Судың сұрауы: Жаңа министрлік құрып, ескі проблемаларды еңсере аламыз ба

ашық дереккөз
ашық дереккөз
Саясат 4 қыркүйек, 2023

Қазақстанда кейінгі кезде өзектілігі артқан ең үлкен проблеманың бірі – су мәселесі. 

Өңір-өңірде егін даласына арық суының жетпей қалуы, трансшекаралық өзендердің суын азайтып, шөміштен қысқан көршілердің әрекеті, ірі қалаларда судың көпқабатты үйлерге берілмей қалуы биліктегілерді ойландырса керек. Бұл жолы жеке министрлік құрып, аталған мәселемен нақты айналысамыз деген бейіл көрсетеді, деп хабарлайды Turkistan Today.

Ал жаңа ведомство алдында нақты қандай міндеттер тұр? Әрі оларды шешу үшін үкімет қандай бағыттағы жұмыстарды жүргізуі керек? Салада қордаланған сұрақ баршылық.

Смайылов "әзірге ерте" десе де...

Тоқаевтың жолдауынан кейін пайда болатыны айқындалған Су ресурстары және ирригация министрлігін құру мәселесі біздің елде жылдар бойы көтеріліп келе жатыр. Соңғы болып су ресурстарын басқаратын жеке ведомство құру бастамасын бұған дейін мәжілістің қазіргі депутаттары көтерген болатын. Олар осы жаздың басында қазіргі су ресурстары жөніндегі комитетті Экология және табиғи ресурстар министрлігінен бөлу керек деп үкіметке депутаттық сауал жолдаған. Алайда премьер-министр олардың бұл ұсынысын қабылдамады.

"Су ресурстарын басқару жөніндегі жеке мемлекеттік орган құру жөніндегі бастаманы зерделей отырып, Үкімет министрліктің қазіргі құзірет шеңбері кешенді реттеп отыр деп есептейді. Тиісінше жеке мемлекеттік орган құру әзірге ерте", – деді Әлихан Смайылов депутаттарға берген жауабында.

"Әзірге ерте" деген үкімет басшысының ұстанымы бұл жолғы жолдаудан кейін бірден өзгерді. Тоқаев 1 қыркүйекте Су ресурстары және ирригация министрлігін құру жөнінде ұсыныс білдірді де, 2 қыркүйекте жаңа ведомство бір-ақ күнде құрылып шыға келді. Су комитеті қараған Экология және табиғи ресурстар министрлігі Зүлфия Сүлейменовамен бірге Жаңа Қазақстан тарихының қойнауына кетіп, енді бұл министрлікті кім басқарады деушілер Ақордаға үңіледі.

Үкімет мәселеге саяси астар бергісі келмеді

Су мәселесімен айналысатын жаңа министрлікті құрудағы қажеттілік биыл Жамбыл облысындағы шаруалардың егін даласының қурап кетуі арттыра түскен сыңайлы. Жағдайдың күрделенгені соншалық, Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Тұрар Рысқұлов және Талас аудандарында өңірлік ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев өңірде шамамен 7,8 мың гектар зардап шеккенін мәлім етті. Тіпті оның ішінде қант қызылшасы сияқты әлеуметтік маңызы бар дақылдың алаңы 1,2 мың гектарды құрайды. Қант тапшылығын отандық зауыттар арқылы жабамыз деп жүрген үкіметтің кезекті жоспары қураған қызылшамен бірге көзден бұлбұл ұшатын түрі бар. Қазақ шаруалары Қырғызстаннан бастау алатын Шу және Талас өзендеріне жалтақтап қалды.

Қырғыз Республикасындағы Киров су қоймасынан су келмей қалған тұста Қазақстанның осы елмен шекарасы тарс жабылып, қырғыздың ауыр жүк көліктері Қазақстан арқылы ЕАЭО елдеріне тауарын жеткізе алмай әлек болды.

Екі елдің ресми органдары мұны "Қазақстандағы егін даласының қурап кетуінен туындаған ерегес" деген алыпқашпа әңгімені жоққа шығарса да, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі қолданушылары мәселені соған апарып тірей берді. Оның үстіне экология және табиғи ресурстар министрі болып тұрған тұсында Зүлфия Сүлейменова қырғыз тарапының берген болжамы "нормаға сәйкес немесе нормадан жоғары болғанын", алайда келген су нормадан едәуір төмен болғанын мәлім еткен. Осыны ескере келе үкімет отырыстарының бірінен кейін журналистер вице-премьер әрі қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың алдына осы сұрақты кесе-көлдене қойғаны бар-тын. Жамаубаев "мәселеге саяси астар беруге болмайды" деп кесіп айтқан болды.

Су мәселесін шешетін "супермаман" табыла ма?

Агросалада өткір ойларын жиі жариялайтын Алмасбек Садырбаев осындай мәселелердің туындауына Экология және табиғи ресурстар министрлігінің су саласындағы мамандарының "құзыретінің әлсіздігі мен біліктілігінің жоқтығынан" көреді. Оның сөзінше қырғыз тарапымен Экология министрлігі дұрыс келісімшарт жасамаған. Тамыз-қыркүйек айларында дейін берілетін суды Қазақстан тарапы шілдеде алып қойып, ақыры қырғыз тарапы келісімге сәйкес, суды тоқтатқан.

Фото: eldala.kz

"Қырғызстанмен мәселе туындамай тұрып, оның алдында "су иесі Сүлейменова Зүлфия" Ташкентке барып келді. Сол елдің  су ресурстары министрі Хамраев мырзамен кездесіп қайтты. Сол келгенде бүкіл Қазақстанға Сүлейменова "бұрын соңды болмаған, мен бүгінгі күнде дарияға 100 куб су ақса, соны 200 кубқа дейін келістірдім" деп жар салды. Соншама суды өзбектер берді ме? Бүгінгі күні Өзбекстан су саласындағы азаматтары біздің Зүлфияны бала секілді алдап, үйге жібере салды. Бүгінгі күні бізге жіберіп жатқаны бар-жоғы – 130 куб. 200 куб су әлі де жоқ", - дейді ол.

Айтылған осы пікірді бәлкім, Алмасбек Садырбаевтың субъективті пайымы деп те қабылдауға болар. Әйтсе де білікті кадрлар керектігіне ешкімнің таласы жоқ. Бұл жолы Президент көршілес елдермен аталған мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келіп, жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізуді тапсырып отыр. Қырғызстан, Өзбекстанмен бірге Іле мен Ертістің басында отырған Қытаймен, Жайықты шөміштен қысқан Ресеймен су дипломатиясын сауатты жүргізуге тура келеді. Мұндай деңгейдегі ауқымды істі ұршықша иіріп әкетіп, су мәселесін шешетін "супермаман" табыла қояр ма екен?

Трансшекаралық өзендердің ахуалы

Фото: inform.kz

Қазақстандағы су проблемасы Біріккен ұлттар ұйымының даму бағдарламасында айқын көрсетілген. Ол есепке сүйенсек, Қазақстан 2040 жылдың өзінде су ресурстары дефицитімен бетпе-бет келіп, қазіргі қажеттіліктің 50%-на зар болып қалуы мүмкін. Соның салдарынан елдің жалпы ішкі өнімі 2050 жылға қарай 6% дейін төмендейді деген де болжам бар.

Сарапшылар су ресурстарының жетіспеушігінің басты себептері ретінде табиғи жағдайды (ағып келетін судың 90% көктемде келеді), ағып келетін судың жартысының көрші елдерде жинақталуын, судың үнемделмей пайдалануын атап өтеді. Қазақстанға қажетті ағын судың 44% көрші елдерде жинақталатындықтан, су жетіспеушілігі ең алдымен сол мемлекеттердің суды қарқынды пайдалануы есебінен туындайын деп тұр. Оның үстіне Қазақстан суды бей-берекет пайдалану жағынан көрші елдерден кем түсер емес. Ал жыл сайын орташа температура жоғарылап барады. Қыста жылымық шақтар жиі қайталанып, топырақтың қататын тереңдігі де азайған. Осының салдарынан еріген қар суы топыраққа сіңіп, өзендерге жетіп үлгермейді. Ал көктемде су қоймаларды жеткілікті деңгейде толтыра алмайды. Осының салдарынан бүгінгі таңда Жайық, Тобыл, Іле, Ертіс, Есіл өзендері жыл сайын тартылып барады.

Мәселен, 2006-2021 жылдар аралығында Жайық өзенінің деңгейі үш есе төмендеген. Ал 2019 жылы Жайық рекордтық деңгейде тартылды. Сол жылдың 23 тамызында Орал қаласының бірнеше ауданының тұрғындары ауыз сусыз оянғаны естеріңізде ме? Батыс Қазақстан облысының орталығы қажетті судың 60 пайызын Жайықтан алып отыр. Өзен суының азаюына өкінішке қарай тек климат жағдайы емес, Ресей тарапының суды қырық жерден буып, су қоймасын салып, пайдалануында болып отыр. Бүгінгі таңда Жайықтың Ресейдегі бөлігінде жүзден астам су қоймасы бар. Әрбірі 10 млн текше метрден түспейтін суды алады. Жайық трансшекаралық өзен болғандықттан, келешекте Қазақстан тарапы Ресеймен су дипломатиясын сауатты жүргізуі керек.

Балқаштың да жайы осы. Көл 80 пайыз Ілеге тәуелді. Көлдің көлемі су деңгейінің ұзақ және қысқа мерзімді ауытқуларына байланысты айтарлықтай өзгеріп отырады. Қытайдың солтүстік-батысынан ағып жатқан Іле өзенінің ағыны 1970 жылдардан бері тұрақты түрде азайып, өзен бойындағы егін шаруашылығы мен егін жинауға пайдаланылатын жер соңғы 20 жылда 30% артқан. Су Қазақстан аумағында да қарқынды түрде қолданылады. Іле өзенінен алынатын су көлемінің 90%-дан астамы суармалы егіншілікке, Қапшағай су электр станциясына, коммуналдық және өнеркәсіптік сумен жабдықтауға пайдаланылады. 1970 жылдан бастап Қапшағайдағы су қоймасын толтыру үшін өзеннің 39 км³ суы кетті, бұл ағынның 2/3-ке азаюына және көл деңгейінің төмендеуіне апарып соқты. Балқаш кен-металлургиялық комбинаты жыл сайын қорғасын, мырыш, мыс сияқты 600 мың тоннаға жуық өндірістік қалдықтарды сыртқа шығаратыны тағы бір соққы болып отыр. Трансшекаралық Іле-Балқаш бассейнінде су ресурстарына сұраныстың артуы, құрғақ климаттың салдарынан буланудың жоғарылауы, мұздықтардың тез еріп, ластануы жағдайында Балқаш көлінің бірегей экожүйесі үлкен қатер алдында тұр!

Ертістің де жағдайы мәз емес. Ресейлік мамандар мен Қазақстанның ғалымдары қазіргі ахуал өзгермесе, 2050 жылға қарай Ертіс суы етектен келер шолақ өзенге айналады деп болжайды. Қытай жарты ғасырда Ертістен алатын судың мөлшерін 5 есе көбейтті деген мәлімет бар. Осының әсері жағасындағы елге енді білініп жатыр. 2030 жылы Ертістен Ресей аумағына 8 текше шақырым, 2040 жылы 10 текше шақырым, 2050 жылы 11,4 текше шақырым су кем құйылуы ықтимал. Салдарынан Шығыс Қазақстандағы су электр стансаларында өндірілетін қуат мөлшері 2030 жылы 30%, 2050 жылы 40% азаюы мүмкін. Бұқтырма, Шүлбі бөгеттерінің суалуы былай тұрсын, Зайсанның өзі қаңсып қалуы ғажап емес.

Су саласындағы қордаланған осы және өзге де мәселелер жаңа министрліктегі жаңа министрге артылғалы отыр. Жаңа ведомство не ұсынатынын уақыт көрсетеді.

1.0k

Ұқсас жаңалық

Редакциямен байланыс

Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе

info@turkistan.today

Әлеуметтік желілер
Біз туралы

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024

Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.

Яндекс.Метрика newsroom.kz

© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.