Астанада «Алтын сапа» сыйлығы аясында ұйымдастырылған көрмеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шымкенттік «Bal Textil» компаниясының экспозициясын аралап көрді. Президентпен жүздескен компания басшысы өндіріс қуаты мен экспорттық мүмкіндіктер туралы баяндады.
Компания директорының айтуынша, «Bal Textil» – өндірістің толық циклін қамтитын кәсіпорын. Мұнда жергілікті шикізат өңделіп, жіп иіруден бастап, кілем тоқу және дайын өнімді экспортқа шығару жұмыстары толық жүзеге асады. Қазіргі таңда кәсіпорынның өнімдері Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қытай нарығына жөнелтіледі.
Өндіріске жергілікті полипропилен жібінің енгізілуі компанияның бәсекеге қабілеттілігін арттыра түскен. Бүгінде фабрикада 20 заманауи станок жұмыс істейді, 500-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп отыр. Қазақстанның барлық өңірінде 400-ден астам дистрибьютор бар, олардың желісі арқылы шамамен 3 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылуда.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы өнім сапасы, баға саясаты, сатылым көлемі және шетелдік тауарлармен бәсекелестік жайында сұрады. Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта «Bal Textil» фабрикасына арнайы келіп, өндіріс процесімен жақынырақ танысатынын жеткізді.
Марапаттау рәсімінде Президент жергілікті өнімге қолдау көрсету, білім мен заманауи технологияларға басымдық беру маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ экспортқа шығуға қабілетті, отандық шикізатты пайдаланып, инновациялар трансферімен айналысатын кәсіпорындарға ерекше қолдау көрсетілуі тиіс екенін айтты.
Компания басшылығы бұл пікірлер отандық өндірушілерге серпін беріп, жалпы қазақстандық бизнестің дамуына оң ықпал ететініне сенім білдірді.
«Bal Textil» ел игілігіне қызмет етуді жалғастырады», – деп атап өтті компания өкілдері.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.