Түркістан: ашық әкімдікте көтерілген мәселелер шешімін тапты

Түркістан: ашық әкімдікте көтерілген мәселелер шешімін тапты
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев «Ашық әкімдік» кеңсесінде азаматтардың арыз-өтініштері бойынша кезекті онлайн-офлайн қоғамдық қабылдауын өткізді, деп хабарлайды Turkistan Today.
Оған жалпы 10 адам жазылса, оның 8-і қатысып талап-тілектерін жеткізді. Сондай-ақ қабылдау барысы облыс әкімдігінің Бірыңғай байланыс орталығының әлеуметтік желідегі тікелей эфирінде көрсетіліп, азаматтарға онлайн форматта сауалдарына жауап алуға мүмкіндік жасалды.

Қабылдауға Сарыағаш, Бәйдібек пен Созақ аудандары, Түркістан, Шымкент және Алматы қалаларынан азаматтар арнайы келіп білім, спорт, мәдениет саласы мен өзге де тақырыптарға байланысты мәселелерді көтерді.
Оның ішінде мектеп салу, театр ашу, спорттық турнирлер ұйымдастыру, абаттандыру және туризмді дамыту бағыттарының маңыздылығы сөз болып, ұсыныстар талқыланды.
Солардың бірі Түркістан қаласында грэплингтен халықаралық жарыс өткізу бойынша ұсынысқа Б.Тәжібаев облыс әкімдігі тарапынан ұйымдастыру шараларына қолдау көрсетілетінін айтты. Қуыршақ театрын ашу жөніндегі сұраныс алдағы уақытта қаралатыны мәлімделді.
Дегенмен өтініш иесіне «ArtSport» бағдарламасына қатысу ұсынылып, тегін үйірмелер арқылы театралды қуыршақтарды жасау өнерін балаларға үйрету және тәжірибе алмасуға шақырылды. Сонымен қатар жеке өтініштер де назарға алынып, зерделенген соң нақты жауабы жолданатыны хабарланды.

Бәйдібек ауданындағы «О.Тайманов» өнер мектебі мен «Шаян жеті жылдық балалар саз мектебінің» қосылуына қарсылық білдіре келген тұрғындардың өтініші қаралды. Екі өнер мектебін қосқанда жалпы 570-ке жуық бала тәлім алады. Басшылар екі мекемені біріктіру немесе қосымша ғимарат салу тұрғысынан заңдылығы мен құжаттары қайта қаралатынына уәде етті. Қабылдау жиынында еңбек мәселесі де қозғалды. Негізсіз жұмыстан босату және заңсыз жалақы төлеу туралы да шағымдарға жауап беріледі.
– Қабылдауға түрлі мәселелер қаралды. Бір азаматымыз жергілікті мектепте 4 жылға жуық уақыт директор тағайындалмағанын айтып шағымданды. Бұл өте орынсыз жағдай деп санаймын. Себебі мектепте басшы болмауы жұмыс жүрмейді дегенмен тең. 2-3 жылдан мектептерге тағайындалмау оқу процесіне кері зиянын тигізеді. Ол жерде дұрыс ұйымдастырушылық болмайды. Бірнеше азамат заңсыздықтар белең алғанын, қадағалау мен жауапкершілік жоқ екенін айтып арнайы келіп отыр. Осы сынды мәселелерді саралап, анықтаймыз, – деді Бейсен Дәулетұлы.
Осылайша түйткілдер «Ашық әкімдікте» ашық айтылып, біршамасы қабылдау барысында шешімін тапты. Б.Тәжібаев жауапты басқармаларға тапсырмалар жүктеп, тұрғындардың мәселелері бақылауда болатынын атап өтті. Мұндай қоғамдық қабылдаулар жалғасын табады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Сіздің реакцияңыз қандай?

like
0
dislike
0
love
0
funny
0
angry
0
sad
0
wow
0