Серіктестер

«Әділет» партиясы Батыс Қазақстан жастарының ұсыныстарын тыңдады

Түркістан 7 қыркүйек, 2026

Батыс Қазақстан облысында «Әділет» партиясының облыстық филиалы жастармен ашық кездесу өткізіп, өңірдегі өзекті мәселелер мен жастардың ұсыныстарын талқылады.

Кездесуге партияның Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Бауржан Бектұрған, Орал қалалық мәслихатының депутаты әрі кәсіпкер Нұргүл Ашикова, жастар ресурстық орталықтарының басшылары, ақындар, журналистер, блогерлер, кәсіпкерлер, студенттер және белсенді жастар қатысты.

 

Бүгінде облыста 185 516 жас тұрады. Бұл өңір халқының 26,6%-ын құрайды. Оның 105 297-сі қалада, 80 219-ы ауылдық жерде тұрады.

 

Өңірде жастарға кәсіптік және жоғары білім беретін төрт жоғары оқу орны мен 36 колледж жұмыс істейді. ЖОО-ларда 27 462, колледждерде 15 038 студент білім алуда.

 

Кездесу барысында білім беру, жұмыспен қамту, тұрғын үй, кәсіпкерлік, шығармашылық, қоғамдық белсенділік және ауыл жастарына арналған мүмкіндіктер сөз болды.

 

Жұмыспен қамту мәселесіне де назар аударылды. 2025 жылдың IV тоқсанының қорытындысы бойынша облыста жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,6%, ал NEET санатындағы жастардың үлесі 4,4%болған.

 

NEET санатындағы жастармен «Отбасының цифрлық картасы» арқылы атаулы жұмыс жүргізілуде. Қазір жүйеде 2 474 жас тіркелген. Олармен жеке жұмыс жүргізіліп, әлеуметтік мәртебесін анықтау, мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпарат беру және бос жұмыс орындары жәрмеңкелеріне қатыстыру шаралары ұйымдастырылып жатыр.

 

Өңірдегі жастар саясатын жүзеге асыруда 14 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі орталықтарда шамамен 250 қызметкер еңбек етеді.

 

Жастардың баспаналы болуы да кездесудің негізгі тақырыптарының бірі болды. 2024 жылдан бері осы бағытқа жергілікті бюджеттен 3,183 млрд теңге, ал «Отбасы банк» тарапынан 331 млн теңге бөлінген.

 

«Жайық жастары» бағдарламасы бойынша 2024 жылы 41 жас маман баспаналы болса, 2025 жылы тағы 72 жас тұрғын үй алған. Алдағы уақытта 90-нан астам жасты баспанамен қамту жоспарланып отыр. Осылайша бағдарлама аясында үй алған жастардың жалпы саны 200-ден асуы мүмкін.

 

«Жастар – елдің болашағы ғана емес, бүгінгі қоғамның белсенді бөлігі. Сондықтан олардың пікірін тыңдап, бастамаларына қолдау көрсету маңызды. Өңірдегі жастардың нақты мәселесін жастардың өзінен артық ешкім білмейді. Бүгінгі кездесу – ашық диалогтың нақты үлгісі», – деді Бауржан Бектұрған.

 

Кездесуде жастар ресурстық орталықтарының басшылары да өзекті мәселелерге тоқталды. Жастардың шығармашылығы, қоғамдық белсенділігі, ақпараттық кеңістіктегі рөлі және ауыл жастарына арналған мүмкіндіктер талқыланды.

 

Жастар өз кезегінде білім, жұмыспен қамту, кәсіпкерлік, тұрғын үй, шығармашылық және қоғамдық бастамалар бойынша ұсыныстарын ортаға салды.

 

Жастардың әлеуетін арттыру «Әділет» партиясының бағдарламасында да қамтылған. Партия 5 млн жасты жасанды интеллект құралдарын қолдануға үйретуді және 1 млн жаңа жұмыс орнын құруды мақсат етіп отыр.

 

Бұл бағыттағы жұмыстарды партия жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты да жүзеге асыруда. Оның жобалары қатарында «Жастарға жұмыс», «Жайдарман», «STUD Премия», «Жас саясаткерлер мектебі», сондай-ақ волонтерлік және экологиялық акциялар бар.

 

«Жастарға жұмыс» жобасы аясында бос жұмыс орындары жәрмеңкелері ұйымдастырылып, жастарға еңбек нарығындағы мүмкіндіктер туралы ақпарат беріледі. Ал жоғары оқу орындары мен колледждердегі «Жастар Рухы» бастауыш ұйымдары студенттерді қоғамдық жұмыстарға, көшбасшылық жобаларға және жастар бастамаларына тартып келеді.

 

Партия өкілдерінің айтуынша, мұндай кездесулер жастардың мәселелерін тікелей тыңдап, олардың ұсыныстарын өңірлік күн тәртібінде ескеруге мүмкіндік береді.

Ұқсас жаңалық

Редакциямен байланыс

+ 7 775 186 2113

Астана қаласы, Мәңгілік Ел көшесі, 8, 17В блок, 204-кабинет (Журналистер үйі)

info@turkistan.today

Әлеуметтік желілер
Біз туралы

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024

Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.

Яндекс.Метрика

© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.