Түркістан облысында сексеуіл орман алқабы ұлғайып келеді. Тұқымы күзде себілетін дала өсімдігін егу желтоқсанның ортасына дейін тоқтамайды.
Түркістан қаласында экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында ҚР Президентінің тапсырмасына және облыс әкімінің бастамасына сәйкес, 2019 жылдан Түркістан қаласының айналасында «Жасыл белдеу» құру жұмыстары басталған болатын, деп хабарлайды Turkistan Today.
–Жоспар бойынша 7700 гектар жерге «Жасыл белдеу» құру жұмыстары жоспарланған болса, қазіргі таңда оның аумағы 14000 гектарға жетіп жығылады. Климаты желді-құрғақ Түркістан қаласының экологиялық ахуалын жақсартудың маңызы зор. Осыған байланысты Түркістан облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының «Жасыл аймақ» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің атқарып отырған жұмыстарының ауқымы мен ауыртпашылығы өте үлкен, – деді «Жасыл аймақ» КММ-нің аға ғылыми қызметкері Төлеби Мұхтарұлы.
«Жасыл белдеу» құру үшін негізінен жергілікті жерге бейімделген, бұрыннан өсіп тұрған ағаш-бұта түрлері таңдап алынған. Атап айтқанда, қарағаш, шаған, үйеңкі, талшын, айлант, арша, туя, жалпы саны 20-дан астам ағаш-бұта түрлерін егу және себу жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылып жатыр. Соның ішінде Түркістан қаласының айналасындағы құмды учаскелерге қара сексеуіл көшеттерін егу және тұқымын себу жұмыстары алғаш рет тәжірибе ретінде жасалды. Қаланың экологиялық ахуалын жақсарту үшін сексеуіл егу үлкен тәуекел болатын. Бүгінде қажырлы еңбек пен көпжылдық тәжірибенің нәтижесінде көшетпен егілген және тұқыммен себілген сексеуілдің жас өскіндерінің өсу процессі көз қуантып отыр.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әзірленген «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында «Жасыл аймақ» мемлекеттік мекемесіне қарасты орман тұқымбағында 350 мың дана сексеуіл көшеті тұқымнан өсірілуде.
– Сексеуіл Орта Азияның шөлдi, құмды, сортаң жерлерiнде көп кездеседi. Сондай-ақ тақыр жерлерде де өсуге бейiм. Оның үстiне сексеуiлдi аймақтар мал жайылымына қажеттi шөптердiң өсуiне пайдасын көп тигiзедi. 1 түп ересек сексеуіл 4 тонна құм көшуін тоқтататынын ескерсек, әрбір түп сексеуілдің орны ерекше. Республикамыздың кейбір аумақтарында құм тоқтату үшін арнайы жолақты сексеуіл ормандары бар. Әрбір егілген ағаш-бұта түрлері ерекше күтіп-баптау жұмыстарын қажет ететіні белгілі. Отырғызылған жасыл желектің өсіп, саялы саябақ болуы уақыттың еншісінде. Қазіргі таңда қала айналасында құрылған жасыл белдеу уақыт өткен сайын жайқала көктеп, қасиетті қаланың сәніне айналатынына сенеміз, – деді Т. Мұхтарұлы.
Жалпы, 2021-2025 жылдары мемлекеттік орман қоры аумағында 2 миллардтан астам ағаш отырғызу көзделуде. Былтыр 820 га жерге 2,4 млн. 2022 жылдың соңына дейін 300 га жерге 882 мың сексеуіл көшетін отырғызу жоспарланған. Аталған жұмыс аяқталуға жақын. 2023 жылы 400 га жерге жапырақты ағаш, 600 га жерге сексеуіл көшетін, 2024 жылы 800 га жерге жапырақты ағаш, 1000 га жерге сексеуіл көшеттерін отырғызу жоспарда тұр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.