Түркістанның жемісті жеті жылы

Түркістан 19 маусым, 2025

Биыл Түркістан қаласының облыс орталығы атанғанына 7 жыл толып отыр.
Жеті жыл көлемінде өңірімізде ауқымды шаралар қолға алынып, Түркістанның жылнамасында жаңа және жарқын оқиғалар жазылып жатыр. Табанды еңбектің нәтижесінде Түркістан қаласында су жаңа заманауи, зәулім ғимараттар салынып, киелі мекеннің келбеті көркейді,- деп хабарлайды turkistan.today

Осы уақытта Түркістан Түркі әлемінің рухани астанасы атанып, Президенттің бастамасымен көне қалаға ерекше мәртебе берілді. Бұл мәртебелер өңір экономикасының дамуына тың серпін беріп, қаланың маңыздылығын одан сайын айғақтай түсті. Өңірде туризм, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым мен жолдар, өнеркәсіп және әлеуметтік салалар қарқынды дамуда.

Экономиканың басты көрсеткіші - жалпы өңірлік өнім көлемі 7 жылда 2,6 есе өсіп, 4,5 трлн.теңгеге жетті. Өнеркәсіп өнім көлемі 2018 жылдан 2,7 есеге артып, 1 214,0 млрд. теңгені құрады. Өсім негізінен металлургия, тамақ өнеркәсібі, машина жасау, жиһаз жасау, құрылыс өнеркәсібі және мұнай өнімдерін өңдеу салалары өнімдерінің артуы есебінен орын алды.

Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында 2018-2024 жылдары өңірде жалпы құны 56 млрд.теңгеге 37 жоба іске асырылып, 2 500 жаңа жұмыс орны құрылды.
Экономиканың маңызды саласының бірі ауыл шаруашылығында өнім көлемі 7 жылда 2 есе артып, алғаш рет 1 трлн.теңгеден асты. Жалпы өндірілген өнім көлемі бойынша республикада көшбастап тұрмыз. Агроөнеркәсіп кешеніне 7 жылда жалпы 700 млрд. теңге инвестиция тартылды.
  
Облыс экономикасына тартылған инвестиция көлемі        7 жылда   4,2 есеге артып, 1 335,0 млрд.теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2018 ж. 314,1 млрд.теңгені құраған болатын.
Жалпы, облысымыз қыруар жетістіктерге қол жеткізді. Бұл жетістіктер өңіріміз былай тұрғанда, еліміз үшін үлкен маңызға ие.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жасаған жұмыс сапарларының бірінде Түркістанды ата жұртымыздың алтын қазығы деп атап өтіп, өз сөзінде: «Қастерлі шаһар көне заманнан бері ұлттың ұясы, қазақтың қара шаңырағы болып келеді. Түркістан осы мәртебелі міндетін қазір де абыроймен атқарып отыр», - деген болатын.
Ия, Түркістанның орны қашан да айрықша. Сондықтан, киелі Түркістанды түлету – руханиятымызды, тарихымызды, рухымызды түлету болып табылады.

Түркістанда жүздеген хандарымыз бен билеріміздің, батырларымыз бен ақындарымыздың, әулие-әмбиелеріміздің мазарлары бар. Бір сөзбен айтқанда Түркістан теңдесі жоқ аңыз қала.

Түркістанның өсіп-өркендеуі дәл бүгінгідей қарқынмен жүрсе, болашақта көне шаһардың әлемдік қауымдастықта өзінің нық орнын тауып, күллі түркі дүниесінің абыройын асыратынына сенімдімін. Түркістанымыз жайнап, түрлене берсін!

Түркістан облыстық    
мәслихатының төрағасы    
Нұралы Әбішов

Ұқсас жаңалық

Редакциямен байланыс

Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе

info@turkistan.today

Әлеуметтік желілер
Біз туралы

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024

Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.

Яндекс.Метрика newsroom.kz

© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.