Түркістан: міндетін дұрыс атқара алмайтындарға шара қолданылады

Түркістан: міндетін дұрыс атқара алмайтындарға шара қолданылады
Отырар ауданында туризм, ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығын дамытуға мүмкіндік мол. Инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу жөнінде де жұмысты күшейту керек. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын талқылау жөніндегі көшпелі мәжілісте Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды барлық сала бойынша атқарылған жұмыстар мен кемшіліктерді саралады. Аудан әкімі мен жауапты басшыларға селқостықтан арылып, белсенді жұмыс істеуді тапсырды, деп хабарлайды Turkistan Today.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерді дамыту жөніндегі кеңесте маңызды міндеттер жүктеді. Жергілікті әкімдерге жаңа талаптар қойылып отыр. Тұрғындардың мәселелерін созбалаңға салмай шешіп, елмен тікелей байланыста жұмыс істеуі керек. Ауданда экономикалық, әлеуметтік салалар, сондай-ақ, инфрақұрылым мен елді мекендерді абаттандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы төмен деңгейде. Бұл – тек аудан әкімі емес, оның орынбасарларына, аппарат басшысына, бөлім басшыларына да қатысты. Өз саласы бойынша жиі кемшілік жіберген, міндетін дұрыс атқара алмайтын басшыларға қатысты шара қолданылады. Ауданда басты бағыттарды белгілеп, даму жоспарын әзірлеу қажет. Табиғи газбен, электрмен жабдықтау, ауыз су жүйелерімен қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар қабылдау шарт. Аудандағы көпқабатты үйлердің тұрғындары тұрмыстық қалдықтар, қоқыстар мерзімінде тазаланбайды деп наразылық білдіруде. Елді мекендерді абаттандыру үшін тиісті шараларды қабылдауды, ішкі, сыртқы көшелердің келбеттерін 1-ші маусымға дейін ретке келтіруді тапсырамын, – деген Дархан Сатыбалды әлеуметтік сала, денсаулық, білім салаларындағы мәселелерге де тоқталды.
Аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов ауданды дамыту бағытындағы жұмыстарды баяндады. Экономикалық көрсеткіштерге тоқталды. Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов зерделеу жұмыстары нәтижесін жариялады. Ондағы деректер бойынша аудандағы проблемалар ашық айтылып, талқыға түсті.

2021 жылмен салыстырғанда былтыр жергілікті бюджеттің кірістер бөлігіне 1 млн. 660 мың теңгеге кем түсім түскен. Ет өндірісі 2,4 пайызға, жұмыртқа өндірісі 19,4 пайызға, ешкі басы 10,2 пайызға, құс саны 6,3 пайызға кеміген.
Отырар ауданының білім саласында педагогтардың жұмысқа конкурссыз қабылдаудың 4 фактісі, 6 білім ұясының мемлекеттік білім беру талаптарына сай келмеуі деректері анықталған. Қазіргі уақытта мектептердегі конкурссыз жұмысқа қабылданған қызметкерлердің құжаттары заңға сәйкестендірілген. Жауаптыларға жасөспірімдердің қауіпсіздігін сақтау, қылмыстардың алдын алу жөнінде тапсырма берілді.
Отырар ауданында 2 дәрігерлік амбулатория, 1 фельдшерлік-акушерлік пунктер санитариялық-техникалық талаптарға сәйкес келмейді. Аудан бойынша 5 елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілмеген. Оның ішінде, Ызакөл, Жанкел, Бестам елді мекендеріне 2023 жылы ауыз сумен қамтамасыз етуге қаржы қаралып отыр.
Мәжілісте осы және өзге мәселелер талқыланып, шешу жолдары қаралды. Тапсырмаларды сапалы атқаруға уақыт берілді.

                            
                            <!--Optional Url Button -->
                            
                                                    </div>


                        <div class=

Сіздің реакцияңыз қандай?

like
0
dislike
0
love
0
funny
0
angry
0
sad
0
wow
0