Ресейдегі жылыжай саласындағы көшбасы компания «ЭКО-культура» агроөнеркәсіптік холдингі Түркістан облысында 500 гектардан асатын жылыжай кешендерін салады. Биыл құрылысы басталатын жылыжайда 51 га гектар жерге қызанақ егіледі. Бүгін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды инвесторлармен кездесіп, маңызды жобаны талқылады. Ауқымды құрылыс жұмыстары жоспар бойынша наурыз айында басталып, бір жылдан соң іске қосылады. Облыс әкімі аталған жобаның маңыздылығын атап өтті. Жылыжай мега-кешенінің жобасы серіктес «ЭКО-культура» агроөнеркәсіптік холдингінің қазақстандық «Green Land Alatau» компаниясының көмегі арқылы жүзеге асырылады, деп хабарлайды Turkistan Today.
Жоба аясында инфрақұрылым жүргізу жұмыстары жүріп жатыр. Келес ауданында жүзеге асатын инвестициялық жоба 1 мыңға жуық адамға жұмыс орнын құруды көздейді. Сонымен қатар инвесторлар агросала мамандарын дайындайтын ресейлік жоғары оқу орындарымен бірлесіп, ауыл шаруашылығы саласындағы білікті мамандарды дайындауды қолға алмақ.
«ЭКО-культура» агроөнеркәсіптік холдингі қызметінің негізгі түрі – өндірістік циклі жыл бойы жалғасатын жабық топырақта көкөніс өсіру. АӨХ құрамына Ресейдің бірнеше облысындағы жұмыс істеп тұрған жылыжай кешендері кіреді. Инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін климаттық жағдайы қолайлы саналатын оңтүстік өңірі арнайы таңдалған. Жобаны қаржыландыруды жеке қаржыландырудан бөлек банк арқылы жүзеге асыру жоспарлануда.
– Бұл өңірімізде жүзеге асатын маңызды жобалардың бірі болмақ. Ауыл шаруашылығы саласында мамандардың біліктілігін арттыру да өте маңызды мәселе. Жоба аясында жерлестеріміз үшін жұмыс орындары ашылады. Оған біз қуанамыз. Ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс әрқашан жоғары. Агроөнеркәсіп кешенін одан әрі дамыту әлеуеті зор маңызды сала. Осындай ірі жобаны жүзеге асыру біз үшін маңызды, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар инженерлік инфрақұрылымды жүргізу, инвестициялық субсидиялар және жобаны қаржыландыруға қатысты мәселелерді мұқият пысықтауға келісті. Заманауи жылыжай кешендері өсіп жатқан дақылдардың толық циклін бақылайтын, жылыту жүйесі мен салқындатуды, жарық режимін, тамшылатып суаруды, атмосферадағы көмірқышқыл газының мөлшерін басқаратын заманауи автоматтандырылған климаттық бақылау жүйесімен жабдықталатын болады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.