Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен Өңірлік инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті,- деп хабарлайды turkistan.today
Жиында облыста жүзеге асырылып жатқан жобалардың қазіргі жай-күйі пысықталды. Сонымен бірге алдағы уақытта атқарылатын инвест-жобалар да сараланды. Мәселелер ашық айтылып, аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма басшыларына, инвесторларға нақты міндеттер жүктелді.
– Инвесторларға, кәсіпкерлерге әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз. Дегенмен жерді алып, жобаны кешіктіруге жол берілмейді. Жауапты басқармалар, жергілікті әкімдіктер инвесторлармен тығыз байланыста жұмыс істеп, жобаларды уақтылы жүзеге асырулары керек. Екі тарап та өздеріне жүктелген міндеттерін орындаулары тиіс, – деді Нұралхан Көшеров.
Мәжілісте Созақ ауданында жүзеге асырылып жатқан «Катко» Қазақстан-француз бірлескен кәсіпорны» ЖШС-нің инвестициялық жобалары, «Буденовское» БК» ЖШС-нің уранды қайта өңдеу кешенінің құрылысы, «TAIQONYR QYSHQYL ZAUYTY» ЖШС-нің күкірт қышқылын өндіру зауытының құрылысының қазіргі жағдайы талқыланды. Жұмысты жандандыру жүктелді. Бұл үш жоба жүзеге асқанда 1000-нан аса жұмыс орны ашылады. Сонымен бірге Кентаудағы «КазОйлЭнерджи» ЖШС-нің түрлі-түсті кендерді және металлургия өндірістерінің өнеркәсіптік қалдықтарын өңдейтін зауыт салынуда. 2026 жылы ашылады деп межеленген зауытта 1500 тұрғын жұмыспен қамтылмақ. «Kentau Redstar» мен «Turan Shenhua» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің жобалары да талқыланды. Бұл өндіріс орындары іске қосылатын кез жақын. Ордабасы ауданында «CENTRAL ASIA ALUMINIUM» ЖШС-нің алюминий өнімдерін өндіру зауының құрылысы да қарқынды. Мұнда 100 адам жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ Түлкібас, Қазығұрт, Бәйдібек, Төлеби ауданы мен Арыс қаласындағы жобаларды инфрақұрылыммен қамту мәселелері де қаралып, тиісті тапсырмалар берілді.
Айта кетейік, өткен жылы Түркістан облысында негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 1 334,9 млрд. теңгеге жетіп, 1,4 есе артығымен орындалды. Экономиканың дамуына тың серпін беретін 145 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылды. Оның ішінде өндірісті және ауыл шаруашылығын терең қайта өңдеуді дамытуға басымдық берілуде. Аймақта жаңа зауыттар ашып, жұмыс орындарын көбейту бағытындағы ілкімді істер жалғасады.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.