Түркістан облысында наурыз мейрамы сенбіліктен басталды

Түркістан облысында наурыз мейрамы сенбіліктен басталды
Ұлыстың Ұлы күні — Наурыз мейрамы Түркістан облысында 10 күн бойы 10 түрлі атаумен атап өтіледі. 11 наурыздан басталатын мерекелік іс-шаралар 23 наурызға дейін жалғасады, деп хабарлайды Turkistan Today.

Бүгін онкүндіктің алғашқы шарасы «Наурыз — тазалықтың айнасы» атауымен сенбіліктен бастау алды. Өңірдегі 17 аудан, қалада тұтастай сенбіліктер өткізілуде. Түркістан қаласында өткен сенбіліктерді Түркістан облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды басқару басқармасы, өңірлік «Жастар ресурстық орталығы» КММ-і және қалалық әкімдіктің бастамасымен «Әр отбасыдан — бір ағаш» отырғызуы акциясы аясында ұйымдастырылды.
Аталған сенбілікке Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев қатысып, жастармен бірге ағаш отырғызу рәсімін жүргізді.

— Биылғы Наурызды облыс көлемінде 10 күн атап өту жоспарланып отыр. Бұл бастамаға облыс басшысы Дархан Амангелдіұлы қолдау білдіріп, бағыт-бағдар берді. Мұндағы мақсатымыз - мейрамды бірнеше күн абыр-сабырмен емес, Наурыздың әрбір күні мен сәтіне мән беріп, қоғамдық тұрғыдан бірігуге бағыттау. «Наурыз» мейрамының өзі тазару мен жаңарудан басталады. Сондай-ақ көктемдік тіршіліктің бастауы болған мейрам татулық, достық, бірлік, қайырымдылық пен мейірімділік сияқты жақсы қасиеттерімен ұштасады. Сол атаулы күндерге орай, алдымен табиғат ананы, айналамызды көгалдандыру, таза ұстау адамзаттың парызы екенін ұғындырғымыз келді. Осы сенбіліктердің аясында 1 миллионға жуық түп ағашын отырғызу жоспарлануда. Егу жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде, — деген Бейсен Дәулетұлы жастарды экологиялық мәдениет қалыптастыруға және қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға шақырды.

Облыс орталығындағы барлық басқармалар мен департаменттің қызметкерлері және облыстағы қала, аудан тұрғындары өздерінің аумақтарында тазалық жұмыстарына атсалысуда. Мемлекеттік қызметкерлер күл-қоқыстан тазалап, ағаш түптерін әктеп, абаттандыру жұмыстарына қатысты. Айта кетейік, облыс орталығы Түркістанда ақпан айынан бері қала көшелеріне 18 түрлі жалпы саны 53094 ағаш көшеттері отырғызылды. Бүгінгі сенбіліктк 1523 шұңқыр қазылып ағаш көшеттері отырғызылды. Қалған көшелерде әктеу, қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізіледі.

Еске салсақ, іс-шаралар 13 наурыз күні «Наурыз — жақсылықтың жаршысы» облыстық челленджімен жалғасады. Челленж Түркістан қаласы Ясауи кесенесінің алдынан басталып, белгілі қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, атақты спортшылар, өнер адамдары, этнос өкілдері және жастардың қатысуымен «Түркістаннан Отырарға» деген ұранмен басталады. Ары қарай белгіленген кестеге сай әр аудан, қала бір-біріне құттықтау челенжін жолдап, әр жарты сағат сайын әлеуметтік желілерде жарияланады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Сіздің реакцияңыз қандай?

like
0
dislike
0
love
0
funny
0
angry
0
sad
0
wow
0