Мақтаарал ауданында қыс жылдағыдан қатты болып, қар әдеттегіден екі есе көп түсті. Күннің күрт жылынып, жаңбырдың тоқтаусыз жауу салдарынан кенттер мен елдімекендерде су басу қауіптері жоқ емес. Осыған байланысты аудан әкімінің тапсырмасымен кенттер мен елдімекендерде арық-атыздар мен ирригациялық жүйелерді тоқтаусыз тазалау жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі таңда 50 елдімекенде 258 көшенің бойындағы жалпы ұзындығы 21,2 шақырым лотоктар, 127 шақырым арық-атыздар, 32 шақырым қашыртқылар және көпір астындағы құбырлар тазаланды. Сондай-ақ, бұл жұмыстар тоқтаусыз жалғасуда, деп хабарлайды Turkistan Today.
Жалпы аудан аумағында су тасқынына алып келетін өзен, көлдер, су қоймалары, гидротехникалық құрылыстар жоқ. Дегенмен, Өзбекстан Республикасы "Сырдария" аумақтық су шаруашылығы бірлестігінің есебіндегі "Достық" магистральды каналы арқылы ауданға ағын су жеткізіледі. Қазіргі таңда каналдың қауіпті болатын авариялық аймақтары жоқ. Соған қарамастан, каналға бақылау бекеттері ұйымдастырылып, диспетчерлік кезекшілік қойылған.
Негізінен, Мақтаарал ауданында жыл сайын ақпан, наурыз айларында жауатын нөсер жаңбыр мен егістік жерлерді қысқы сор шаю жұмыстарын жүргізу салдарынан жерасты суларының деңгейі көтеріледі. Егістік жерлердің қысқы сор шаю жұмыстарының көктемге дейін созылуы, көктемгі жауын-шашынға ұласып, жер астына сіңбей, аумақтардан су тартып шығару қиындап, тұрғын үйлердің аулаларын су басады.
2022 жылы наурызда 1 ай бойы жауған жаңбыр көптеген тұрғындарымызға қолайсыздық тудырған еді. Аталған төтенше жағдай оқиғалары ескеріліп, былтырдан бері Атакент кентінде 4 көшеге жаңадан лотоктар салынды. Аудан көлемінде 160 шақырымға жуық ирригациялық жүйелер және арық-атыздардың арналары тазаланды. Кенттер мен елдімекендердің ішінде орналасқан 38 тік дренаж 100% қосылуға дайын тұр. Сондай-ақ, егістік жерлерде орналасқан 145 тік дренаж да іске қосылуға дайын. Бұдан бөлек, су басу және су тасқыны мерзімінде қажет жағдайда шұғыл жеткізілетін 84 мотопомпалар сақадай сай.
Айта кетейік, кез келген су тасу және авариялық жағдайларға қарсы тиісті техникалар, құрал жабдықтар мен инертті материалдар ретке келтірілген.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.