Тестілеу басталғалы 23 мыңға жуық адам магистратураға түсу үшін емтихан тапсырды. Олардың 43%-ы шекті балл жинады. Орташа көрсеткіш – 73 балл. Ең жоғары балл - 130, деп хабарлайды Turkistan Today.
Тестілеу басталғалы 149 қатысушының нәтижесі жойылды. Оның ішінде 92 оқуға түсуші смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысқаны үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Кешенді тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 57 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды.
«Ұлттық бірыңғай тестілеудегі секілді Кешенді тестілеуге кіргізу үш деңгейлі жүйе бойынша жүзеге асырылады: Face ID жеке басын сәйкестендіру арқылы, жеке куәлік бойынша, сондай-ақ отырғызу орнында жеке басын сәйкестендіру жүргізіледі. Қабылданған шаралар арқасында тестілеуде бөгде тұлғалар анықталған жоқ», - деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Естеріңізге сала кетсек, магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге 43 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Магистратурада оқуға 13 мыңнан астам грант бөлінді. Биыл магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу 22 шілдеде басталды және 10 тамызға дейін жалғасады.
Биыл магистратураға түсу ережелері өзгерген жоқ. Кешенді тестілеу үш блоктан тұрады: шет тілі бойынша тест, оқуға дайындығын анықтауға арналған тест және білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест. Шет тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификаттардың бірі бар оқуға түсушілер шет тілі бойынша тесттен босатылады.
Тестілеу нәтижелерімен келіспеген жағдайда онлайн-апелляцияға беру мүмкіндігі қамтамасыз етілген. Тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде оқуға түсуші бірден апелляцияға өтініш бере алады. Апелляция бес күн ішінде қаралады. Тестілеу сертификаты оқуға түсушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.
Шекті балдар да өзгеріссіз қалды: ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистратураға түсу үшін 75 балл, бейіндік бағыт бойынша 50 балл жинау қажет.
ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығы
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.