Түркістан облысында экотуристік фестиваль өтті

ашық дереккөз
ашық дереккөз
Түркістан 26 шілде, 2023

Түркістан облысында экотуристер саны екі есеге артып отыр. Өткен жыл бойында өңірдегі тауларға 75 мың адам саяхаттаса, биылғы алты айдың өзінде олардың саны 80 мыңға жетіп отыр. Жыл соңына дейін 100 мыңнан асады деген болжам бар.

Түркістан облысының туризмін дамыту шаралары 3 бағытта жүргізіледі. Олар: тарихи-танымдық, емдік-сауықтыру және экологиялық туризм кластері. Өңірдің таулы аймақта орналасуы туризмнің әлеуетін арттыруға екпін береді. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды туристік әлеуетті арттыру бойынша нақты тапсырмалар жүктеген болатын, деп хабарлайды Turkistan Today.

Осыған орай, Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет және туризм басқармасына қарасты «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы және «Miras Legion» туристік-спорттық фирмасының ұйымдастыруымен Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде «Түркістан таулары» белсенді экотуристік фестивалі өтті.

Тау фестивалін өткізудегі мақсат – ерекше қорғалатын аумақтар мен Түркістан облысының тауларында белсенді экотуризмді дамыту, өңірдің табиғатын насихаттау, экологиялық сауаттылық пен саяхаттау мәдениетін көтеру, адамдарды қауіпсіздік ережелерін сақтауға және қоршаған ортаны қорғауға шақыру және жаңа орта қалыптастыру.

22-23 шілде күндеріне жоспарланған ауқымды шараға 200-дей адам қатысуда. Алдын ала жарияланған хабарландыруда көрсетілген шарттарды толық орындаған үміткерлер арнайы бағдарлама арқылы іріктеліп алынды.

Фестивальге қатысуға жалпы 2000-нан астам өтінім келіп түскен. Басым бөлігі Түркістан облысынан және Шымкент қаласынан болғанымен, еліміздің өзге де аймақтарынан белсенділік жоғары болды. Жас ерекшелігі: 18-60 аралығы.

Фестивальдің ашылу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев қатысып, фестивальдің маңыздылығына тоқталды. Фестиваль аясында облыстың құрылғанына 5 жыл толуына орай альпинистер таудың шыңын бағындырып, тақтайша орнатуды мақсат етіп отыр. Бұл бастама Түркістан жұртшылығы үшін ерекше оқиға болары сөзсіз.

— Түркістан облысы туристік әлеуетке басымдық беретін бірден-бір өңір. Өңірге былтыр 470 мың, ал биыл 6 айда 123 мың турист келген. Облыс аумағында 4 ерекше қорғалатыр табиғи нысан орналасқан. Олар: «Ақсу-Жабағылы» және «Қаратау» қорықтары, сондай-ақ «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі және «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркі. Экологиялық туризмді дамыту мақсатында инфрақұрылымдарды жаңарту, жөндеу және саяхатшыларға арналған қонақжайлар салу үшін қажетті жерлерді бөлу жұмыстарын белсенді түрде жүргізудеміз. Бұл өз кезегінде экотуристерді еселеп арттырады. Жуырда туризм саласының өкілдерімен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдадық. Онда көтерілген мәселелер сарапталды. Осылайша, өңірдің туризм саласын жан-жақты дамыту міндетін бірлесіп орындаймыз, - деді Бейсен Дәулетұлы.

Қатысушылар арасында мобилография бойынша байқау ұйымдастырылды. Нәтижесі 28 шілде анықталып, жеңімпаздар Түркістан қаласында арнайы сыйлықтармен марапатталады.

Бағдарлама бойынша облыстық ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Талғат Досалиев, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, экологиялық ағарту және туризм бөлімінің бастығы Қалжігіт Қалыбаев тау туризмінің негіздері және қауіпсіздік ережелері туралы, ал алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша «Қызыл ай» қоғамының өкілдері шеберлік дәрістерін жүргізді.

Екі күнге жалғасқан бағдарламаның бірінші күнінде қатысушылар «Тимбилдинг», «Шатырды құру» , «Таланттар шоуы» секілді командалық және шығармашылық ойындар мен сайыстарда бақ сынаса, гір көтеру, волейбол, бадминтон, фрисби спорттық жарыстарда бәсекеге түсті. Жылдамдығы және шапшаңдығымен үздік атанғандар Түркістан облысы әкімдігінің алғыс хаты және жүлделерімен марапаталды.

Кешкі бағдарламада жастар арасында танымал ойындардан ойнатылды. Әрі қарай гитарамен ән айту, би кеші және ашық аспан астында кино көрумен жалғасты. Екінші күні маршрут бойынша «Буревестник» алаңына жаяу экскурсиясы жүргізіліп, тауға көтерілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, тау-тасы және өзен-көлімен талайды тамсандырған, Түркістан өңірінің табиғатын насихаттайтын мұндай фестивальдер жалғасын табады.

1.1k

Ұқсас жаңалық

Редакциямен байланыс

Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе

info@turkistan.today

Әлеуметтік желілер
Біз туралы

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024

Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.

Яндекс.Метрика newsroom.kz

© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.