Түркістан қаласында алғаш рет «Сүт және ет бағытындағы асыл тұқымды ешкілер» республикалық көрмесі өтті,- деп хабарлайды turkistan.today
Ерекше бастама Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен «Сексек ата» шаруалары ұйымдастырды. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен қатысушылар, ветеринария саласының өкілдері мен қонақтар арнайы келді. Көрмеге Заанен, Альпі, Ламанча, Англо-нуб, Бур, Камори, Гулаби сынды шетелден әкелінген, селекциялы және ең танымал тұқымдары қойылды. Жалпы асыл тұқымды 200-ге жуық мал басы қатыстырылды. Арасында сүтті ешкілер, текелер мен лақтар бар.
Көрменің мақсаты — елімізде асыл тұқымды ешкі шаруашылығын дамыту, халықты экологиялық таза өніммен таныстыру, ешкі сүтінің адам ағзасына пайдасын насихаттау, шаруашылықтар арасында тәжірибе алмасуға жағдай жасау. Бұған дейін халықаралық деңгейде өткізілген көрме ел ішінде сұранысқа ие болған. Тіпті көршілес Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан азаматтары қызығушылық білдіріп, тікелей эфир арқылы тамашалады. Өзгеше форматтағы жиынға ешкі тіркемесе де, аралап көру үшін әр аймақтан келген қонақтар кездесті.
Көрмеде ешкі сүтінен жасалған құрт, ірімшік, айран, көже және йогурт өнімдері ұсынылды. Ұйымдастырушылық топтың жетекшісі Амантай Жолдыбайұлының айтуынша, бұл өнімдердің адам денсаулығына пайдасы мол. Халыққа экологиялық таза өнімді тұтынуға шақырды. Ешкі сүтінің құрамында иммуноглобулиндер де бар және ежелден бері туберкулез сияқты көптеген ауруларды емдеу және алдын алу үшін қолданылады.
Тіркеуден соң ешкілерден сынамалар алынды. Атап айтқанда, сырт пішіндері бағаланып, экстерьері қаралды. Бойлары мен салмақтары өлшенді. Сүтінің майлылығы мен құнарлығы зерделенді. Етті бағыты да ескерілді. Қазылар алқасы жеке-жеке ұпай қойып, әділ түрде ең ерекше ешкі түрін анықтауға атсалысты.
Қызықты сайыстың нәтижесі белгілі болды. Ең мол сүт беретін асыл тұқымды ешкі түрін баптаған Түркістан өңірі, экстерьері бойынша Шымкент қаласы, ең ауыр салмақ негізінде Жамбыл облысы үздік атанды. Жалпы жүлде қоры — 3,5 млн теңге.
Бұдан бөлек, номинация иелеріне қосымша кубоктар және 300 мың теңгеге дейінгі бағалы сыйлықтар үлестірілді. «Сауыншылар»,«Асылдандыру», «Ең керемет сүт өнімдері» номинация иелері олжасыз қалмады. Сонымен қатар лақтар сайысы мен сауыншылар жарысы көптің назарын аударды. Іс-шараны үйлестіруге үлес қосқан сала ардагерлеріне Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының төсбелгісі табысталды.
Тың форматта ұйымдастырылған көрмеге 350-дей адам келіп, тамашалады. Бастама алдағы уақытта жалғасын табады.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.