Қобызды әлемге танытқан қазақ қызы

ашық дереккөз
ашық дереккөз
Түркі тұлғалары 27 қараша, 2023

Білім мен өнер тәлім-тәрбиесі тәнті еткен ("қылышынан қан тамызғаны" әсіре саясатта шығар) советтік кезеңде ұлттық музыка және оның аспаптары құндылық ретінде танылып, бағаланғанына мысал көп. Осы салада едәуір жетістікке жеткен тұлғалар да аз емес.

Мәселен, ұлт-аспаптар оркестрлерін құру, жұмысын жүргізу, мамандар даярлау жоқтан бар болды, бардан дамытылды. Әрине, жекелеген салада түрлі себеппен қилы бағыт қанатын жайып, құлашын кеңге сала алмады. Жоғары білімді кәсіби мамандардың тапшылығы, ұлттық сапалы аспаптардың жетіспеушілігі, оқыту әдістерінің кемшілігі, шетелге гастрольдің шектеулігі ұлы өнеріміздің өрісіне тұсау болды.

Соған қарамастан тума талант, өз ісіне берілген азаматтардың бастамасы, еңбегі орасан. Сондай тұлғаның бірегейі - қазіргі Түркістан облысы, Түлкібас ауданында дүниеге келген қобызшы Фатима Балғаева (1926 - 2005). Оның есімі өнер тарихында алтын әріппен жазылуға тиіс. Ол - Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консер­ваториясы тұңғыш тү­лектерінің бірі, қобыз аспабы кәсіби орындаушылары ішінде көрнектісі, музыка зерттеушісі.

Фатима Жұмағұлқызы қазақ және Еуропа композиторлары шығармаларын ұлттық аспапта орындап, қобыз үнін әлемге таратты. Берлинде, Бухаресте өткен Дүниежүзілік жастар мен студенттер фестивальдерінде, Мәскеудің Үлкен театрында А.Жұбановтың қобызға арнаған “Көктем вальсін” орындап, лауреат атанды.

1980 жылы консерваторияда халық аспаптар факультеті құрылып, оның құрамында қобыз және баян кафедрасы ашылады.

Қазақ КСР Халық артисі Ф. Балғаева осы кафедраның негізін қалады. Кәсіби қобызшы кафедра мегерушісі ретінде маман сапасын арттырып, жаңа оқу бағдарламалары мен ғылыми-әдістемелерді аса ыждағатпен жетілдіреді.

Шын мәнінде, бұл өнерді жандандырып жүйелеудің, ұрпаққа аманаттаудың теңдессіз еңбегі еді. Ол баға жетпес шығармашылық дәстүрді сақтаудың өрелі жолын көрсетті. Ұлт аспаптарының қыл қобыз, прима қобыз, альт қобыз, бас қобыз сияқты түрі мен үлгісінде орындаушылық дәстүрді қалыптастырып, жетілдіруге ғұмырын арнады.

Жүздеген шәкірт тәрбиелеп шығарды. Атақты Жаппас Қаламбаевты ұстаз тұтқан қобызшы Фатима Балғаеваны еліміздегі академиялық қобыз мектебінің мектебінің негізін қалады деп дерекпен айта аламыз.

Сондықтан, қобызды қызғыштай қорып, ғылыми, практикалық жағынан дамытқан қазақ қызының  есімін еліміздегі өнер оқу орындарының біріне, туған жеріндегі балалар өнер мектебіне беру қисынды деп ойлаймыз.

Жалпы, сонау ықылым заманда өмір сүрген Қорқыт бабамыздан бастап кейінгі Ықылас, Сүгір, Молықбай сынды тұлғалар мен кеңестік белгілі күйші-композиторларға дейін халықтың асыл мұрасын бүгінге жеткізген қасиетті аспап - қазақтың қара қобызы екені рас.

Олай болса, қазіргі тәуелсіз еліміз қасиетті домбыраны қалай дәріптеп қадірлесе, сарыны - тарих, үні - қат-қабат дәстүр қобызды да солай бағалауы қажет. Бұл - елдіктің парызы, өнерді қастерлеудің жөні деп санаймыз.

Дархан МЫҢБАЙ

810

Ұқсас жаңалық

Редакциямен байланыс

Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе

info@turkistan.today

Әлеуметтік желілер
Біз туралы

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024

Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.

Яндекс.Метрика newsroom.kz

© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.