Отандық танымал әнші Мақпал Жүнісова осыған дейін қызы Мерейді асырап алғаны жайлы айтқан болатын.
Өнер иесі «1001 түн» бағдарламасында Заманбек Нұрқаділов екеуінің Мерейді туысынан асырап алғанын және қызының биологиялық ата-анасымен араласатынын айтып, жан сырын ақтарды, деп Turkistan Today жазады KAZ.NUR.KZ сайтына сілтеме жасап.
Бағдарлама барысында Мақпал Жүнісованың тыңдарманы эфирге хабарласып, әншіден «Мерей биологиялық ата-анасымен араласады ма?», — деген сауал қойды. Ал әнші қызы Мерейді туысынан асырап алғанын және туған ата-анасымен араласатынын мәлім етті.
«Әрине, араласады. Ешқашан араларын үзбедім.
Өйткені, ол — менің туған бауырым. Менде екі бала шетінеп кетті. Денсаулығым нашарлағаннан кейін, бір баланы асырап алайын деп жүргенбіз. Басқа жерден асырап алайын деп жүргенде, келінім үшінші қызды туады. Осы кезде Зәкең: «Екі қызы бар ғой. Үшінші қызды бізге берсе, қалай болады» деді. Мен «Бермейтін шығар. Тоғыз ай толғатқан бауырындағы баланы қалай бере салады» дедім. Бірақ, Зәкең бірден ұшып кетті. Екеуіміз ұшып барып, шешемнің, келінімнің алдынан өтіп, «Мақпал да бақытты болсын, айналайындар. Осы қызды бізге беріңдер. Артынан құт болып, осы қыздың артынан келін бірден ұл туады» деді. Қазақтың ырымы ғой сол. Менің анам Зәкеңді қатты сыйлайды. Анам «Иә» деді. Анам көзіне жас келіп «Мақпалым-ай, Мақпалым, бақытты болсыншы.
Берейік. Сендердің қолдарыңда жаман қыз болмас» деп ақ батасын берді. Содан біз Мерейімізді перзентханадан алдық. Сол кезде Зәкең маған айтпай, құжаттарды бірден Қарағандыда жасатып алып кетті. Шынымен, құтты қыз болды. Артынан екі бауыры дүниеге келді. Екі әпкесі, екі інісі бар», — деді Мақпал Жүнісова.
Сонымен қатар әнші қызы Мерейге шындықты неліктен айтқанын да түсіндіріп берді. «Зәкеңнің өзі беріп кеткен Заманбек деген тегін «ауыстырмаймын» дейді. «Менің әкем — Заманбек. Әкемді жақсы көрем» деп отырады. Біз мұны (асырап алғанын — ред.) айтамыз деп ойламадық. Зәкең «18 жасында өзім айтам» деген. Бұл қыз танысқанда «Албанмын» деп танысады екен. Ертең өмірден кетіп қалсам, шындығын ашып кетейін деп ойладым. Бірақ, Мерей басында сенбеді, жылады. Ең бастысы, Мерей: «Сен менің — анамсың» деді», — деді Мақпал Жүнісова.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.