Қолымызға қалам алғызып отырған бұл әділетсіз де өкінішті оқиға қазіргі Жетісу, бұрынғы Талдықорған облысы Қаратал ауданының соғыс ардагері, ішкі істер органдарының полковнигі, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы, отыздан астам орден, медаль иегері Егізбай Джампеисовтың өмірі мен еңбек жолы турасында, деп хабарлайды Turkistan Today.
Құдайға мың тәубә, бүгінгі әлемдік қоғамдастықтың терезесі тең мүшесі болып отырған тәуелсіз Қазақ елінің сан ғасырлық тарихында кешегі екінші дүниежүзілік соғыстың әкелген қисапсыз қайғысы мен қасіреті, бірнеше ұрпақтардың жүрегіне салып кеткен ауыр жарасының жазылуына әлі талай замандар бар екендігі анық. Сондықтан да бүгінгі біздер кешегі даңқты бабалар мен ержүрек аталар аманатын арқалаған қарыздар ұрпақ өзімізді халық ретінде жер бетінен жоюды көздеген зұлым жаудан елдігімізді қорғау үшін қан кешкен, сәт сайын төнген ажал ортасында ерлік пен төзімділіктің ерен үлгісін көрсеткен аға ұрпақтың алдында әрдайым басымызды иеміз. Бұл баршамыздың бұлжымас мәңгілік парызымыз болып қала бермек.
Соғыс зұлматының ащы шындықтары әлі де түбегейлі ашылмай келе жатқаны аян. Қазіргі деректерге сүйенсек, орта азиялық халықтар арасынан қазақтар жан басына шаққанда майданға ең көп алынғаны, сәйкесінше көп қаза тапқаны белгілі. Сол кездегі жергілікті әскери комиссариаттарда негізінен сырттан келген, оның алдында ғана 1928-30 жылдары қолдан жасалған алапат аштық нәубетіне ұшыраған тұрғылықты халықтың тағдырынан бейхабар, қайырымнан жұрдай, бәлкім қасақана жаны ашымастықпен бір отбасының еркек атаулысын: әкесін, үш ұлын, төрт ұлын да тып-типыл етіп қасапқанаға аямай жіберуінен, демек бүтіндей бір әулеттің ұрпақ жалғастыруын қиып тастаған қиянатынан көрінеді.
Солардың қатарында Қараталдық әулет Джампеисовтер (құжат бойынша) шаңырығының да қайғылы тағдырын айтуымыз қажет. Бір үйдің арқасүйер үш азаматы: Ерметай, Ештай, Егізбай үшеуі де қырғын соғыстың қатыгез майданына жіберіледі. Даңқты жерлесі Талғат Бигельдиновтың жолымен Ерметай Джампеисов әскери жойғыш ұшақтың экипаж мүшесі болып, соғыстың ең бір қанқұйлы кезеңі 1942 жылы Украина аспанында ерен ерлікпен қаза табады. Қазақ, украин, орыс, беларус және молдован ұлтының өкілдерінен тұрған интернационалды экипаж мүшелерінің сүйегі соғыстан кейін ширек ғасыр өткен соң іздеушілердің арқасында 1967 жылы Украинаның Ястребки селосының жанынан табылып, темір төсбелгілерінің арқасында ғана есімдері анықталады. Бұл хабар құрбан болған батыр ұшқыштың тірі қалған жалғыз інісі Егізбайға жетіп, ғұмыр бойы туған ағасын іздеп өткен қайран іні кейінгі отыз жыл бойында сонау Украина жеріне бауырының басына барып, бас иіп, құран бағыштап жүрді. Қасым Қайсенов ағамызды төбесіне көтеретін тәубешіл украин жұртшылығы мен билігі қазақ ұшқышы Ерметайға да ескерткіш орнатып, жыл сайын алғыспен атап өтуді ешқашан ұмытқан емес. Алыстағы украина елінің қазақстандық сарбазға мұндай құрметі нағыз өркениеттілік пен ізгіліктің көрінісі дер едік.
Әскерге бұлардан ең алдымен барған Егізбайдың екінші ағасы Ештай да майдан даласынан оралмады, ол алыстағы Фин соғысында қаза тапты. Мінеки, ұлтымызға ұлы қасіреттер әкелген ауыр кезеңдер қиянатының анық көрінісіндей бір әулеттің ең кенже ұлы Егізбай Джампеисов те бозбала 17 жасында соғысқа алынып, Ашхабадтағы әскери оқудан өткен соң майданға жіберілді. Беларусь, Украина жерлерін фашистерден азат етудің қан майданында толарсақтан саз кешіп күрескен бала жауынгер Польша жеріне дейін жетіп, 1944 жылы аяғынан ауыр жараланады. Бір сөткеден астам суық окопта қансырап жатқан сарбаздың өмірін әскери дәрігерлер әзер сақтап қалған. Тозақ пен азап отынан аман қалып туған еліне 1 топтағы мүгедек күйінде оралған Егізбай көп ұзамай әке-шешеден де айырылып, ендігі мынау жарық дүниеде тұл жетім қалады. Десе де тағдырдың тосқан сан түрлі сынағына қайсарлықпен төтеп берген жас қазақ жігіті мүгедектігіне қарамастан, ендігі бейбіт өмірдің қайнаған қазанына араласып, Латвияда арнайы білім алған соң сол бір ауыр кезеңдегі күрделі сала құқық қорғау органдарына қызметке кіріседі. Бұдан кейінгі ұзақ жылдар бойында Егізбай Джампеисов Талдықорған облысының Панфилов, Сарыөзек, Текелі, Қаратал аудандарына жіберіліп ұдайы жауапты міндеттерді жауапкершілікпен, абыроймен атқарып, үздік еңбегі мен кіршіксіз тәртібі арқасында полковник дәрежесіне дейін көтерілді. Милицияның тынымсыз тірлігінен сәл босаған сәттерінде қолына қалам алып, сол кезеңнің өзекті тақырыптарына үнемі өз пікірін білдіріп мақалалар мен зерттеулер жазып тұратын. Еңбек жолында Қаратал ауданының ОБХС басшысы болған кезең де бар. Өзі де осы топырақтың тумасы, майдангер, жазушы Кемел Тоқаевтың детектив жанрындағы танымал туындыларында ауылдас жерлесі, соғыстан оралған милиция полковнигі Е.Джампеисовтың де бейнесі қамтылғаны ешқандай күмән туғызбайды. Осылайша өмір бойында жары, екі қызымен қызметтік пәтерлерде көшіп жүрген офицер үкіметтен жеке пәтер сұрауды да намыс көріп, ондаған жылдарды тынымсыз еңбекпен өткізеді. Тағдырдың тосын сыйы тағы да алдынан шығып, жан жары 48 жасында көз жұмады да, кәмелетке толмаған екі қызын бағып қағу мен оқытудың ата-аналық парызын жалғыз өтеді. Соғыс салған терең жара тәні мен жанын қатар қинаса да, өмірдің күрделі өткелдерінен мойымай өткен намысшыл азамат 80-ге қараған шағында ауыр инсульт алып, Үштөбедегі шағын жер үйде отбасымен тұратын кенже қызы Зухраның қолына қарап қалады. Мінеки, екі жүйеде ғұмыр кешіп, от кешіп, ендігі тәуелсіз Қазақстан үкіметі тарапынан Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне жасалып келе жатқан қамқорлықтың қажеттігіне 80-нен асқан кезінде, Жеңістің 60 жылдығы қарсаңында ғана амалсыз мұқтаждық танытқан қарт ардагер қыздарының көмегімен Талдықорған қаласында пәтер кезегіне тұрады. Жергілікті тиісті мекемелердің құжаттарына сәйкес 2006 жылы 60-шы кезекке ресми тіркелген соғыс ардагері, 1 топтағы мүгедек Егізбай Джампеисовтың соғыстан соңғы ендігі бейбіт өмірдегі, егемендік алған туған еліндегі азабы осыдан кейін басталады, сұрапыл майданда бір тамшысын шығармаған көзжасы атамекенінде төгіледі.Ақыры әлдеқандай беймәлім себептермен табандай алты жылда бар-жоғы алпыс орынға жылжымаған пәтер кезегіне жете алмаған қарт ардагер 87 жасында, өз үйі өлең төсегінде емес, жарт жұрттық дейтін қызының қолында өзге бұрышта 2012 жылы қайтыс болды. Артында екі қызы, аталаған немерелері қалды. Еліміздің ресми заңнамаларына сәйкес ендігі мұрагерлеріне қалуы тиіс қайран пәтер 2022 жылы бірінші кезекте тұрған жерінен аяқ астынан жергілікті шенеуніктердің қитұрқы әрекеттерінің салдарынан ұшты-күйлі жоғалады. Шырылдаған қызы З.Джампеисова сол кездегі облыс басшысы С.Үмбетовтың алдына дейін барады. Әкімдіктен жағымды жауап алынғанымен пәтер сол күйі берілмейді. Амалы таусылған балалары сотқа дейін шағымданып, ақиқатын дәлелдеп, әділдік орнағандай болған. Алайда Талдықорғандық тиісті мекемелердің «қырағы» қызметкерлері кезекті «шедеврлерді» ойлап тауып, соғыс ардагері Егізбай Джампеисовтың орнына оның қызы Зухра Джампеисованың мүлде жаңадан құжат жинауын талап етуде. Қарт сарбаздың сырқат жүрегінің тоқтауына дейін апарып, ендігі оның ұрпағына жеткен азап пен мазаққа шыдамаған қыздарының тіпті мемлекет басшылығына хат жазуына тура келген екен. Алайда күні бүгінге дейін ардагердің соңғы арызы жатқан жергілікті орындардан баяғы жартас бір жартас, тырс еткен ізгілік нышаны байқалмайды.
Әлем жұртшылығына, соның ішінде қазақ халқына орны толмас қасірет әкелген сұм соғыстың отын кешкен жерлес азаматтарымыздың қатары жыл сайын сиреп, бүгінде саусақпен санарлықтай қалғаны мәлім. Алайда қастерлі аға ұрпақ алдындағы адамдық парыз бен қарызымыз мәңгілік қалмақ. Ендеше олардың кейбір көзі тірісінде көре алмай кеткен қамқорлығы артында қалған ұрпақтарына бұйырып, абыз әкелеріміз тым болмағанда ана дүниеде жандары тыныш табар деген әділ үмітіміз бен күмәнсыз сенімімізді тағы да білдіреміз.
Мұхтар Кәрібай
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.