Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың халықпен кездесуі Жетісай ауданында жалғасты. Кезекті кездесуде жетісайлық тұрғындар өзекті мәселелерді көтеріп, оларды оңтайлы шешілу жолдары талқыланды. Облыс әкімі ауданды одан әрі дамыту бағыттарына тоқталып, ұсыныс-пікірлер аясында жүйелі жұмыстар атқарылуы керектігін алға тартты,- деп хабарлайды turkistan.today
– Өздеріңізбен кеңесе отырып, ауданды әрі қарай дамыту бағытындағы ұсыныс, талаптарыңызбен танысу мен үшін маңызды. Президентіміз Үкіметтің кеңейтілген отырысында экономиканы әртараптандыруды, ауыл шаруашылығын дамытуды тапсырды. Халқымызда «Еңбек етпей елге өкпелеме, Егін екпей жерге өкпелеме» деген мәнді сөз бар. Ауданға сапарым барысында диқандардың қызу жұмысына куә болдым. Айтпағым, ауыл шаруашылығы саласына ерекше назар аударған жөн. Біз еңбекқор халқымызбен мақтанайық. Егістіктің нағыз мезгілі көктем келді. Ендігі жерде саланы әртараптандыруды қолға алу керек. Жыл сайын ерте пісетін көкөністі жинап алған соң мақта, дәндік жүгері, маш және тағы басқа дақылдарды егу арқылы, бір алқаптан екі өнім алуға болатынына көзіміз жетті. Аталған бағытта ауыл шаруашылығы басқармасы, аудан әкімдігімен бірлесіп шаруаларға семинар-кеңестер өткізіп, жан-жақты қолдау көрсетілуі қажет. Қай салада көрсеткіштер төмендеп кеткен болса, соны көтеру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуіміз керек. Тұрғындармен кездесудегі мақсатым өңірдегі өзекті мәселелерді шешу екенін білесіздер. Сондықтан біз кейбір салаларда орын алып жатқан кемшілікті ашық айтып, олардың шешу жолдарын қарастыруымыз қажет, – деген Нұралхан Көшеров «Таза Қазақстан» бағдарламасына барша тұрғын атсалысуы тиіс екенін айтты.
Бүгінде «Ауыл аманаты» пилоттық жобасымен 1 млрд. теңгені құрайтын 200 жобаны қаржыландыру жоспарлануда. Өткен жылы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде негізінен өсім байқалады. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 107,9 млрд. теңгені құрап жоспар 3,6 пайызға ұлғайған.
Сонымен қатар ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі 184 млрд. теңгеге жетіп, 9,3 пайызға ұлғайған. Өткен жылы Жетісай ауданында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 16 елді мекенде 2,9 млрд. теңгені құрайтын 15 жоба жүзеге асты. Оның нәтижесінде бірнеше елді мекенге «көгілдір отын» жетті. Сондай-ақ ауданда 42,1 шақырымды құрайтын 50 көше орташа жөндеуден өтіп, мәдениет үйі мен 1 орта мектебі күрделі жөндеуден өткізілген. «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен ауылдық жерлерге жолданған жас мамандарға қолдау көрсету мақсатында 2024 жылы 301 маманға 111,1 млн. теңгеге бір реттік көтерме жәрдемақы, 88 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 649,7 млн. теңге көлемінде бюджеттік несие берілген.
Жиында Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жайында баяндады. Облыс әкімі аудан басшысына бірқатар өзекті мәселелерге қатысты нақты тапсырмалар берді.
Кездесуде тұрғындар өзекті мәселелерді қозғады. Инфрақұрылым, әлеуметтік салаға қатысты сұрақтар қойылып, ұсыныстар берілді.
Осы күні Нұралхан Көшеров жетісайлық тұрғындарға жеке қабылдау өткізді. Азаматтар тікелей облыс әкіміне талап-тілектерін айтып, ауданды дамыту бойынша ұсыныстарын жеткізді. Жеке қабылдауда денсаулық, мәдениет, әлеуметтік және инфрақұрылым салаларына қатысты мәселелер көтеріліп, тұрғын үй және жер алу бойынша өтініштер айтылды. Одан бөлек, ауыл шаруашылығын дамыту, ауданды екіге бөлу бағытында ұсыныстар қаралды. Тұрғындардың мәселесін мұқият тыңдаған аймақ басшысы барлық мәселе жіті зерделеніп, заң аясында шешімін табатынын жеткізді. Бірқатар мәселе сол мезетте шешімін тапты.
Айта кетейік, жеке қабылдауға «еOtinish» бірыңғай базасы арқылы немесе «Ашық әкімдік» кеңсесіне келіп, жазбаша өтініш тастау арқылы жазылуға болады.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.