Түркістан: Төлебидегі әлеуметтік нысандар жөндеуден өтеді

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Түркістан 27 сәуір, 2025

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Төлеби ауданына арнайы іссапармен барды. Білім және әлеуметтік нысандарын аралап, жағдайымен танысты. Жөндеу жұмыстары жүргізілетін ғимараттарды зерделеді,- деп хабарлайды turkistan.today

Алдымен «№3 Көксәйек арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-інде болды. 1989 жылы салынған бұл мекемеде 18 жастан асқан психоневрологиялық аурулары бар І-ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік қызметтер ұсынылады. Қаншама жылдан бері қаралмай тозығы жеткен нысан күрделі жөндеуді қажет етеді. Сондай-ақ кәріз жүйелерін де жаңарту керек. Бейсенбай Дәулетұлы нысанды қайта қалпына келтіруге қаражат бөлінгенін атап өтті. 2025 жылы мемлекеттік сатып алу порталына жариялау және күрделі жөндеу жұмыстарын бастау үшін 100 млн теңге қаралды. Дегенмен нысанды толық аяқтау үшін қосымша 581 млн теңге керек. Күрделі жөндеу жұмыстары таяуда қолға алынады. Қызмет алушыларға кедергі келтірмеу, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ұйымдастыру бойынша тапсырмалар берілді. 

«№4 Тасарық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ 3-18 жас аралығындағы тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға әлеуметтік қызметтер көрсетеді. 100 орындық орталық биыл Сауран ауданында жаңадан салынып жатқан ғимаратқа көшіріледі. Осыған байланысты, бұрынғы ғимарат білім бөлімінің теңгеріміне өткізіліп, оның базасында жазғы сауықтыру лагерін ашу ұсынылған. Бейсенбай Дәулетұлы «Алатау» лагері деп жаңадан аталатын мекемеге қарасты үш ғимаратты ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, демалыс аймағы жасақталатынын айтты. Айтуынша, Төлеби табиғаты керемет таулы өңірде орналасса да ауданның бірде-бір мемлекеттік лагері жоқ. Енді осы олқылықтың орны толтырылып, маусым айынынан бастап ауданның балалары аталған лагерьге баратын болады. Нысанды жыл бойы жұмыс істейтін мектеп-лагеріне айналдыру, барлық аудан, қалалардың үздік оқушылары мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған балаларға қолжетімді ету ойластырылуда. Арнайы медициналық кабинеттер жатын бөлмелеріне айналса, ауласына бассейн орнату қарастырылған. Өзгерістер нәтижесінде бір мезгілде 300 оқушыны қабылдай алатын жағдай жасалады.

Сапар барысында Қасқасу елді мекеніндегі «Тау гүлі – Эдельвейс» лагерінің қосымша ғимаратының құрылысы да тексерілді. Құрылыс жұмыстары аяқталуға жақындады. Лагерьде бір мезгілде 400 бала тыныға алады. Ескі ғимараттары жаңартудан өтеді. Аумағын абаттандыру және құрылыс жұмыстарын 1 маусымға дейін толық аяқтау міндеттелді. Сонымен қатар Бірінші Мамыр елді мекенінде орналасқан отбасы үлгісіндегі балалар үйінің жанындағы лагерьдің ахуалы қаралды. 6 гектар аумақ өткен жылы қоршалып, ескі ғимаратын күрделі жөндеуден өткізілген. Нәтижесінде 60 балаға демалатын жағдай жасалды.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, биыл облыстағы 5 мемлекеттік лагерьге модульді нысандар орнатылады. Солардың бірі — «Төлеби нұры» сауықтыру лагері. Бүгінде мұнда модульді лагерьдің құрылысы қарқын алды. Демалыс аймағы 300 балаға қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Жатын жай, жуыну бөлмелері, асхана нысандары жеңіл конструкциямен құрастырылуда. Бассейн салынуда. Б.Тәжібаев құрылыс алаңында болып, жауапты тұлғаларға жұмысты ширатуды және сапасына мұқият мән беруді міндеттеді. 

Іссапар Тасарық ауылындағы Тоқболат Тоғысбаев атындағы жалпы орта мектебінде жалғасты. Білім ордасының қабырғалары жарылып, едендері әбден тозған. Облыс басшылығы күрделі жөндеу үшін реновация тізіміне енгізіліп, 2026 жылы қаржы бөлінетінін жеткізді. Мектептің көрнекі құралдарын жаңарту мен ғимаратты ұқыпты ұстау ескертілді. 

Сапар соңында Түркістан облысының білім басқармасына қарасты «№8 колледж» МКҚК қызметі таныстырылды. Бұл оқу орнында 970-тен астам студент білім алуда. Колледждің бір оқу корпусы мен спорт залын жаңғырту мақсатында жөндеу жүргізілмек. Жұмысшы мамандықтар жылында жаңа мамандықтар ашуға лицензия алынады. 

Айта кетейік, барлық лагерьлер мен әлеуметтік орталықтардың қызметкерлері «Таза Қазақстан» іс-шарасы аясында сенбілік өткізіп, көгалдандыру жұмыстарына белсене қатысуда.

 

Ұқсас жаңалық

Редакциямен байланыс

Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе

info@turkistan.today

Әлеуметтік желілер
Біз туралы

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024

Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.

Яндекс.Метрика newsroom.kz

© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.