Біздің ұжым нәтижеге жұмыс істегенді ұнатады
Батыс аймақтағы іргелі оқу орындарының бірі – Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті екені белгілі. Аталған оқу орнында бүгінде нендей жұмыстар атқарылып жатыр? Жұмысты бастағанына біршама уақыт болған жаңа ректордың айтар ойы қандай? Оқу-тәрбие жұмысын жетілдіруде не істеліп жатыр? Оқу орнына қатысты бұл сауалдарға Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің басқарма төрағасы – ректор Лаура Қарабасоваға жауап берді,- деп хабарлайды turkistan.today порталы Ана тілі сайтына сілтеме жасап.
– Лаура Чапайқызы, ең алдымен, өзіңізді газет оқырманына таныстырғанымыз жөн болар, яғни еңбек жолыңыздан қысқаша дерек берсек...
– М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицейінде орта білім алдым, сондай-ақ қазір өзім басшылық ететін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің түлегімін. Осылайша, туған жерім – Ақтөбеде білімімнің іргетасы қаланып, әрі қарай шетелдік және отандық үздік оқу орындарында өзімді шыңдадым.
Білім беру менеджменті – менің арнайы оқыған мамандығым. Білім беру мамандығы бойынша философия докторымын. Осы салада магистрлік және докторлық диссертацияларымды қорғадым. Ректорлық қызметке дейінгі еңбек жолымда оқытушы, менеджер, аналитик, департамент басшысы, зерттеуші және проректор қызметтерінде тәжірибе жинадым. Одан бөлек түрлі ұлттық кеңестер мен жұмыс топтарында еңбек етіп, ауқымды жобаларға үлесімді қостым.
Ғалым ретіндегі қызметімді айтсам, білім беру саясаты мен реформаларды зерттеймін. Бірқатар еңбектерім беделді шетелдік басылымдарда жарияланды. Мысалы, 2020 жылы халықаралық баспадан шығарылған «Орталық Азиядағы білім беру жүйесі: қиындықтар мен мүмкіндіктер калейдоскопы» атты кітабымыз білім саласындағы ең көп сатылып, баспаға табыс әкелген кітаптардың бірі болды.
Ғылымнан ешқашан қол үзген емеспін. Қазір жоғары оқу орнының басшысы қызметімде ұжымға және жас ғалымдарға ғылыммен айналысуға жағдай жасауды алдыма басты міндеттерімнің бірі деп қойдым. Сонымен бірге докторанттарға да жетекшілік етемін.
– Еліміздің батыс өңіріндегі ең үлкен жоғары оқу орнының бірінші басшысы ретінде жұмысқа кіріскеніңізге біршама уақыт болды. Алғашқы әсеріңіз қандай болды? Жұмысты неден бастадыңыз?
– Расында, біздің университет – батыс өңірінде ғана емес, жалпы еліміздегі ең ірі жоғары оқу орындарының бірі. ЖОО аграрлы-индустриялық Ақтөбе өңірі экономикасының қозғаушы күшін дайындауға әрі өңірдің мәдени-рухани өмірінің өзегіне жауапты.
Өзім оқыған университет болғандықтан, қалыптасқан үрдіс пен дәстүрді жақсы білдім. Десек те, студенттің көзімен білу бір бөлек, үлкен ұйымның қыр-сырын және өзіндік корпоративтік мәдениетін білу бір бөлек қой.
Алғашқы кезеңде оңай болмады. Ақтөбеліктер «өз түлегіміз, өз жерлесіміз» деп қарсы алды. Десек те, сын көзбен және күмәнмен қараушылар болғаны да жасырын емес және бұл заңдылық. «Артылған сенім мен үмітті қалай ақтаймын» деген уайым да болды. Ауыр болса да, мүдделер қайшылығын туғызса да, мен әу бастан әділдік және адалдық принциптерін ұстандым. Ереже мен талаптардың бұлжымай орындалуын талап еттім және ұжымның әр мүшесі кәсіби өсуге тиіс деген ұстанымда болдым. Студенттер мен жастар бірден жанымнан табыла кетті. Ал өзіңіз сияқты аға буын өкілдері, ақсақалдар мен ардагерлер маған жылы сөздерімен үлкен қолдау білдірді.
Біздің ұжым нәтижеге жұмыс істегенді ұнатады, соны талап етеді және жұмыла кетеді. Қазір сол жұмыла көтерген жүгіміздің нәтижесін көріп отырмыз.
«Трансформацияны қалай басқардыңыз және ұйымдастырдыңыз» деген сұраққа келсек, бірнеше алғышарттардың болуына мән бердім. Өзгеріске ынталандыру, нақты нәтижеге бағытталған кәсіби даму мүмкіндіктерін ұсыну, ортаны өзгерту және қандай қиындық болса да, бет алған бағыттан таймау.
Ұйымдық трансформация, ең алдымен, соны жүзеге асыратын кадрлар сапасына келіп тіреледі. Өзгерістер алдында тұрған ұжымға шетел тілін үйрену, шетелдік тағылымдамадан өту және шетелге оқуға бару секілді өзін-өзі жетілдіру мүмкіндіктеріне ден қойдық. Орталықтан шетелдік үздік оқу орнын аяқтаған мамандарды тарттық.
Білім саласындағы өзгерістер уақытты талап етеді. Өйткені біз адамдардың сенімімен, құндылықтарымен және мәдениетпен жұмыс істейміз. Сондықтан ұжым болып атқарып келе жатқан еңбегіміздің нәтижесін алдағы жылдары Ақтөбе өңірі, еліміз бірнеше еселенген түрде көреді деп ойлаймын.
– Өткен 2023–2024 оқу жылының қорытындыларына қысқаша сипаттама берсеңіз.
– 2023–2024 оқу жылы Жұбанов университетінің ұжымы үшін үлкен нәтижелермен ерекшеленді. Жоғарыда айтқан үлкен трансформация жұмыстарының нақты нәтижелері көріне бастады. Өзіміз 2 жыл қатарынан қолдау көрсетіп, дайындаған 20-ға жуық қызметкеріміз «500 ғалым» жобасы аясында шетелдік тағылымдамаға өтсе, 40-қа жуық жас маман ұлттық университеттерге докторантураға түсті. Осы жылдары университетімізге жұмысқа келген «Болашақ» халықаралық бағдарламасы және өзге де үздік университет түлектері халықаралық жобалар мен отандық гранттармен қаржыландырылатын жобалар ұтты.
Ғылымда үлкен серпіліс болды. 2024 жылы жалпы құны 5 млрд теңгеге жуық қаржы жеңіп алдық. Ғылым мен өндіріс арасындағы алшақтықты жойып, интеграцияны күшейту үшін жалпы құны 1 млрд теңге болатын нақты өндіріс мәселелерін шешетін зерттеу нәтижелерін коммерцияландыруға шығару грантын ұтып алдық. Өткен оқу жылында профессор-оқытушылардың ғана емес, қызметкерлердің жалақысын да өсіре алдық.
Қысқаша айтсам, университетіміз грант иегерлері таңдайтын елдегі үздік 10 университет қатарына, жұмысқа орналасу көрсеткіші бойынша үздік 10 университет қатарына кірді және елдегі адалдық қағидаттарын берік ұстанатын 18 университетті біріктіретін Адалдық лигасына төраға болу мәртебесіне ие болды.
2023 жылдың ең айшықты оқиғасы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың университетімізге арнайы келіп, британдық серіктеспен атқарған жұмысымызға куә болуы. Президентпен әңгімелескен студенттеріміз ерекше әсер алды және бұл – өмір бойы есте қаларлық сәт.
– Әңгімені 2024–2025 оқу жылының басталуы жөнінде өрбітсек. Белгіленген шаруалар қандай? Оқу-тәрбие процесін жетілдіруде, яғни осы замандық талаптарға сай жүргізуде не істелмек?
– Жаңа оқу жылы 14 мыңға жуық студентпен басталды. 1-курсқа 4 мыңға жуық студент қабылдадық. Түсу талаптарын қанша жоғарылатсақ та, біздің жоғары оқу орнымызға түсушілердің саны жылдан-жылға артып келеді. Оқытушыларға ғылыммен айналысу үшін оқыту жүктемесінің оңтайландырылған механизмін ұсындық.
Өзгермелі оқыту парадигмасы студенттердің сапалы білім алуы үшін ыңғайлы физикалық кеңістік пен инфрақұрылымның болуын талап етеді. Кезең-кезеңімен ескірген оқу ғимараттарын жаңартып келеміз. Биыл 6 мыңнан астам студент оқитын Мұхтар Арын атындағы бас ғимаратта реновация жүргізіп, студенттерге жайлы орындарды көбейттік.
Жаңа оқу жылында 2 жаңарған кітапхана студенттерге есігін айқара ашты. Кітапхана тек кітап алатын орын емес, нағыз социализация мен студенттердің шығармашылығына мүмкіндік беретін жанданған әрі рухани тартылыс орталығына айналғанын қалаймыз. Сондықтан кітапханада енді конференция залы, топтық және жеке жұмыстарға арналған бөлмелер, дыбыс жазатын студия мен этнобұрыштар жұмыс істеп тұр.
Өзгермелі, сын-қатері көп уақытта өмір сүріп, жастармен жұмыс істеп отырмыз. Студенттерімізге дұрыс бағыт-бағдар беріп, идеологиялық жұмысты күшейту үшін биылдан бастап университетте тек қана тәлімгерлік функциясымен айналысатын менторлар институтын енгіздік.
– Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университетінің базасында шетелдік беделді жоғары оқу орнының филиалы ашылғанынан хабардармыз. Осы игілікті жобаның барысын сөз етсеңіз.
– Иә, Ақтөбедегі британдық Хериот-Уотт университетінің кампусы – мемлекеттің таланттыларға ұсынған тартуы. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында министрлігіміздің үлкен қолдауымен өткен жылы өңір сұранысына сәйкес 3 мамандыққа алғашқы 300 студентті қабылдасақ, биыл 250 студент қабылдадық.
Өңірлік университет базасындағы шетелдік беделді оқу орнымен серіктестік – білім беру саласындағы маңызды қадамдардың бірі. Бұл жоба тек білікті кадр даярлап қоймай, жергілікті университетті халықаралық стандарттарға көтеру мақсатын көздейді. Осыған дейін мұндай масштабты жобалар ұлттық немесе орталықтағы ірі жоғары оқу орындары еншісінде болса, қазір серіктесіміздің тәжірибесін зерделеп, халықаралық деңгейге ұмтылу арқылы өңірлік университеттердің қоғамдағы бейнесін өзгертіп жатырмыз.
Мысалы, бұрынырақ біздің университет, негізінен, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарынан ғана студенттерді тартып келсе, Хериот-Уотт жобасы арқылы биыл еліміздің 9 өңірінен талантты студенттерді жинай алдық. Атап айтсақ, Алматы, Астана қалалары, Жетісу, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Түркістан, Ақмола облыстары. Демек, өңірде отырсақ та, ұлттық деңгейдегі кадрларды даярлауға үлес қосып отырмыз.
Биылғы жылдың ерекшелігі – Хериот-Уотт кампусындағы білімді бағалап, ақылы оқуға қызығушылық білдірушілер болды. Ақылы оқуға түскен ел азаматтарынан бөлек, ағылшын тілін оқыту деңгейі өте жоғары Ресей Федерациясы, Өзбекстан және Пәкістан азаматтары да бар. Бұл – өте маңызды үрдістің бастауы және министрлік көздеп отырған Қазақстанды тұтас Орталық Азияның академиялық орталығына айналдыру идеясының жүзеге асуы.
– Ел Президенті жанындағы Ұлттық Құрылтайдың мүшесісіз. Мемлекет басшысы ұсынған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидасын орнықтыру турасында пікіріңізді білгіміз келеді. Мәселені өзіңіз басқаратын жоғары оқу орнында жүзеге асыру жолындағы нақты мысалдармен дәйектесек.
– Атырауда өткен Құрылтай отырысында ел Президенті қоғам үшін, жастар үшін маңызды басты құндылықтарды айқындап берді. Отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер баса айтылды.
Университет – жастарға тек білім мен дағды беріп қоймай, рухани, азаматтық және моральдық құндылықтарды сіңіретін маңызды институт. Сондықтан адал еңбегімен адал табысқа жетуге ұмтылатын адал азаматтарды қалыптастыру – жоғары миссиямыз. Бұл, әрине, оқу үрдісіндегі академиялық адалдық қағидаттарын қатаң ұстанудан басталады. Өзгенің идеясын көшірмеу, емтихандарды өз біліміне сүйеніп тапсыру, сабаққа қатысу – ең қарапайым қадамдар.
2021 жылы университетте басталған трансформация жұмысы баршаға бір университет – бір ереже және бірдей талап қағидатымен жүріп келеді. Әрине, бастапқыда бұл үрдіс ауыр жүрді және жергілікті қауымдастық бірдей қабылдамады. Сөйтсе де бұл – әділетті қоғам қалыптастырудың іргетасы.
– Мемлекет басшысының ерекше назар аударған мәселелерінің бірі – жоғары және арнаулы орта білім беру жүйесіндегі жатақхана. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?
– Университетімізде студенттер сұранысын қанағаттандырып отырған төрт жатақханамыз бар. Университет бюджетіне салмақ болса да, соңғы бес жылда жатақханада тұру бағасын мүлде көтермедік. Десек те, студенттер тұрмысына қажетті жиһаздар мен төсек-орындарды жаңартып келеміз. Біздің жатақханалардағы тұру ақысы айына 5–7 мың теңге шамасында. Біз әлеуметтік жауапкершілігі жоғары оқу орнымыз бен студенттерімізге қолдау көрсетуге тырысамыз.
Өткен оқу жылының өзінде реконструкция жасау арқылы 90 студентке арналған жаңа бөлмелерді іске қостық. Ал келесі жылы жаңа жатақхана ғимаратын салуды жоспарлап отырмыз.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.