9 сәуірде Түркістан облысының Ордабасы ауданы Төрткүл ауылында 9-сынып оқушысының қыздың мәйіті табылған еді. Кейіннен өлтірді деген күдікпен 11-сынып оқушысы ұсталды. Марқұм Аружан Орынбайды 19 жасар ауылдасы 1 миллион теңге бермесе, жалаңаш фотосын әлеуметтік желіге жариялайтынын айтып қорқытқан, деп хабарлайды Turkistan Today Еуразия 1 арнасының жаңалықтарына сілтеме жасап.
Қомақты соманы таба алмаған 15 жасар қызды бірнеше рет пышақтап, денесін суға ағызып жіберген. Аружанның үйден соңғы мәрте шыққаны көрші үйдің қорасына қойылған бейнекамераға түсіп қалған. Түнгі сағат 12 шамасында әлдекіммен телефонмен сөйлесіп елеңдеген қыз арықты бойлап жүреді. Ал ертесіне 15 жасар қыздың денесі бұл жерден бірер шақырым жердегі арықтың ішінен табылған.
Әжесі оның кісі қолынан өлгеніне сенімді. Себебі, үйдің іргесіндегі арықтың маңы әбден қанға малынған. Өзіне қол салғандай қылған қаскөйлер қылмысын жасыру үшін жарақат алған қызды суға тастаған дейді.
«Соңғы мәрте, алтысында менен ақша сұрады, қызым. Сосын мен айттым, “әкеңнен сұрашы” деген едім, “мама, сіздер ондай ақшаны тауып бере алмайсыздар” деді. Сөйтіп, менің қызымның әдеті бар, күліп ойнайтын да, сосын, “неғыласың ол ақшаны” деп, қайта-қайта сұрап едім, “мама, мен шетелге кетем” деді. Міне, шетелге кетті ғой. Осы екі бала бопсалаған. “Ақша бермесең, масқараңды шығарам, сенің суретіңді шығарам” деген»,- дейді марқұмның анасы Динара Зілғараева.
Марқұм болған Аружан мен 11 сыныптағы күдікті туралы мектептегілер тек қана жақсы жағынан білетінбіз дейді. “Екеуінің өзара қарым-қатынасы туралы енді естіп отырмыз” деген мұғалімдер күдіктінің момын екенін айтады.
«Ешқандай аутодиструктивті мінезқұлық ол баланың бойынан табылмаған. Сауалнама нәтижесінде, ол өзі сәл қорқақтау бала, сондай қаттырақ сөйлесең, жылап қалатын, сондай бала, одан бір қылмыс шығады деп біз мүлдем ойламадық»,- дейді Төрткүл орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қанат Коспанов.
Күдіктілерді қамауға алған полицейлер кісі өлтіру дерегімен іс қозғап, сараптама тағайындады. Бірақ бірі жергілікті бай-бағланның баласы, екіншісі бұрынғы ауыл әкімінің ұлы деген туыстары іс жылы жабыла ма деп қорқады. Сондықтан істі облыс прокуратурасы бақылауға алса дейді.
Қазіргі таңда жасөспірім қызды өлтірді деген күдіктілер полиция бөліміне жеткізіліп, қамауға алынды. Аталған жайтқа байланысты ҚР ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігі "Адам өлтіру" бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Тергеу ісі Түркістан облысы Полиция департаменті басшылығының жеке бақылауында.
Астана, Ш.Қалдаяков көш, 23/1, 26 кеңсе
info@turkistan.today
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 22.08.2018 жылдан №17251 «Turkistan Today» АА Куәлігі берілген. © 2018-2024
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.
© Turkistan Today. Барлық құқық қорғалған.