Дүниежүзілік банк билік транзиті қарсаңында Қазақстанның "өміршеңдік дәрежесін" 50 пайызға ғана бағалапты, деп Turkistan Today хабарлайды inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Бір қарағанда, бірінші Президент ел тізгінін жаңа көшбасшыға Қазақстанның гүлденген шағында тапсырды. Республиканың ішкі жалпы өнімі (ІЖӨ) 2018 жылдың қорытындысында 4,1%-ға өсті. Доллар 340 теңгенің айналасында ғана құбылды. Елдің халықаралық резервтері 85,5 млрд долларға, ал Ұлттық қордың активтері 56,5 млрд долларға жетті.
Инфляция 2018 жылы 5–7 пайыздық дәлізден шықпай, небәрі 5,4%-ды құрады. Сөйтіп, алдыңғы 2017 жылғыдан 1,79 пайызға төмендеді. Яғни, мұны 2022 жылғы 20,7% және 2023 жылғы сәуір қорытындысындағы 16,8% инфляциямен салыстырсақ, дәл қазір елді қандай алапат қымбатшылық қысып тұрғанын байқауға болар еді.
Ендеше ол кез "қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған" заманға ұқсайды. Бірақ экономист Азамат Ағайдаровтың түсіндіруінше, ел экономикасына соққы берген факторлар сол кезде пісіп-жетіліп тұрған еді.
Экономиканың секторларын олигархтар, қаржылық, өнеркәсіптік топтар өзара бөлісіп, монополияландырып басып алды. Ауыл шаруашылығы, банк, телекоммуникация, құрылыс және басқа да барлық базалық салаларда осындай ауыр ахуал қалыптасты. Олигархтар Үкіметке үстемдігін жүргізетін болды. Жаңа Президент Қ.Тоқаевқа Үкіметтің кеңейтілген отырыстарында өзі берген тапсырмаларын министрлердің, әкімдердің орындамай, "саботаж жасап" жатқанын ашық айтуына тура келді. Ал қаңтар оқиғаларынан кейін, былтырғы 16 наурыздағы жолдауында Қасым-Жомарт Кемелұлы "мемлекеттегі бұрынғы ең жоғары лауазымды тұлғаның жақындары мен қаржылық-олигархиялық топтардың" ықпалы орынсыз күшейгені сонша, "олар мемлекетті жеке меншігі сияқты" көріп кеткенін қынжыла жеткізді.
KPMG жаһандық аудиторлық компаниясының дерегінше, ол кезде Қазақстанның бүкіл байлығының 55%-ын 162 адам ғана (жалпы халықтың бар-жоғы 0,001%-ы) иемденіп алған. Бұл ретте қазақстандықтардың жартысына жуығының табысы 50 мың теңгеден аспаған. Яғни, жылына 1 300 доллар ғана.
Сарапшылардың байламынша, Қ.Тоқаев осынау адам төзбес әділетсіздіктің ғаламат әлеуметтік жарылысқа соқтыруының, тиісінше мемлекетті тұрақтылықтан айырып, тоз-тоз етуінің алдын алуға тырысты.
"Мысалы, республикадағы ең төменгі жалақы көлемі 2018 жылғы 28 284 теңгеден 2019 жылы бірден 1,5 есеге, 42 500 теңгеге дейін өсірілді. Әрине, бұл да аз, бірақ республикалық бюджеттің шамасы тек соған жетсе керек. Халық тұрмысын жақсарту үшін тосын қадамға барып, 443 мың азаматтың кредиттер бойынша қарызын кешірді, несиелерді төлеу бойынша борыштарды есептен шығарды. Әлеуметтік шығыстардың ЖІӨ-ге шаққандағы үлесінің 2018 жылғы 4,4 пайыздан 2019 жылы 5 пайызға дейін артуы отбасылар табысын көбейтті. Бұл аз қамтылған үй шаруашылықтарының борыштық жүктемесін төмендету бойынша мемлекеттік қолдауға ұштасып, ішкі нарықтағы тұтыныстың нақты өсуіне көмектесті", – деді экономист Азамат Ағайдаров.
Сонымен қатар, "Бақытты отбасы", "Шаңырақ", "5-20-25", "7-20-25" сияқты арзан несиелі баспана бағдарламаларын өрістетті.
Азаматтарға басыартық зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, емделуге жұмсауға мүмкіндік берген ізгі бастамасын іске қосты. Бұл мүмкіндікті 1 миллиондай қазақстандық пайдалана алды, олар да осыған жол ашқан мемлекет басшысына риза болды.
Сарапшылардың айтуынша, 2019 жылдан бері тұрғын үй саласына тасқындаған инвестициялар және өндіруші секторға салынған мемлекеттік қаражаттар құлдыраған таза экспорттың орнын толтырды: ішкі нарық белгілі бір көлемде сыртқы нарықты ауыстыра алды. Көрсетілетін қызметтер секторы жақсы нәтижелер көрсетті және экономиканың өсуіне демеу болды.
Алайда бұрынғы Президенттің билік өкілеттіктерін сақтап қалуы, елде қос биліктің орнауы, экономиканы жемқорлықтың жайлауы, халықтың демократиялық түбегейлі жаңғыруларды аңсауы ақыры 2022 жылы қаңтар оқиғаларына соқтырды.
Дүниежүзілік банк сонау 2019 жылғы Қазақстанға арнаған қазақша есебінде республиканы алда "сыртқы ортадағы тәуекелдердің өсуі мен экономикалық шоктар алдында осалдық танытуы" күтіп тұрғанын болжапты. Халықаралық қаржы институтының эксперттері бұл жерде жауырын қарап, жорамал жасаған жоқ, елде ондаған жылдар бойы қордаланған проблемаларды мұқият зерделеді. Ақыры айтқандары айнымай келді.
"Жығылғанға жұдырық" дегендей, бұған 2020 жылғы наурызда басталып, үш жылда жаһанды жайпап кете жаздаған пандемия ауыртпалық болып қосылды.
Сарапшылар бірінші Президенттен екінші Президентке банк саласында да ауыр мұра қалғанына назар аудартады. Банк секторындағы аса күрделі жағдайды мойындаған Нұрсұлтан Назарбаев кетерінің алдында, 2018 жылғы сәуірде проблемалық банктерді сауықтыру мемлекеттік бағдарламасын доғаруға тапсырма берді. Оның айтуынша, басқа көмекті айтпағанда, банктерді қолдауға бюджеттен 3 триллион теңге аударылған, алайда олар экономиканы, бизнесті несиелендіру көлемін сол бойы арттырмады.
Жалпы, 2018 жылы республикада 32 банк жұмыс істепті. 2023 жылы соның 21-і ғана қалды.
Дүниежүзілік банк 2019 жылы Қазақстанның "өміршеңдік дәрежесін" 50 пайыз деп қана бағалапты. Бірақ мемлекетіміз қанды қаңтарды өткерді, жайрап қалған жоқ, сыртқы жаудың қолында қалған жоқ. Енді жаһандық қаржы институтының болжамынша, Президенттің қолға алған экономикалық және саяси реформалары, "еститін мемлекет" тұжырымдамасы аясындағы халық пен биліктің арасындағы диалогты өрістетуі республиканың өміршеңдік деңгейін арттыруға, теңсіздікті еңсеруге және азаматтық қоғамды нығайтуға үлес қосуы мүмкін.
"2022 жылдың қорытындысында Қазақстанда ЖІӨ өсімі 3,2% болды. 2023 жылы ел экономикасының өсу қарқыны 3,5%-ға, ал келесі 2024 жылы 4%-ға дейін артады деп күтілуде. Бұл өсімге көмірсутек секторы ықпал етеді. Себебі, бірнеше жаңа жобаның іске қосылуы арқасында мұнай өндірісі алда артады", – деп хабарлады Дүниежүзілік банк.
Бірақ ЖІӨ өсімі 3,5%-дан да жақсы болуы мүмкін. Биылғы І-ші тоқсанның қорытындысында жалпы ішкі өнімнің 4,9%-ға өскені белгілі болды. Үкіметтің жыл соңына дейін осы қарқынды сақтап қалғаны маңызды.
2022 жылы Қазақстанның сыртқы саудасы 32,1%-ға өсіп, 134,4 миллиард долларға жетті. Бұл – тарихи рекорд саналады. Экспорт 39,9%-ға өсіп, 84,4 млрд долларды құрады. Тауарлар импорты 50 млрд долларға тең. Жалпы, оң сауда балансы 34,4 млрд доллар болды.
Вице-премьер–Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың мәліметінше, нақты сектор тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етіп отыр. Өңдеуші өнеркәсіп, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларының даму қарқыны жақсы. Фармацевтика биылғы жыл басынан бері бірден 51%-ға, сусындар өндірісі 33%-ға, тоқыма бұйымдары өндірісі 25%-ға, машина жасау 12%-ға, жеңіл өнеркәсіп 11%-ға, мұнай өңдеу 11%-ға, химия өнеркәсібі 11%-ға, тамақ өнімдерінің өндірісі 10%-ға артты.
Осылайша, Қазақстан пандемия кезіндегі құлдыраудан, "коронакризис" салдарларынан арылып қана қоймай, өсім жолына шықты.
"Биылғы жылдың басы ел экономикасының серпінді дамуға бағыт алғанын көрсетіп отыр. Экономиканың осы өсу қарқынын сақтап қалуымыз керек. Бұл бүгінгі геосаяси жағдайда оңай шаруа емес. Үйлесімді жұмыс пен тиімді үйлестіруді экономиканың барлық салаларында қамтамасыз ету керек", – деді Үкімет мүшелеріне таяуда Премьер Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, ішкі нарықты отандық тауарлармен толықтыруға және шикізаттық емес өнім көлемін ұлғайтуға басымдық берілуге тиіс. Яғни, өз халқымыз ештеңеден тарықпағаны маңызды. Президент Қ.Тоқаев Үкіметке шағын және орта бизнестің әлеуетін кеңейтіп, дамуына жағдай жасауды жүктеді. Тартымды инвестициялық климат құрып, инвесторлармен белсенді диалог жүргізуге міндеттеді.
Стратегиялық мақсат – 2028 жылға дейін 150 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестицияларды тарту белгіленді.
Қазақстан Индустрияландыруды белсенді жалғастырады. Бірақ Елбасы кезіндегі Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасынан және Индустрияландыру бесжылдықтарынан билік бас тартты. Оның орнына индустриялық даму Индустрияландыру картасы аясында жүргізіліп жатыр. 2023 жылғы қаңтарда жаңартылған республикалық картада бүгінде 339 жоба бар. Оның 15-і аса ірі жоба болып табылады және олардың іске асырылуына салалық министрліктер, "Самұрық-Қазына" қоры немесе даму институттары жауапты. Сонымен қатар әкімдіктер жауапкершілігіндегі Өңірлік индустрияландыру карталарына жалпы саны 324 жоба кірді. Бұл ретте Үкімет мемлекеттік және жеке инвестициялардың құрылымын қосылған құны жоғары тауарларды өндіру жағына қарай ұлғайтып жатыр. Соның ішінде жоғары технологиялық өндірістерге басымдық берілуге тиіс.
"Әрбір министр, өңір әкімдері және ұлттық холдингтер мен компаниялардың басшылары азаматтардың табысын арттырып, сапалы жұмыс орындарын құру үшін жүйелі шаралар қабылдауға тиіс. Қоғамды толғандырып отырған әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша тиімді шешімдер табу қажет", — Әділетті Қазақстанның Үкіметінің алдында тұрған басты міндет осы.
Министрлер мен әкімдерге қымбатшылықты құрықтап, әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға ерекше мән беру жүктелді. Олар жыл қорытындысы бойынша инфляцияны 2 есеге – 9,5%-ға дейін төмендетуі шарт. Осы мақсатта Инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі іс-шаралар жоспары қабылданып, іске асырылуда.
Айтпақшы, 2019 жылғы наурызда Қ.Тоқаев Қазақстанның басшылық тізгінін қабылдап алғанда, яғни 2018 жыл қорытындысында республиканың ЖІӨ-сі 170,5 миллиард долларды құрапты. Ал енді 2022 жыл қорытындысында Қазақстанның ЖІӨ-сі 224,3 миллиард долларға жетті. Республикамыз 193 тәуелсіз мемлекет арасында 53-ші орында.
Қорыта айтқанда, Қ.Тоқаев билік басына келгелі өткен 4 жылдан астам уақытта Қазақстан әлемдегі дамыған елдердің қатарына қосылған жоқ. Бұл мүмкін емес те еді. Бірақ сарапшылар ел басшылығының ендігі қадамдары, реформалары мен стратегиялық шешімдері Қазақстанның алдағы болашағын айқындайтынын ескертеді. Мысалы, озық елдердің отыздығына кіру үшін ел экономикасында құрылымдық модернизация жүргізу талап етіледі.
Былтырғы қарашадағы сайлауда Қазақстан халқы Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2029 жылдың соңына дейін ел басқару мандатын сеніп тапсырды. Ендеше ағымдағы онжылдық соңында қазақ елінің және экономикасының қандай болатыны тікелей соған байланысты болады.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.