Кері транзит: Түрікменстанда экс-Президент баласынан билікті қайтарып алуда

Кері транзит: Түрікменстанда экс-Президент баласынан билікті қайтарып алуда

Сердардың анасының жағына шығуы және жемқор туысқандарын қудалауы әкесіне ұнамады. Жаһандық алпауыт державалардың мүдделері осы елде тоғысып, тайталас басталып жатыр, деп Turkistan Today хабарлайды inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.

Әкеден асып туған бала ма?

Республиканың жаңа лидері, 41 жасар Сердар Бердімұхамедов елде қал-қадари жаңғыруларды жүзеге асыра бастады. Жемқорлыққа қарсы пәрменді күрес ашып, бұл жолда тіпті өз туыстарын да аямайтынын анық аңғартты. Кеңес кезінен бері көп өзгере қоймаған, консервацияланған түрікпен экономикасын реформалауда. Осы аптада Қаржы және экономика министрлігі инвестициялық конкурс жариялады. Оның аясында мемлекеттік меншіктегі объектілер саудаға шығарылып, жекешелендіру толқынына серпін беріледі. Тиісті хабарландыру Министрлер кабинетінің ресми басылымы, орыс тілінде шығатын "Нейтральный Туркменистанда" басылды. Жекешелендіруге қатысуға шетел азаматтары мен заңды тұлғалары да шақырылды.

Сонымен бірге Түрікменстанның ішкі саясатында да тосын өзгерістер болып жатыр.

Сердар – Түрікменстанның Түркіменбашыдан кейінгі екінші Президенті Құрбанқұлы Бердімұхамедовтың жан дегенде жалғыз ұлы. Одан бөлек, Құрбанқұлының Гүлжаһан және Гүлшан деген екі қызы бар.

Сарапшылар Сердардың бала кезден әкесіне қарағанда, анасы Огулгерекке жақын болғанын айтады. Бір қызығы, Огулкерек (Ogulgerek) деген есім огул (ұл) және герек (керек) деген екі сөзден құралған. Яғни қазақтың Ұлболсын деген атына ұқсас. Қайсар мінезді, жігерлі Огулгерек ұлын атына заты сай нағыз сардардай болып өсуіне, оның бойында қолбасшылық, көшбасшылық қасиеттерді ұштауға мән берген. Сондықтан жергілікті және шетелдік саясаткерлер мен саясаттанушылар ел тізгіні түптің түбінде әкесінен баласына көшетінін болжап жүрді.

Түрікменстандағы билік транзиті дүниежүзілік пандемиядан кейін, 2021 жылы бастау алды. Сол жылғы 14 сәуірде іс басындағы Президент Құрбанқұлы Бердімұхамедов осы орынтағын сақтай отырып, Ұлт көшбасшысы, Милли Генгештің (ел Парламентінің) Халық Мәслихатының (Сенаттың) төрағасы лауазымдарын иеленді. Ол кезде елдің заң шығарушы билігі қос палатадан тұратын.

Әйтсе де, Түрікменстандағы кезектен тыс президенттік сайлау тек 2022 жылғы 12 наурызда өтті. Оның ұйымдастырылатынын жариялай отырып, Құрбанқұлы "жастарға жол беру керектігін" алға тартып, оған қатыспайтынын мәлімдеді. 14 ақпанда билеуші Демократиялық партия президенттікке кандидат ретінде оның ұлы Сердарды ұсынды. Дода қорытындысында Сердар жарқын жеңіске жетіп, 72,97% дауыс жинады. Халықаралық бақылаушылардың көбі сайлауды мойындамады.

Сердар бірден өзін елдің жаңа қожайыны ретінде көрсетуге күш салды. 2022 жылғы 29 маусымда ел астанасы Ашхабад қаласына Каспий жағалауындағы барлық бес мемлекеттің президенттерін саммитке жиды, оның отырысын өзі басқарды. Енді міне, жаһандық геосаяси дауыл тұсында Түрікменстанның әлемдегі рөлін арттыруға тырысуда.

Дегенмен, халықаралық сарапшылар оның әкесінің көлеңкесінде қалып тұрғанына назар аудартады. Бұған қоса, бұрынғы Президент бар билікті қайтадан өз қолына жиып жатқан көрінеді.

Carnegie қорының бағалауынша, Түрікменстандағы президенттік биліктің алдымен әкеден балаға, артынша баладан әкеге тапсырылуы "авторитарлық жүйелерде транзит процесінің осал екенін паш етеді". Осы қатарда мысалы, 2019 жылы Қазақстанда жүрген билік трансформациясының соңы елде қос биліктің орнауына және 2022 жылы қанды қаңтар оқиғаларына соқтырғанын келтіруге болады.  

2023 жылғы наурызда орталықазиялық осы елде халықаралық қауымдастыққа елеусіз түрде, тып-тыныш қана кезектен тыс парламенттік сайлау өтті. Оның қорытындысы дәл Қазақстандағы Парламент сайлауы сияқты дау, жанжал тудырмады.

Бірақ бір ұқсастығы бар: Қазақстан мен Түрікменстанның биліктері мерзімінен бұрынғы парламенттік сайлауды "елдегі жаңа саяси жаңғыруларды жүзеге асыру үшін" қажет деп дәйектеді.

Ташкенттегі Әлемдік экономика және дипломатия университетінің профессоры, саяси ғылымдардың кандидаты, Орталық Азия аймағы бойынша белгілі эксперт Ғалия Ибрагимованың түсіндіруінше, түрікпен еліндегі наурыздағы парламенттік дода депутаттық корпусты жаңарту үшін өткізілген жоқ. Оның басты мақсаты – экс-Президент, Ұлт көшбасшысы мәртебесіндегі Құрбанқұлы Бердімұхамедовтың бастамашылығымен қолға алынған билік жүйесіндегі күтпеген, тың реформаларды рәсімдеу болды.

Нәтижесінде, реформа аясында Түрікменстанның Парламенті қайтадан бір палатадан ғана тұратын болады. Бұл республика қос палаталы Парламентке 2021 жылы көшіп еді. Бұл жерде тек Сенат қана қалады: ол шексіз дерлік өкілеттігі бар, барлық мемлекеттік органдардың үстінен қарайтын билікке айналды. Басқаша айтқанда, Ашхабад Астананың алдын орап кетіп, "пәрменді Парламент" құрып отыр. Осының арқасында, сарапшылардың байламынша, Президент ретінде 15 жылдай ел басқарған Құрбанқұлы енді заң шығарушы биліктің көшбасшысы ретінде мемлекеттің тізгінін іс жүзінде өз қолына алды.

"Бір жыл ғана бұрын президенттік орынтағын тұңғышы Сердарға тапсырған да өзі еді. Ол кезде билік транзитінің бұл схемасы сенімді көрінген. Бірақ тәжірибеде барлығы ол ойлағандай болмады. Перденің ар жағына кетіп, сол жақтан саясат сахнасындағы процестерді басқару барған сайын қиындады. Кімнің қожайын екенін білмей дал болып, иерархияда шатасқан мемлекеттік аппарат ақырындап жас Сердардың ығына ыға бастады. Сонымен бірге ұлы да өкілеттіктерді өз уысына жиюға талаптануда. Әрі әкесінің жемқорлықты өршіткен туыстарын қудалауға білек сыбана кірісті. Іс насырға шауып, билік атаулы қолдан сусып, Қазақстандағы Назарбаевтың жолын құшпай тұрғанда, үлкен Бердімұхамедов бақылауды тез арада кері оралтуға шешім қабылдаған", – дейді саясаттанушы Ғалия Ибрагимова.

Қазақстандағы сияқты, Түрікменстанда да билік транзитінің бірінші кезеңі ойдағыдай өтті. Ұлы Сердар декоративті сайлауда еш қиындықсыз жеңіп, Президент атанды. Әкесі 2021 жылы Парламенттің өзіне арнап құрылған жоғарғы палатасының басшылығына ауысты. Оған Ұлт көшбасшысы ретінде төл перзентінің жаңа лауазымда өзін қалай көрсететінін, проблемаларды қаншалықты еңсере алатынын бақылап, ғұмыры аяқталғанша жөн-жосық көрсетіп отыру қалғандай еді. Демек, әке мен бала арасында саяси бәсекелестік туатынына көпшілік сенбеген.

Экономикалық күйзеліс өрлеуге ұласты

Алдыңғы Президенттен кейінгісіне ауыр мұра қалды: Сердарға пандемияның салдарларымен күресуге тура келді. Экс-Президент тұсында Ашхабад республиканы коронавирус індеті жайлағанын жасырды, сондықтан халықаралық ірі гуманитарлық көмектен қағылды. Адамдарға өз бетінше емделуге тура келді. Кәсіпорындар тоқтап, тоқырай жаздады. Халық кең тұтынатын, бірінші кезекте қажетті тауарлардың жеткізілім тізбектері бұзылды. Дүкендерде тапшылық туындады. Қазақстаннан айырмашылығы, түрікпендерде ауыл шаруашылығының жақсы дамуы арқасында ел ашықпады.

Республикада жұмыссыздық өршіді: ресми статистика алғаш рет оның көлемі 5%-дан асқанын мойындады. Айтпақшы, Қазақстан билігі сол бойы мойындамады: еліміздің Ұлттық статбюросының дерегінше, 2022 жылы жұмыссыздық 4,9% ғана болыпты. Тіпті кәсіпорындар тоқтап, ел карантинге жабылған 2020 жылы да Қазақстан билігі сарапшылар сынын елемей, дәл осы 4,9%-ға таскенедей жабысумен болды.

Түрікменстанда инфляция былтыр 14%-дан асып түсті, елді қымбатшылық жайлады. Демократия лебіндей, тұрғындар наразылық шараларына, шерулерге шыға бастады. Өкінішке қарай, жаңа билік те қарсылық акцияларын аяусыз басып тастады.

Осындай депрессивті ахуалда елге билік ету Сердардың беделі мен танымалдылығының сау-тамтығын қалдырмауға тиіс еді. Бірақ халықаралық жағдайдың ушығуы оған дем берді. Ресейдің Украинаға кең ауқымды шапқыншылығы кесірінен әлемдік нарықта газдың, яғни түрікпеннің басты экспорттық тауарының бағасы шарықтады.

Бұдан өзге, Түрікменстанның басты сыртқы сауда серіктесі Қытайдың экономика да жанданды, биыл ол карантиндік қатаң шаралардан бас тартты. Нәтижесінде, шың еліне тасқындаған түрікпен газының экспорты 2022 жылы 1,5 есеге артып, одан 10,3 миллиард доллар табыс түскен.

Бұл тек басы ғана: "Türkmengaz" мемлекеттік концернінің төрағасы Батыр Аманов өз елінің ҚХР-ға жеткізетін табиғи газының көлемі 65 миллиард текше метрге дейін жеткізілетінін хабарлады. Осы мақсатта Түрікменстаннан Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан аумақтары арқылы Қытайға газ құбырының жаңа төртінші желісі тартылады.

Былтыр газына халықаралық сұранысы жоғары болған, бірақ санкция салдарынан қажетті көлемін толық өндіре алмаған ресейлік "Газпром" 2022 жылы "Türkmengaz" мемлекеттік концернінен шамамен 5 миллиард текше метр көгілдір отын сатып алды.

Әділін айта кету керек, Түрікменстан газды тек шикізат түрінде сатып жатқан жоқ, оны өңдейтін ірілі-ұсақты бірнеше кәсіпорын жұмыс істеуде. "Türkmengaz" концерніне қарасты Табиғи газ ұлттық ғылыми-зерттеу институтының директоры Байрамурад Пирниязовтың мәліметінше, институт кем дегенде 2 газ өңдеу зауытын салуды жоспарлап отыр. Олар елдің шығысы мен батысында полимерлі және көп функционалды химиялық өнімдер шығарады. Мемконцерн қолданыстағы кәсіпорындарының өндірісін диверсификациялап, ассортиментін кеңейтуге, сол арқылы оларда сутегі, метанол, аммиак, карбамид, диметил эфирі, синтетикалық бензин мен синтетикалық дизельді отын шығаруды арттыру көзделген.

Осының бәрі Президент Сердар Бердімұхамедовтың реформаларының экономикалық ұстынына айналып, елдегі тұрақтылықты нығайтуға, халықтың ауқатын арттыруға септеседі.

Шетелде кім беделді?

Бірақ әкесімен саяси бақталастықтың қайда апаратыны әзірге белгісіз. Ашхабадқа өкілдері жиі сапарлай бастаған Батыс елдері Сердарға қолдау көрсететінін аңғартты. Қазақстан ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің қолдау сөзіне мәз болып жүргенде, тіпті АҚШ-тың өзі Түрікменстанның егемендігіне, тәуелсіздігіне, территориялық тұтастығына кепілдік берді.

Батыл қимылдаған Ашхабад Ресейді айналып өтетін жүк тасымалы маршруттарын дамытып жатыр. Транскаспий газ құбырын салу жобасы да қайтадан өзекті болды. Ол Ресейге соқпай, Әзербайжан арқылы Грузияға және Еуропаға түрікпеннің көгілдір отынын жеткізбек. 2013 жылы Меркель ханым тұсында бұғатталған Nabucco жобасына да жан бітуі мүмкін. Оның аясында құбыр Ираннан басталып, Түрікменстан және Әзербайжан арқылы Еуропалық Одаққа бет алады.

Ашхабадты Мәскеу де жоғалтқысы келмейді. Содан Валентина Матвиенко, Михаил Мишустин, Вячеслав Володин сияқты Ресейдегі биік лауазым иелері Түрікменстанға қоймай-қоймай сапарлауда.

Осылайша, түрікпен елі державалардың мүдделері тоғысатын торапқа айналып шыға келді. Ал олардың көшбасшыларымен, құзырлы өкілдерімен келіссөздерді Ұлт көшбасшысы емес, іс басындағы Президент Сердар жүргізеді. Мұндай режим бейнетінің зейнетін көруге кеткен әкесіне ұнамады. Ол жүйке жұқартып, тән шаршататын экономикалық, әлеуметтік, бұқаралық және басқа да ағымдағы қуқы тірлік мәселелерін ұлына ысыра салып, өзі саясат соғуға, Вашингтон, Брюссель, Бейжің, Мәскеу сияқты орталықтармен халықаралық маңызды мәселелерді өзі талқылауға қамданса керек.

Алайда Сердар технократ басшы мәртебесін місе тұтпайтынын бірден байқатып, Қытай, Ресей, Катар, Қазақстан, Өзбекстан және басқаларына сапар жасап, шетелдік қонақтарды өзі қабылдай бастады. Ал Ашхабадқа сапарлап келген шетелдік депутаттарды, тіпті ЕуроОдақ делегациясын өзіне тең көрмей, қабылдаудан бас тартып, оларды Сенат басшысы саналатын әкесіне жолдаған.

Бұған ренжісе керек, әкесі Құрбанқұлы да баласынан қалмауға тырысып, былтыр Ресейге, Жапонияға және Оңтүстік Кореяға сапарлады, Самарқандағы Түркі мемлекеттерінің ұйымында Түрікменстанды ұсынды. Бұл мемлекеттік аппаратта былық тудырды. Оғаш оқиғалар да болған. Мысалы, әкесі мен баласы қатар кездесу өткізгенде министрлер олардың қайсысына ілесіп жүру керектігін білмей шатасқан.

Отбасылық шиеленіс

Сердардың әкесінің туыстарына шабуылдары да біраз жайттан хабар береді. Ол әкесінің елдегі ірі бизнесті астына басқан туыстарымен бұрыннан шекісіп қалып тұрады екен. Бірақ Президент болған соң ғана оларға қарсы тұра алды. 2022 жылғы қаңтарда Құрбанқұлының ағайындары Хаджимурат пен Шамурат Реджеповтардың бизнесінің шаңдағын қағып, олардың досы, кәсіпкер Мақсат Байрамовты тұтқындады. OCCRP, Turkmen.News және Gundogar өз зерттеуінде бұл ағайындары экономиканың тұтас салаларын, жергілікті рэкетті, субсидияларды бақылауда ұстайтынын әшкереледі. Реджеповтарға тірек болған күш құрылымдарының басшылары да тазалауға ілікті. Содан бұрынғы Президенттің қос бауыры шетелге қашуға мәжбүр болды.

Сердар мұнымен тоқтаған жоқ. Енді ол әкесінің әпкелерін қудалауға көшті. 2022 жылғы көктем мен жазда Сердар өз апасы Гүлнабат Довлетованы Түрікменстанның Қызыл Жарты ай қоғамының бас директоры лауазымынан айырды. Онымен байланысты шенеуніктер тұтқындалып, түрмеге тоғытылды. Гүлнабат осы ұйым арқылы әлеуметтік, медициналық салаларда махинацияларды жүзеге асырыпты.

Ақпарат құралдары Сердар Бердімұхамедовтың бұқара алдына анасы Огулгерекпен жиі шығатынына назар аудартады. Сөйтіп жаңа Президент кімге сүйенетінін анық паш етті. Бұл оған әкесінің туыстарын әлдеқайда қатаң қыспаққа алуға мүмкіндік берді.

Әрине, Түрікменстандағы биліктің үлкен бөлігі қайтадан Парламент басшысы ретінде Құрбанқұлы Бердімұхамедовтің қолына көшті. Ол енді Мемлекет басшысының көптеген шешімін бұғаттап тастай алады. Бірақ әзірге Батыс бұл елдің легитимді көшбасшысы ретінде Сердарды мойындайтынын көрсетті. Қос биліктің орнауы түрікпендік "қаңтар оқиғаларына" соқтырмаса болғаны.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like
0
dislike
0
love
0
funny
0
angry
0
sad
0
wow
0