Бүгін Түркістан облысына Солтүстік пен Шығыс өңірлерінен 80-ге жуық адамнан құралған делегация арнайы келді. Олар 3 күн бойы Түркістан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізілетін «Қоныс аудару» жәрмеңкелеріне қатысып, түркістандықтарға ішкі көші-қон процесін түсіндіреді. Делегацияның сапары Мақтаарал ауданында басталды. Жәрмеңке 20 сәуір күні Сайрам ауданында жалғасса, 21-не Түркістан қаласында қорытындыланады, деп хабарлайды Turkistan Today.
Аталған жәрмеңкеге 4 өңір бойынша барлығы 3934 бос жұмыс орны ұсынылды. Делегация өкілдерінің айтуынша, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстарында медицина, білім, көлік, өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы салалары және өзге де бағыттар бойынша мамандар тапшы.
Мырзакент кентінде өткен «Қоныс аудару» жәрмеңкесіне жалпы 500-ге жуық азамат келді. Оларға аталған 4 өңірдің топ құрамындағы жұмыспен қамту орталықтары өкілдері, ауыл округі әкімдері мен жұмыс берушілері кеңес беріп, қоныс аударуға ниетті азаматтарды толыққанды мәліметтермен таныстырды.
Түркістан облысының тұрғындарына ұсынылған салалар бойынша Солтүстік аймақтарда тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік көп екендігі айтылды. Қоныс аударғандар жұмыспен қамтылуымен қатар, ауыл шаруашылығы және егін шаруашылығымен айналысу үшін жер алып өз істерін аша алады.
Мұнан бөлек, азаматтардың әлеуметтік тұрмыс жағдайына да ерекше мән беріліп, түрлі қолдаулар жасалады. Мәселен, қоныс аударуға отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК яғни 241 500 теңге мөлшерінде материалдық көмек беріледі. Тұрғын үйді жалға алу мен коммуналдық қызметтер ақы төлеу жөнінен шығыстарды өтеу бойынша ауылдық және қалалық жерлерге қоныстануына қарай көмек көрсетіледі.
Еске салсақ, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасы аясында 2015 жылдан бері еңбек күші артық Түркістан облысынан жұмыс күші жетіспейтін Солтүстік аймақтарға халықты қоныстандыру жұмыстары жүргізіліп келеді.
Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның мәлімдеуінше, 2015-2022 жылдары аралығында 11 892 адам көшкен. Былтыр республика бойынша 6587 квота бөлінген. Квотаның 32,3%-ы Түркістан облысында игеріліп, 2021 адам қоныс аударып, теріскейлік атанған. Ал биылғы 2 айда 34 отбасы қоныс аударған. Бұл бағытта түсіндіру, үгіт-насихат жұмыстары жалғасып жатыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі