Бұл туралы Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай және «Ауыл кітапханаларына 20 мың кітап» акциясы аясында ұйымдастырылған «Бес жылдыққа - бес әдеби сапар» жобасының қорытындысы бойынша өткен брифингте мәлім болды, деп хабарлайды Turkistan Today.
Облыс әкімдігінің қолдауымен және облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен қолға алынған рухани-мәдени шара сәуір айында бастау алған болатын.
Брифинг барысында Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары м.а. Мұқағали Кенжетайұлы әдеби сапардың маңыздылығына тоқталды.
«Әдеби сапар аясында Түркістан облысының руханият, әдебиет және мәдениет саласындағы маңызды жаңалықтармен бөлісу және өңір тарихымен өзге облыс тұрғындарын жете таныстыру басты назарда болды. Алғашқы сапарымыз Жамбыл облысы Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасынан бастау алып, Алматы, Астана, Қызылорда және Шымкент қалаларында жоғары деңгейдегі қаламгерлер кездесуімен жалғасты. Түркістан облысынан сапарға арнайы ақын-жазушылар, қаламгерлер мен журналистер және кітапханашылардан құралған делегация мүшелері барды. Әзірге сапар бес өңірде өтті, алдағы уақытта басқа аймақтарда да жалғастыру жоспарда бар», - деді Мұқағали Кенжетайұлы.
Облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Жанат Шардарбекованың мәлімдеуінше, «Бес жылдыққа - бес әдеби сапар» жобасы аясында 19 мың кітап тарту етілген. Ал «Ауыл кітапханаларына 20 мың кітап» және «Кітап Travel - 2023» акцияларын қосқанда жалпы 26 мың кітап жиналып үлгерген. Түпкі идеясы кітап оқуға бағытталған акциялар жыл соңына дейін жалғасады.
«Осы жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл жұртына ерекше көңіл бөлу керектігін атап өтті. Бұл орайда, Түркістан облысының 80 пайызы - ауыл тұрғындары. Жыл басында облыс әкімінің орынбасары Бейсен Дәулетұлы ауыл тұрғындарына көңіл бөлу мақсатында 20 мың кітап сыйға тарту туралы бастама көтерген болатын. Әдеби сапар аясында жас ұрпақтың келешегін ойлаған азаматтар өздерінің оқыған кітаптарын басқалардың оқуы үшін бізге арнайы келіп тарту етіп, өз үлестерін қосты. Жоба шеңберінде Жамбыл облысы – 1000 кітап, Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық кітапханасы – 7000, Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы – 4000, Қызылорда облыстық кітапханасы – 4000, Шымкент қалалық Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасы – 2000 кітап сыйға тартты. Сонымен қатар, Алматыдағы «Ғылым ордасына» қарасты ғылыми-зерттеу институттары 4000 кітап тарту етті», - деді Жанат Сәдібекқызы.
Бұдан бөлек, «Кітап Travel - 2023» акциясы аясында өңірдегі оқырмандар мен қаламгерлер тарапынан 4000 кітап жиналды. Жоспарға сәйкес, барлық кітаптар өңірдегі 17 аудан-қалаға оқу үшін бөліп беріледі.
Брифингте Қазақстан Жазушылар одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, ақын Айдар Сейдәзім әдеби сапардың алдағы уақытта еліміздің батыс өңірлерінде жалғасуы үшін ұсыныс жасалғанын айтып өтті.
Еске сала кетсек, Түркістандағы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы елімізде теңдесі жоқ, көпфункционалды кітапхана болып саналады. 480 мың кітап сақтауға арналған қор сақтау бөлімінде қазіргі таңда 256 мыңға жуық кітап бар.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.