Темекі тұқылын тастағандардың енді қалай жазаланатыны белгілі болды

ашық дереккөз
ашық дереккөз
Жаңалықтар 21 ақпан, 2023

Шылымның қалдығын лақтыру – мәңгүрттік пен мәдениетсіздіктің белгісі.Бірақ оларды мүсіркеген жаңа Әділет министрінің командасының теріс қылықты ынталандыруы ықтимал, деп Turkistan Today хабарлайды inbusiness.kz дереккөзіне сүйене отырып.

Жалпы, соңғы кезде шылым қалдығымен көшені қоқсытуға қарсы науқан жүріп жатқандай. Әр өңірдің құқық қорғау органдары өткен жылда мұндай теріс қылықтың қаншасын әшкерелегені жөнінде жеке-жеке есеп беруде (жалпыреспубликалық қорытынды есеп әзірге жарияланған жоқ). Атыраулық полицейлер тіпті осы іске көшелердегі бейнекамераларды жұмылдыра бастапты. Атырау қаласының аумағында жалпы саны 759 камера орнатылған екен. Егер көшеде шылым шегіп тұрған не келе жатқан адам көрінсе, Жедел басқару орталығының (ЖБО) мамандары камерамен соны бақылай бастайды екен. Темекіні құшырлана соруын аяқтаған соң не істейді: жерге лақтырып, езе сала ма, әлде қоқыс жәшігіне тастай ма? Жергілікті ЖБО бастығы Асқар Атамқұлов журналистерге сұхбатында бейнебақылау камералары көмегімен көп анықталатын әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірі темекі тұқылын лақтыру екенін жеткізген. Бұл әдіс елордада да қолданылатыны мәлім.

Қазіргі кезде полицейлер темекі тұқылын көрінген жерде тастай салатындарға қатысты негізінен Әкімшілік кодекстің 434-2-бабына сәйкес хаттама толтырып, 5 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеттіреді. Бұл 2023 жылы 17 250 теңгеге тең. Бірақ алда олар жай ғана ластаған жерін сыпырып, тазалаумен құтылуы мүмкін.

Азамат Есқараев тізгінін ұстаған Әділет министрлігі "ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасын әзірлеп шықты. Сол арқылы біраз жазаны жұмсартып, оның орнына мәжбүрлі еңбекті енгізбек.

Жасыратыны жоқ, еңбекпен жазалау тоталитарлық кеңес заманында кең қолданылғаны мәлім. Қызыл империя осы мақсатта еңбек лагерлерін қаптатып ашты. Соларда қаншама адамды опат қылды. Кеңес одағының ауыр мұрасы Қазақстанға ішінара көшті: тек Қылмыстық кодексте ғана мәжбүрлі еңбекке жұмылдыру жазасы көзделген. Алайда 2022 жылғы конституциялық реформа аясында билік оны әкімшілік істер аясында қолдануды да заңдастырып алды.

"Қазіргі уақытта қолданыстағы заңнама қоғамдық жұмыстарды Қылмыстық кодекстің 43-бабы аясында қолдануды көздейді. Бірақ Конституцияның 24-бабы әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша да еріксіз еңбекті қолдануға мүмкіндік беретінін ескере отырып, енді әкімшілік істер шеңберінде қоғамдық жұмыстарды да қолдану қажет. Айта кету керек, көптеген дамыған елдерде тәрбиелік әсер ету мақсатында кішігірім құқық бұзушылықтар үшін сот шешімі бойынша еріксіз еңбекті қолдануға рұқсат етіледі", – деді заң жобасына түсініктемесінде Әділет министрі А.Есқараев.

Бұған қоса, оның дәйектеуінше, әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынған адамдардың кейбірі еш жерде жұмыс істемейді, жәрдемақы алмайды, төлем қабілетсіз. Салдарынан жаза орындалмайды. Жаңа заң қабылданса, оларды қоғамдық жұмысқа жегуге жол ашылмақ. Жұмыстың түрі мен көлемін сот айқындайды.

"Қоғамдық жұмыстарды қолдану заң бұзушыға, әсіресе қоғамдық тәртіпті бұзғандарға жақсы тәрбиелік және профилактикалық әсерін тигізеді. Мысалы, егер адам ұсақ бұзақылық жасаса, темекі тұқылын, қоқысты жерге тастаса, бірнеше АЕК айыппұлдың орнына оны қоғамдық жұмысқа тарту мүмкіндік болады", – деді ведомство басшысы.

Заң жобасының тағы бір жаңалығы – қоғамдық жұмыс жеке жаза түріне айналады: яғни, судьядан бұрынғыдай, оған қоса құқық бұзушыға айыппұл арқалату қажет болмайды. Мысалы, бірер күн көшені сыпырып шықса болды, жазасы өтелген саналады.

Осы мақсатта Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 41-бабы жазаның жаңа түрімен – қоғамдық жұмыстармен толықтырылады. Сонымен қатар 42-баптың бірінші бөліміне өзгеріс енгізіледі: оған сәйкес, әділет ведомствосының ұсынуынша, қоғамдық жұмыстар тек қана негізгі әкімшілік жаза ретінде қолданылады.

"Қоғамдық жұмыстардың мақсаты құқық бұзушылық жасаған адамды тәрбиелеу және оның тәртіпті құрметтеуіне қол жеткізу болуы керек. Адамдарды қоғамдық жұмыстарға тарту үшін одан ешқандай біліктілік талаптары талап етілмейді. Сондықтан қоғамдық жұмыстар айыппұлға, тіпті қамауға қарағанда әлдеқайда тиімдірек болуы мүмкін деп санаймыз. Себебі, бір жағынан, сол арқылы әлеуметтік әділдік қалпына келтіріледі, қолымен жасағанын мойнымен көтереді. Басқа жағынан, ол жазаланушыны өшіктірмейді, жағдайын қиындатпайды. Қоғамдық жұмыстарға, әдетте, елді мекенді абаттандыру, көшет, гүлзәр егу, көгалдандыру, көшелерді қардан, қоқыстардан тазарту, бордюрлерді, ағаштарды ақтау және басқалары жатады. Сол арқылы мемлекеттік бюджетті үнемдеуге болады", – деп түсіндірді Әділет министрлігі.

Әкімшілік істер бойынша қоғамдық жұмыстар тым ұзаққа созылмайды: 10 сағаттан 150 сағатқа дейін белгіленеді. Себебі, министр А.Есқараевтың дәйектеуінше, Қылмыстық кодекстің өзінде еріксіз еңбекке қатысты "жұмсақ" санкциялар бар. Қылмыстық кодексте (43-бапта) қоғамдық жұмыстар былайша реттестірілген: қылмыстық теріс қылықтар үшін 20 сағаттан 200 сағатқа дейінгі, ауырлығы аз және орташа қылмыстар үшін – 200-ден 1 200 сағатқа дейінгі мерзімге жазаланады.

Бұл жерде Әділет министрлігі құқық бұзушылардың үлкен тобын қоғамдық жұмыстан босатуды ұсынып отыр. Ол бойынша:

  • жүкті әйелдерге;
  • 3 жасқа дейінгі балаларды жалғыз тәрбиелеп отырған тұлғаларға;
  • 18 жасқа толмаған тұлғаларға;
  • бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар тұлғаларға;
  • 58 және одан егде жастағы әйелдерге;
  • 63 және одан кәрі жастағы ер адамдарға;
  • шетел азаматтарына және азаматтығы жоқ адамдарға қатысты қоғамдық жұмысты қолдануға тыйым салынады.

Мұндай жеңілдік пен жұмсақтық көшелердің темекі тұқылына толып, қоқыспен ыбырсып, күлімсі исі шығып жатуына соқтырмаса, игі. Өйткені сарапшылар айтып жүргендей, онсыз да шектен тыс жүктелген пробациялық қызметтің әр сотталушының қоғамдық жұмысты қаншалықты адал, тындырымды орындағанына бақылау жасауға мүмкіндігі бола бермейді. Салдарынан, пробациялық бақылауда тұрған бұзақылар және басқасы мас болып, есірткі тұтынып, ойына келгенін істеп, сенделіп жүре береді.

Демек, Үкімет мүшелері өз бастамаларын өзара үйлестіріп алғаны жөн. Әйтпесе, Әділет министрлігі көмегімен айыппұлдан құтылып, қоғамдық жұмысқа тартылғандар қатарын толықтырған содыр мінез сотқарлар басқа министрліктің жүктемесін арттырып жібергелі тұр.

1.3k

Ұқсас жаңалық

Редакциямен байланыс

Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе

info@turkistan.today

Әлеуметтік желілер
Біз туралы

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024

Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.

Яндекс.Метрика newsroom.kz

© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.