Түбі бір түркі әлемінің төрі - Түркістанда наурыз қалай тойланды?

ашық дереккөз
ашық дереккөз
Түркістан 26 сәуір, 2023

Наурыз мерекесін ата-бабамыз табиғаттың «жаңаруы», жаңа өмірдің бастамасы деп білген. Көктемнің ең алғашқы мерекелерінің бірі Наурызды қазақ халқы асыға күтеді.
21 наурыз – көктемгі күн мен түннің теңелу күні. Қыстың аязы бітіп, тіршілік атаулы жанданатын кез. 
Наурыз мейрамы түркі халықтарының ғасырлар бойы тойлап келе жатқан басты қуанышы.Бұл туралы Turkistan Today хабарлайды.


Парсы тілінен аударғандағы «наурыз» сөзі «жаңа күн» деген мағынаны береді. Әр елдің тілдік ерекшеліктеріне қарай, Наурыздың жазылуы мен айтылуы әрқалай: Новруз, Навруз, Нуруз, Невруз, Нооруз тағы басқалар. 
Наурыз мейрамының пайда болу тамыры тереңде жатыр. 

Халықтың мифологиялық түсінігі бойынша 21 наурыз түні даланы Қыдыр аралайды. Ұлыс күні қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған. Халық таза, жаңа киімдерін киген. Ауылдың ер адамдары бір-бірімен қос қолдасып, төс қағыстырып, әйелдер қауымы  құшақтасып, бір-біріне игі тілектер айтқан. Бірін-бірі мерекеге арнап дайындалған наурыз көже ішуге шақырады. Оған қойдың басы мен сүр ет салып пісірілуі – қыс тағамымен қоштасуды, құрамына ақтың қосылуы – жаз тағамымен қауышуды білдіреді. Адамдар пендешілік атаулыдан тазаруды жөн деп санаған. 

Кеңес өкіметі ккзінде, нақтырақ 1926 жылы ол “діни мейрам”, “ескілік сарқыншағы” деп танылып, Наурызды тойлау тоқтатылған. Кейіннен 1988 жылдан Алматы қаласында, республиканың көптеген аудандарында Наурыз жалпыхалықтық мейрам ретінде қайта тойлана бастаған. Ал тәуелсіздік алған жылдан бастап, ұлттық мерекені тойлауға жаңа тыныс берілді. 21,22,23 наурыз күндері күнтізбеге мерекелік күндер деп есептелді. Осылайша қаншама жыл ұмыт қалған ұлттық мерекені қайта жаңғырту қолға алынды. Республика көлемінде облыс орталықтарында, аудан, ауыл-аймақтарда ұлан асыр думандатып тойлана бастады. Бүгінде қазақтарды мекендеген әрбір елдімекен, қала берді дүниежүзі қазақтары тойлайтын үлкен мерекеге айналды. 

Халқы Наурыз мейрамын ерекше ықыласпен тойлайтын өңір деп Түркістан облысын айрықша атай аламыз.
Биыл Түркістан облысында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі 10 күн бойы игі істермен жалғасын тапты. Ал облыс орталығы – Түркістан қаласындағы «Керуен сарай» кешенінде «Қош келдің, әз Наурыз!» мерекесі атап өтілді. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды жұртшылықты Наурыз мерекесімен құттықтады.


– Сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлыс оң болсын! Халқымыз үшін Наурыздың орны ерекше. Наурыз – жанға шуақ, жүрекке жылулық сыйлайтын мереке. Наурыз – жылдың басы ғана емес, жаңару мен жаңғырудың айқын белгісі. Наурызды Түркістанда қарсы алудың жөні бөлек. Себебі бұл тарихи шаһар – ұлтымыздың алтын бесігі.

Бүгінгі таңдағы наурыздың тойлануын бәріміз көріп жүрміз. Осы ұлы мерекеде ұлтымыздың нақыштары анық байқалады. Барлық жерлерде киіз үйлер тігіліп, қазандарда наурыз көже пісіріледі. Кең қауым наурыз көжеге тойып, ұлттық тағамдар – бесбармақ, қуырдақ, бауырсақ, ақтан дәм татады. Мерекелік күнде қалалар мен ауылдарда ойын-сауықтар ат жарыс, теңге алу, палуан күрес және тағы басқа ұлттық ойындар арасында жарыс өтеді. Кешке орталықтарда гала концерттер қойылады.


Жамбыл Артықбаев, тарих ғылымдарының докторы:
“ Наурыз - салт-дәстүрді тірілту. Бұл - рухани жаңғырудың үлкен бір белесі. Наурызды жай ғана атап өту, немесе жай ғана өткізбеу керек. Жұртшылық Наурызға қатысты кезекті демалыс күндері ретінде қараудан арылуы тиіс. Онда оның мәнін жоғалта береміз. Наурызды тіршілікке ғашықтықтығымыздың үлкен белгісі есебінде, тіршілігіміздің негізгі өзегі есебінде, ризалық пен ризықтық есебінде ішпен, дүниетанымымызбен қабылдау керек. 


Наурыздан бір апта бұрын басталатын Көрісу бар. Көрісудің өзі шап беріп қол алысып, құшақтасу ғана емес. Ертедегі жұрт бір-бірімен Қыстан аман шықтың ба, мал-жан аман ба, шаруашылығың жақсы ма деген сарында өлеңдетіп көріскен.


Наурыз жаңа жылдың басы, бірнеше мың жылдық тарихы бар қасиетті мейрам есебінде тойланбай келеді. Менің ойымша, Наурыз біздің ұлттық жаңғыруымыздың, ұлт құндылықтарына көзқарасымыздың, ұлтжандылығымыздың көрсеткіші болуы керек.


Наурыз мейрамын бізде Ұлыстың ұлы күні деп атайды. Түрік-моңғол тілдес елдер ұлыс деп мемлекетті айтады. Бұл ғажап ұғым, бұл кішкене ғана сөз тіркесі - Наурызды мемлекеттің ең басты мейрамы дегенді білдіреді. Қазақ халқының осындай керемет сөздерді сақтап қалғанына таң қаламын”.

1.2k

Ұқсас жаңалық

Редакциямен байланыс

Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе

info@turkistan.today

Әлеуметтік желілер
Біз туралы

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024

Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.

Яндекс.Метрика newsroom.kz

© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.