымақтастықты дамытуға, өңір елдері арасындағы цифрлық алшақтықты азайтуға, цифрландыру саласындағы маңызды бастамалар мен жобаларды іске асырудағы күш-жігерді үйлестіруге ықпал етеді-мыс.

Бұдан бөлек, орталық қызметі "пандемия, табиғи апаттар және басқалар сияқты дағдарыстық жағдайлармен тиімді күресуге" бағытталатын көрінеді. Мұның қалай жүзеге асырылатыны, егжей-тегжейі жарияланбады. Жай-жапсары конференцияда пысықталуы мүмкін.

Конференцияның нақты күні әзірге бекітілмеген екен, дегенмен, ол 2024 жылғы қыркүйекте өткізіледі деп жоспарланып отыр.

Айтпақшы, бұл әлемдік құрылтай әдеттегідей Таиланд астанасында ұйымдастырылуға тиіс болыпты. Себебі, БҰҰ-ның Азия мен Тынық мұхит елдеріне арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (ЭСКАТО) штаб-пәтері сонда орналасқан.

Бірақ оны ұйымдастыруды Қазақстан сұрап алыпты. Сол себепті ұйым "жиынды өткізу орнын Бангкоктан Астанаға көшірудің қосымша шығындарын да Қазақстан көтереді" деп отыр.

Жаһандық конференцияның көл-көсір шығындары белгілі болды. Алайда БҰҰ мен ҚР Үкіметі бекітетін келісім жобасында бұл шығындардың тек алдын ала есеп қана екені, кейін оның өсетіні қадап айтылған. Оның үстіне егер девальвация болса, онда қазақ елінің шығыны тағы өседі, себебі, БҰҰ өтелуге тиіс шығындарын тек долларда қабылдайды.

"Конференция өткеннен кейін Біріккен ұлттар ұйымы ҚР Үкіметіне егжей-тегжейлі есепті ұсынады. Онда ҚР Үкіметі төлеуге тиіс БҰҰ-ның қосымша шығындары нақты көрсетіледі. Бұл шығындар төленетін кездегі БҰҰ-ның ресми айырбас бағамына сәйкес, АҚШ долларында көрсетіледі", – делінген келісім жобасында.

БҰҰ-ның цифрлық "тойы" қаншаға түседі?

Дүниежүзілік ұйым Қазақстанға, соның ішінде ел атынан келісімге қол қоятын Цифрлық даму министрлігіне түрлі бағытта қаржылық шығындар болатынын ескертті.

"Келісімнің басқа бөлімдерінде көзделген қаржылық міндеттемелер сыртында Қазақстан Үкіметі, БҰҰ Бас Ассамблеяның 47/202 қарарының А бөлімінің 17-тармағына сәйкес, конференцияны Бангкокта емес, Қазақстанда өткізудің тікелей немесе жанама болатын қосымша шығыстарын өзі көтереді. Алдын ала есеппен, мұндай шығындар шамамен 237 мың 302 АҚШ долларына бағаланады (қазіргі бағам бойынша шамамен 107,9 миллион теңге)", – делінген келісім жобасында.

Бұл – тек әкімшілік шығыстар ғана.

БҰҰ мәліметінше, осы сомаға аталған конференцияны жоспарлаумен айналысатын немесе оған қатысатын Біріккен ұлттар ұйымының шенеуніктерінің, қызметкерлерінің алатын төлемдері мен жол шығындары, сондай-ақ түрлі, қажетті жабдықтар мен керек-жарақтарды Қазақстанға жеткізу шығындары кіреді.

Қазақстан Үкіметі осы 237 мың 302 доллардан астам қаражатты 2024 жылғы 30 маусымнан кешіктірмей, БҰҰ депозитіне аударуға тиіс болады.

"Қажет болған жағдайда Үкімет БҰҰ өтініші бойынша оның есепшотына қосымша аванстар жолдауға" міндеттелгелі тұр. Өйткені ұйымның түсіндірінше, БҰҰ "қосымша шығындарды өзінің қолма-қол ақшасынан уақытша қаржыландыруға мәжбүр болғысы келмейді" (құжатта: "Чтобы ни в коем случае не пришлось временно финансировать из своих наличных средств дополнительные расходы, ответственность за которые несет Правительство Казахстан" делінген).

Бұдан бөлек, Қазақстан Үкіметі 535 212 АҚШ долларынан астам немесе ағымдағы бағаммен шамамен 243,5 миллион теңгеден аса соманы да есепшотқа енгізуге тиіс. Бұл қаражат "ЭСКАТО-ның "цифрлық технологиялар мен трансформацияға қолжетімділікті кеңейту мақсатында Азия-Тынық мұхит аймағындағы ынтымақтастықты нығайту" жобасын жүзеге асыруға шығындалады. Бұл шығынды әкімшілендірудің ережелері мен шарттары жеке келісіммен реттеледі.

Ресми түсініктемеде айтылғандай, "бұл шығыстар сметасы Қазақстанның конференцияны өткізу мақсатында конференц-залдарды, кеңсе-офистерді, жабдықтарды және жергілікті көлікті жалға алу, жергілікті көмекші персоналды ұсыну, жарнамалық және ақпараттық материалдарды басып шығару және басқа шығындарын қамтымайды". Олардың қанша миллиардқа жететіні әзірге белгісіз.

Жалпы, жол шығындарының өзі қомақты болғалы тұр. Мысалы, Бангкок-Астана бағытында ұшатын рейсте тіпті эконом-кластағы билет құнының өзі 2,5-3 мың долларды құрайды. Сметада бизнес-класстағы ұшақ билеттерін сатып алу керектігі бекітілген. Оның құны аталған маршрутте 5 мың доллардан басталады.  

Салдарынан, БҰҰ-ны айтпағанда, бір ғана ЭСКАТО қызметкерлерінің әуе көлігімен ұшып келуінің жол шығындары Қазақстанға 146 мың 385 долларға (66,6 миллион теңгеден астам) түспек.

Осы қаражатқа ЭСКАТО ұйымының 44 өкілі, соның ішінде Атқарушы хатшысы, оның нөкері, Байланыс және білімді басқару бөлімінің бастығы, ICT және Апат қаупін азайту бөлімінің директоры, әкімшілік бөлімінің қызметкерлері, мысалы, Конференциялық және жалпы қызмет көрсету секциясының, Конференциялық басқару тобының, Конференцияға қызмет көрсету және құжаттама бөлімінің бастықтары, конференцияларды үйлестіруге, материалдық-техникалық қамтамасыз етуге жауапты қызметкерлері және басқасы бар.

Тегін қыдыруға шетелдік шенеуніктер де әуес. Бұл ұйым тіпті сайттың ағылшын тілді редакторын, корректорларын, алдын-ала редакциялау бойынша көмекшілерін, тоғыз аудармашыны, 3 оққағарды өздерімен бірге ала келмек. Олардың да бүкіл шығыстарын ел бюджеті көтереді.

Мысалы, сметада саяхат ("путешествие") бабы қарастырылған. Бұл баптың шығыны 326 000 долларды (қазіргі бағаммен 148,3 миллион теңгені) құрайды.

Келесі қосымша шығындар да Қазақстан бюджетінен жұмсалады:

  • Персоналға және басқа да қызметтерге арналған шығындар – 106 050 доллар;
  • Контрактілік қызметтер – 36 000 доллар;
  • Бағдарламаланатын жобаның жалпы құны  – 468 950 доллар.

Ұйым үшін жалданатын кеңесші 2,5 млн теңге жалақы алады

Конференция күзде ұйымдастырылады, ал соған дейін БҰҰ және оның салалық ұйымдары өз кеңесшілерін, эксперттерін Қазақстанға жіберіп, ақыл-кеңеспен көмектесіп тұрады. Көмегі тегін емес. Сарапшылары аса қымбат ақы сұрайтын көрінеді.

Мысалы, "APDT есебін әзірлеу тапсырмаларын орындайтын, оның ішінде A3(a) қызметін қолдау үшін цифрлық және климаттық жүйені әзірлейтін" 1 халықаралық кеңесші 5 ай бойы жұмыс істейді. Әр ай сайын оған республика 5 мың доллар (шамамен 2,5 миллион теңге) жалақы төлеуге тиіс. Сонда 5 айда 20 мың доллар алады.

Ол өз жұмысын лайықты, тап-тұйнақтай, толыққанды орындауға тырыспайтын сияқты. Оның соңынан "APDT есебінің жобасын пысықтайтын 1 халықаралық кеңесші" аттандырылады. Ол 4 ай жұмыс істеп, айына 2 500 мың доллар (1 млн 250 мың теңге) жалақы алмақ.

Бұдан бөлек, Қазақстанға:

  • "A3(b) қызметін қолдау үшін DSCSD құжатын әзірлеу тапсырмаларын орындайтын" тағы 1 халықаралық не ұлттық кеңесшіні 3 айға жалдауға тура келеді. Оған айына 3,3 мың (жалпы сомасы 10 000) доллар немесе 1,6 миллион теңге айлық беріледі;
  • A3(c) қызметін қолдау үшін сандық шешімдер бойынша таңдалған елдерде сауалнаманы әзірлеу тапсырмаларын орындайтын, соған деген қажеттіліктерді бағалайтын кеңесші (3 ай бойы ай сайын 3 333 доллар жалақы алады);
  • 2 зерттеу бойынша деректерді жинау және тексеру, жобалық құжаттарды өңдеу және басқа іс-шараларын қолдау үшін 1 халықаралық немесе ұлттық кеңесші (8 жұмыс айы бойы 5 000 доллардан, жалпы сомасы 40 000 доллар);
  • Жобаны бағалау үшін 1 халықаралық кеңесші (3 жұмыс айы бойы 5 000 жалақы берілуге тиіс) жалдау талап етіледі.
  • Қосымша D консультанттар үшін төлемдер: кеңес беру ақысының 1%-ы, бұл 1 050 долларға тең.

Биыл Астана қаласында өтеді деп жоспарланған "Цифрлық қосу және трансформациялау жөніндегі Азия-Тынық мұхиты цифрлық министрлік конференциясы" 3 күнге созылады деп белгіленген.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like
0
dislike
0
love
0
funny
0
angry
0
sad
0
wow
0