ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Түркістан облысына жұмыс сапары барысында өңірде ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асып жатқан және енді қолға алынатын ауқымды жобалармен танысты. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров аймақта ауыл шаруашылығы саласында терең өңдеуге, өнімдердің экспорттық әлеуетін көтеруге басымдық беріліп жатқанын жеткізді,- деп хабарлайды turkistan.today
Министр Арыс қаласына қарасты Қожатоғай ауылдық округінде салынып жатқан 50 мың басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңының даму бағытымен танысты. Аталған жоба инвесторлар есебінен жүргізілуде және Түркістан облысындағы аустралиялық әдіс бойынша жүзеге асып жатқан ең ірі кешендердің біріне айналмақ. Нақтырақ айтсақ, Арыс қаласындағы «Turkestan Agro.kz» ЖШС базасында екі ірі кешен – жаңбырлатып суару әдісімен мал азығы дақылдардын өсіру мен ет бағытындағы мүйізді ірі қара өсірумен айналысатын шаруашылық-репродуктор құрылысы іске қосылуда. Құрылыс, бордақылау және жаю схемасы аустралиялық тәсілмен жасалады.
Бүгінгі таңда серіктестік аумағында жұмыстар қызу жүріп жатыр. Жобаны іске асырудың бірінші кезеңінде бордақылау алаңына 15 мың бас, биыл тағы 10 мың бас, ал 2026-2027 жылдары 25 мың бас сатып алынады деп жоспарланған. Сондай-ақ серіктестік бордақылау алаңы маңынан 4710 гектар алқапта суарудың жаңбырлату технологияларын қолдана отырып, малға арналған жемшөп дақылдарын өсіруді жолға қоюда. Ол үшін әлемге әйгілі ауылшаруашылық техникасын шығарушы «John Deere» компаниясының өнімдерін сатып алуда. Бордақылау алаңында барлық жұмыс автоматты жүйеде жүзеге асырылады.
Жобаның жалпы құны 16,2 млрд теңгені құрайды, және де 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ. Бүгінде 5 МВт электр желісі тартылды. «Түркістан» ӘКК» АҚ арқылы 2,5 млрд. теңге алынған. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 90 пайызға аяқталған.
Одан кейін министрге Отырар ауданында жүзеге асырылып жатқан мақта кластерінің қазіргі жағдайы таныстырылды. «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС мен «Түркістан» ӘКК» АҚ бірлесе жүзеге жүзеге асырып жатқан жоба арқылы Отырар ауданында 2 мақта зауыты салынады. Қазіргі таңда инвестордың есебінен электр желісі тартылып, тамшылатып суару жүйесі орнатылып, мақта егілген.
Айдарбек Сапаров экспорттық тауар өндірушілерге қолдау көрсетілетінін айтып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту бағытындағы жобалар жалғасуы тиіс екенін жеткізді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров мақта саласының тиімділігіне тоқталып, экспорттық әлеуетті көтеруге басымдық беріліп жатқанын атап өтті.
Айта кетейік, Түркістан облысында мақта-тоқыма кластері аясында жалпы құны 197 млрд.теңгені құрайтын 5 жобаны іске асыру көзделуде. 7 мың жұмыс орны ашылады. Жоба шеңберінде мақта өңдеудің толық циклін қамтитын, құны 147 млрд. теңгені құрайтын 10 ірі зауыттың құрылысы басталды (4 мақта өңдеу зауыты, 4 тоқыма фабрикасы, 2 тамшылатып суғару өндірісі). Бүгінгі таңда тамшылатын суғарудың ПВХ құбырын шығаратын 1 зауыттың құрылысы бітіп, жұмыс істеуде. Биыл 3 зауытты (Отырарда 2 мақта өңдеу зауыты, 1 тамшылатып суғару ленталар өндірісі) және 2 тоқыма фабрикасын (Түркістан қаласындағы жіп иіру және тоқыма емес материалдар өндірісі) іске қосу жоспарланған.
Жобаларды толық іске асыру нәтижесінде суды 3-4 есе үнемдеп, мақта өнімділігін 2 есе арттыруға және дайын тоқыма өнімдерін шығаруға мүмкіндік туады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.