Бүгін Сайрам ауданында БАҚ өкілдеріне арналған пресс-тур өтті. Тур аясында журналистер алдымен Қайнарбұлақ ауыл округі, Таскешу ауылындағы «Gen Group Kazakhstan» ЖШС-ң банан өсіретін жылыжай кешенінің жұмысымен танысты,- деп хабарлайды turkistan.today
Бүгінде компания 5,3 га жерге жылыжай салып, банан өсіруде. Өсірілетін банан сорты арнайы Қазақстанның климаттық жағдайларына бейімделген. Жақын арада жылыжай тағы 5 гектарға кеңейтіледі деп күтілуде. Заманауи жылыжай жылына шамамен 1000 тонна банан өнімін береді. Онда 30 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Барлық құрал-жабдықтар Түркия елінен әкелінген. Қазіргі таңда банан өнімдері ішкі нарықта сатылымда. Аталған кәсіпорынның Қазақстанда баламасы жоқ. Яғни мұндай кәсіпкерлік нысан тек Сайрам ауданында бар.
БАҚ өкілдері кейін Қарасу ауылындағы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша «Аят-Агро» АШӨК-нің өсімдік өнімдерін қайта өңдеу цехы жұмысымен танысты. Жеке кәсіпкер Ибрахым Саражов 29,5 млн теңге несие алып, жеміс өңдеу цехына қажетті құрал-жабдықтарын сатып алған. Бүгінде 30 адам жұмыспен қамтылып, түрлі жемістерден консерві өнімдерін дайындайды.
Сондай-ақ, журналистер Ақсукент ауылындағы «Айкан» ЖШС-ң сүт өңдеу зауытына барды. Аталған өндіріс орнында тәулігіне 100 тонна сүт өндіріледі. Сексен адам тұрақты жұмыспен қамтылған өндірісте түркиялық технологиямен ірімшіктің 13 түрі шығарылады. Бүгінде кәсіпорын сүт, айран, қаймақ, ірімшік секілді жоғары сапалы сүт өнімдерін еліміздің түкпір-түкпіріне экспорттайды.
Тур аясында Манкент ауылындағы «Nurym Group» ЖШС-ң құрама жем зауыты мен мал бордақылау алаңының жұмысы таныстырылды. Құны 2,3 млрд теңге болатын зауыт жылына 46 мың тонна құрама жем өндіреді. Зауытта 10 адам жұмыс істейді. Ал, құны 5,1 млрд теңгені құрайтын мал бордақылау алаңы жылына 10 мың тонна ет өндіреді. Онда 40 адам жұмыспен қамтылған. Өнімдер ішкі нарық пен Өзбекстан еліне экспортталуда.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.