Дархан Мыңбай қазақ-өзбек қатынастары туралы не жазды?

Дархан Мыңбай қазақ-өзбек қатынастары туралы не жазды?
Бір қағылез кемпір: "Қыз күнімді айтсам, алысқа кетемін" деген екен. Сол айтқандай, Ташкент туралы айтсақ, өткен тарихымызға тереңдеп кетуіміз мүмкін. Сондықтан оны қозғамай-ақ, дәл қазір елімізге аса зәру мәселені сөз етуді жөн көрдік.
Сонау 1946 жылы Ғылым академиямыздың алғашқы академигі әрі Ғылыми кітапхана алқа кеңесінің мүшесі Мұхтар Әуезов баяндама жасап, қорытынды сөзінде сирек қолжазба бөлімін ашуды ұсынады. Сонда "осы құрылымды ашсақ, Өзбек Ғылым академиясы қазаққа қатысты қолжазбаларды бөліп беруге уәде еткенін" еске салады. Әдебиет пен тарихтың білгірі, мойындалған ғұлама, көрнекті суреткер ескі Ташкентте қазақ руханиятына байланысты орасан көп қордың болғанын, онда Түркістан республикамыздан қалған үлесіміз бар екенін ескерткен.
Алайда қоңсы жұрттың “құп, мақұлы” сөз жүзінде қалып қойыпты. Өйткені, басқаны айтпағанның өзінде, сол Мұхтар Әуезовтің өзіне қатысты тарихи құжаттар, архив материалдары қолға тимей отырғанын мамандар дабыл қағып айтып жүр.
М.Әуезов сөзінен бері қанша уақыт өтті, қанша су ақты. Тәуелсіз елге айналдық, әлемнің көп елінде елшілік аштық. Түркі тілдес елдердің мызғымас бірлігін құрудың жаңа кезеңіне аяқ бастық. Достық, бауырластық, ынтымақтастық іс-шараларын қолға алып жатырмыз. Ал қазақ халқының Ташкент кезеңі, осы қаладағы мол мұра өзге емес, қазақ-өзбек байланысын арттыруға ықпал ететінін ұмытқандаймыз.
Ұлтымыздың тарихи, мәдени мұрасына байланысты маңызды құжаттар әлі де құлып астында, қалың папкалар арасында, архивтер сөрелерінде шаң басып жатқаны көңілге батады. Сонда екі ел арасына ши жүгірту, мәселені әр саққа бұру кімге тиімді?
Жыл аралатып өтетін достық, мәдени меморандумдар, келісімдер қашанғы қағаз жүзінде қала бермек?
Кезіндегі көрнекті қайраткер Тұрар Рысқұловтың:
“Түркістан, тұтас бол,
Түркітілдес, түгел бол!” -
деген аманатына адал болу үшін бауырлас елдер экономика, ғылым, өнер саласында ынтымақтастықты арттырып қана қоймай, бір-бірінің өткен тарихын түгендеуге атсалысуы маңызды деп білеміз.
Бізде де өзбек халқына қатысты елеулі жәдігерліктер, тарихи орындар бар. Фольклорлық мұра да біршама. Осыны Өзбекстан ғалымдары зеттеу нысанасы етсін. Жаңғырған Түркістан мен тарихи Сайрамның Өзбекстанға қашанда құшағы ашық екені тағы да белгілі. Қазақстанда жергілікті халықпен айрандай ұйыған өзбек этносы да мәдени- архивтік мұралардың ұлысаралық қатынасқа дәнекер болуын қалайды.
Мұндай қадам түркі жұртының меймандос бірлігін, шынайы достығын арттырары сөзсіз.
Дархан МЫҢБАЙ

Сіздің реакцияңыз қандай?

like
0
dislike
0
love
0
funny
0
angry
0
sad
0
wow
0